Жүрек жылуын сыйлаған жан

Бұл апамызды көптен білуші едім. Қарапайым, сөзге шебер, әр жастағы адамдармен тез тіл табысып, жатырқамай араласып кететін мінезін ұнатып жүремін. Таяуда ол кісімен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иван Комиссаровтың жұмыс кабинетінде кездесіп қалдық.  Күләйша Рахимова 1 қазанда Сочи ауылында өткен ардагерлерге арналған басқосу жайында айта келіпті.

 

Апамыз көрші Новый городок ауылында туған, сонда мектеп табалдырығын аттап, 9-10 сыныпты Атбасарда бітірген. Тұрмысқа ерте шығыпты.  Хасен Рахимов атты  жігітпен сөз байласып, шаңырақ көтереді. Дүниеге төрт бала әкеледі. Хасен болса Сочи кеңшарында  бас есепші болып көп жыл қызмет етеді. 1978 жылы отағасы кенеттен ауырып мезгілсіз дүниеден өтеді. Сөйтіп,  қолында төрт баласы мен енесі Мәнжура қалады. Осыдан кейін ол қайтадан жұмысқа кіріседі. Орталық бухгалтерияда есепші болып істейді.
 – Ол жылдарда кеңшардың  жұмысы тау-сылмайтын. Бір науқаннан кейін екіншісі келіп, жалғасып жататын,  – деп есіне алады  Күләйша апай. – Шаруашылықтағы атқарылған барлық  шаруаларды есепке алып, қағаз бетіне түсіреміз. Жыл бойғы төрт тоқсанның есептерін, жылдық есептерді дайындаймыз, жұмыстан кейін қалып істейтін күндеріміз көп болады. Ешкім жұмыстан тартынбайтын.
Кеңседегі жұмысымен бірге ол балаларының оқуын, енесінің  жағдайын жасауды да ұмытпайды. Осылайша  балаларына әкесінің жоқтығын білдіртпей, тамағы тоқ, киімі бүтін болып, бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасайды. Осы қызметтен 1991 жылы, еліміз тәуелсіздігін алған жылы ол зейнеткерлікке шығады. Бұл кезде балалары да ер жеткен болатын. Бүгінде үлкен ұлы Аязбай Астанада тұрады, балалы-шағалы. Ал,  Абай Сочи ауылында  трактор-егіс бригадасының бригадирі болса, Жанат электрик болып еңбек етеді. Кенжесі Айгүл Астанада қызмет істейді.
 Күләйша апай Сочи ауылында өткен салтанат жайында айтып берді. «Сочинский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры  Абылай Қамбатыров аға ұрпақ өкілдерін Қарттар  күнімен құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсырыпты. Ал, Күләйша апайды ерекше құттықтапты. Өйткені, ол кісі биыл 80 жасқа толып отыр.   Жыл сайын ұзақ жылдар еңбек еткен ауылына арнайы шақырып, сый-сыяпат көрсетіп жатқан жергілікті әкімдік пен шаруашылық басшыларына апайдың ризашылығы шексіз.
Өмірсерік ШАЙХИН.

Атбасар ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *