Зейнетақы туралы қазірден ойлағаныМыз жөн

Халықты зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері ешқашан өзінің өзектілігін жойған емес. Зейнетақы жүйесінің мүмкіндіктерін білу, зейнетақы салымын дұрыс жоспарлау зейнетке шыққанда жақсы өмір сүруді қамтамасыз етеді. Бұл сөзіміз зейнет жасына жақын қалған адамдарға ғана емес, сонымен қатар, өзінің еңбек жолын жаңа бастаған жастарға да қатысты.

Қазіргі таңда Қазақстан азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету ынтымақтастық пен жинақтау жүйесінің тетіктері бір арнаға тоғыстырылған үш деңгей бойынша жүзеге асырылады.  
Бірінші деңгейі – бұл ынтымақты зейнетақы жүйесі. Онда зейнетақы төлемдері жұмыс істейтін азаматтардың салықтары есебінен және басқа да тәсілдер арқылы мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылады. Бұл зейнетақы барлық зейнеткерлерге төленетін базалық және зейнетке шыққан шағында еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін  алты айдан кем емес болған жағдайда жүзеге асырылады. Сөйтіп, еңбек өтіліне байланысты екі құрамдауыштан жинақталады.
Екінші деңгей – міндетті зейнетақы жинақтаушы жүйесі. Мұнда Қазақстанның азаматтары, Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан  шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар өздерінің ай сайынғы табыстарының 10 пайыздық мөлшерін міндетті зейнетақы жарнасына бөледі. Сонымен қатар, жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлер табысынан есептелетін 5 пайыз мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап, жұмыс берушілердің азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету міндетін арттыру мақсатында зейнетақы жүйесінің жаңа құрамы енгізіледі. Осылайша, жұмыс беруші қосымша бес пайыздық міндетті зейнетақы жарнасын өз есебінен жұмысшылардың шартты зейнетақы шотына төлейтін болады.  
Үшінші деңгей – ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе. Ерікті зейнетақы жарнасының мөлшері, олардың төлеу тәртібі мен келесі төлемі зейнетақымен қамтамасыз ету туралы екі жақты келісім бойынша ерікті зейнетақы жарнасы есебінен анықталады. Жүйенің бұл сегменті әзірге онша дамымай отыр. Жиі салынатын ең төменгі ерікті жарналардың өзі зейнетақы жинағын айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік береді. Мәселен, еnpf.kz сайтына кіру арқылы «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде және тиісті жолға өзіңіздің ай сайынғы пайыздық мөлшеріңізді немесе басқа цифрларды енгізу арқылы сіз зейнетақы төлемінің мөлшері қалай өзгеріп отыратындығын біле аласыз. Болашақта зейнетақы кем дегенде үш құрамнан, яғни, мемлекет төлемдерінен, зейнетақы жинақтаушы қорының салымшыларының жеке шотынан және жұмыс берушінің төлемдерінен жинақталатын болады. Мемлекет зейнетақының базалық деңгейін және жинақтаушы зейнетақының сақталуына кепілдікті қамтамасыз ете отырып, өз жауапкершілігінен бас тартпайды. 2018 жылдан бастап, базалық деңгей бойынша азаматтар еңбек өтіліне және зейнетақы жинақтаушы жүйесіне қатысқан уақытына байланысты көбейіп отырады. Сонымен қатар, азамат та, оның жұмыс берушісі де уақытында және толық зейнетақы жарналарын төлеп тұруға жауапты болады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыстағы зейнетақы жинақтаушы жүйесінде өзгертулер болады. Шартты жинақтаушы құрам немесе жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі.  Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорында әр жұмысшыға шартты зейнетақы шоттары ашылады. Оған жұмыс беруші өз қаражатынан жұмысшының шотына міндетті зейнетақы жарналарын айлық еңбекақысының 5 па-йызы мөлшерінде салып отырады. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын төлеп тұрудың басты артықшылығы, егер жұмысшыға жұмыс беруші осы жарналарды уақытында төлеп тұрған болса, зейнеткер бұл құрамнан зейнетақыны өмір бойы алып тұрады, тіпті, оның  шартты зейнетақы шотындағы қаражаты таусылса да, зейнетақы жүре береді. Алайда, бұл жерде тағы бір жайды ескерген жөн, жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарнасын 60 күнтізбелік айдан кем емес уақытта төлеп, ол шотта жинақталған болуы тиіс.  
Салымшылардың жеке зейнетақы жүйесіне салған таза инвестициялық түсімі ағымдағы жылдың тоғыз айы бо-йынша 432,57 миллиард теңгені құрады. Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының  зейнетақы активтері бойынша пайда 9 айдың қорытындысында 7,3 пайыз болды. Бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 5,6 пайыз көлемінде. Ақмола облысы бо-йынша анықталған мәліметтерге жүгінетін болсақ, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны келісім-шарттардың барлық түрі бойынша ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін 374 586 бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары 357 669 болса, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары – 15884 бірлік және ерікті зейнетақы жарналары – 1033 бірлікті құрады. Жалпы, зейнетақы жинағы облыс бойынша 200 844 541 мың теңгені құрап отыр.
Облыста 17 аудан мен 1 облыстық маңыздағы қала бар. Ақмола облыстық  филиалы 11 ауданға қызмет көрсетсе, қалған жетеуіне Астана қаласының филиалы қызмет көрсетеді.
Бүгінде әрбір азамат өзінің жинаған зейнетақы жинағы туралы мәліметтерді кез- келген жағдайда ала алады. Тек салымшы мен оны алушы өзіне ыңғайлы түрін таңдап алғаны дұрыс. Біріншіден, салымшылар тікелей бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесіне барып, өтініш білдіре алады. Қазақстан бойынша бүгінде 232 БЖЗҚ-ның кеңселері бар. Екіншіден, үйде отырып-ақ, электрондық пошта арқылы білуіне болады. Салымшының зейнетақы жинағы туралы ақпарат оның жеке зейнетақы шотын ашу туралы немесе ақпараттандыру тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қойған кездегі өтінішінде көрсетілген электрондық поштасына жіберіледі. Сонымен қатар, интернет-ресурстары арқылы, яғни, www.еnpf.kz сайтына  кіріп, «Интернет көшірме» бөлімінен ақпарат алуға болады. Ол үшін салымшының логині мен поролі және электронды сандық қолтаңбасы болуы тиіс. Бұл орайда, Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелеріне қосылған смартфондар мен планшеттер үшін БЖЗҚ мамандары әзірлеп шығарған ENPF мобильдік қосымшасын пайдалануға болады. Сондай-ақ, egov.kz. электронды үкімет порталы арқылы да жүзеге асырылады. Бұл қызметті алу үшін www.egov.kz   порталының «Азаматтар»  санатындағы «Әлеуметтік қамту» айдарында орын алған «Зейнетақымен қамсыздандыру» бөлімшесіне кіріп, осы қызметке қол жеткізе аласыздар.  Қызметті алу үшін азаматтардың электронды сандық қолтаңбасы және электрондық үкімет порталында тіркелген болуы керек.  Сонымен бірге, қажетті ақпаратты зейнетақымен қамту келісім-шартында немесе өтініште көрсетілген мекен-жайға пошта байланысы арқылы сұратуға болады.  
Жастар жұмысқа енді орналасып жатқан кезде зейнетақы жайында көп ойлай бермейді. Күнделікті жұмысын істеп, ай сайынғы еңбекақысын алсақ болды деп жүре береді. Алайда, болашақта алатын зейнетақыны қызметке орналасқан күннен бастап назарда ұстаған жөн. Оған әлі қаншама уақыт бар деген ойдың жетегінде кетіп қалмау керек. Болашақта зейнетақы жеткілікті болуы үшін міндетті зейнетақы жарналары БЖЗҚ-на уақытылы әрі толық көлемінде түсіп отыруын қадағалап отыру керек. Сонымен қатар, басқа да жинақтау құралдарын ойластырған дұрыс. Мысалы, ерікті зейнетақы жарналары туралы ойлау керек. Оны әрбір қазақстандық бөлек ерікті зейнетақы шотын ашып,  төлей алады, сол арқылы алдағы уақытта өзінің зейнетақы жинағын көбейтуге мүмкіндік алады. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды салу, сонымен бірге зейнетақы төлеу тәртібі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамту туралы екі жақты келісім-шарт  бойынша белгіленеді.
Егер зейнетақымен қамтылуыңыз бойынша әлі күнге дейін келісім-шарт жасамаған болсаңыз, БЖЗҚ кеңсесіне барып, шарт жасауды ұмытпаңыз. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз бен жеке зейнетақы шотын ашу туралы өтінішіңіз болсын.  

Жасұлан БЕКМАҒАМБЕТОВ,
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы
қоры» акционерлік қоғамы
Ақмола облыстық филиалы
директорының  орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар