Жақсыдан қалған жәдігер

Таяуда облыстық тарихи-өлкетану музейінде елге танымал абзал азаматтардың бірі, марқұм Еркеш Баяхметовты еске алуға арналған «Көкшенің нар тұлғасы» атты жылыжүзді жүздесу болып өтті.

Ауыл шаруашылығы саласының ірі маманы кеңшардың қатардағы агрономынан бастап облыстық деңгейде бірқатар басшылық қызмет атқарған Еркеш Баяхметұлы дәм-тұзы таусылмаса 65 жасқа толар еді. Бүкіл саналы ғұмырын туған елін түлетуге арнаған жампоз жанның ғұмыры қысқа болды.
Дәтке қуаты аз ғұмырының ішінде көп шаруа тындырып кетті. Бұрынғы Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, әрі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып қызмет істеп жүрген жылдары өте жемісті еңбек етті. Облыс орталығына да еңбегін сіңірді. 2001 жылдың маусым айында Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған Еркеш Баяхметұлы 2004 жылға дейін өзі жан жүрегімен сүйетін облыс орталығының қордаланып қалған біраз мәселесін шешіп, азаматтығын танытты.
Осындай өмірі өнеге, ғұмыры ғибрат болатын ел ардақтыларының есімдері ұмытылмауға тиісті. Халқына сіңірген қызметі де. Жақсының жақсылығын айта отырып, кейінгі толқынды туған жерін, елін сүйе білуге тәрбиелесек, жарасымды емес пе. Музейде өткен мазмұнды кештің мәні осыған саяды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында Еркеш Баяхметұлының арнайы жеке қоры ашылып, ауқымды іс-шара өткен болатын. Енді міне, Баяхметовтер әулеті облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына тұрақты сақтауға үш жүзден астам заттарын тапсырып отыр. Оның ішінде алтын түйреуіш, табиғи тастардан жасалған түрлі әшекейлер, алыс-жақын шетелдерден әкелген қыш ыдыстар, құнды кәдесыйлар бар. Тіпті, бұл күнде кезіге бермейтін, өзгеше бітімді самауыр да тапсырылыпты.
Кеш барысында Еркеш ағамыздың жары Мырзабике Досымқызы азаматының жарқын ғұмыры жайлы, істеген еңбегі хақында тебірене толқып, баяндап берді. Ұқыптылық деген оңды-ау, шіркін. Еркеш Баяхметұлының өмірінің жарқын беттерін жайып көрсететін фотосуреттер, құжаттар толайым тұтас сақталыпты. Әр сөзін дәйекті дәлелмен әдіптеген азаматтың артында қалған жоқшысы Мырзабике Досымқызының жан тебірентерлік жан сырынан кейін Алаштың белгілі ақыны Серік Тұрғынбеков, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қымбат Мұстафина тәрізді кеш қонақтары өздерінің естеліктерімен бөлісті.     
Пенде ғұмырдың баянын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова бастаған жезтаңдай әншілер әнмен өрнектеп шырайландыра түсті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар