Жан-жақты жұмыс – жақсылық нышаны

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің жоғары оқу орындарының  алдына қойып отырған маңызды  міндеттерінің бірі – осы жоғары оқу орындарынан жастардың заман талабына сай кәсіби білім алып, тәрбиелі, өнегелі азамат болып шығуына жағдай жасау. Толыққанды тәрбие жұмысы білім ордалары қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, себебі, тәрбиенің түп қазығы студент жастардың бойындағы рухани, жалпыадами құндылықтарды дамытуға, олардың өмірлік және кәсіби тұрғыдан өздерін танытуына, адамгершілік, азаматтық жағынан жетіліп,  толысуына жағдай жасауда жатыр.

 

Міне, осыған байланысты кез-келген жоғары оқу орнында тәрбие үрдісін жүйелі және мақсатты жүргізу қажеттілігі туындайды.
Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде  бұл бағытта мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Әр қызмет бағыттарының құрылуы мен дамуы бойынша студенттердің белсенді қатысуы жобаланған. Бұл университеттің тәрбие жұмысының бағдарламасында да, әр бөлімше жоспарларында да  көрсетіледі. Басым бағыттың бірі – студенттік өзін-өзі басқару.  Болашақ жоғары білімді, білікті маман, іскер басшы университет қабырғасында жүріп сондай кәсіби қасиеттерді бойына сіңіруі қажет.  Студенттің өзін-өзі басқаруы міне, осындай маңызды мәселені шешуге көмегін тигізбек. Студенттік өзін-өзі басқару өз өмірі мен тағдырын қоғам және мемлекетпен байланыс-тыратын, болып жатқан үдерістер үшін жауапты болатын және шешім қабылдауға үйренетін белсенді азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Оқу орнында әртүрлі бағытта жұмыс жүргізетін жастар ұйымдары мен студенттік бірлестіктердің атқарып жатқан іс-шаралары ауқымды. Олардың қатарында студенттік деканат, «Серпін» штабы, «Юность», «Думан» педагогикалық жасақтары, «Жасыл ел» экологиялық жасағы, жедел жастар жасақшылар тобы, пікірсайыс, әдеби-тарихи, танымдық клубтар және тағы басқалары  бар.
  Жоғары оқу орындарындағы студенттік өзін-өзі басқару органы – студенттердің құқықтарын және мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында бастамашыл студенттер тобынан құрылған студенттік деканат болып саналады. Студенттік деканат пен жастар ісі жөніндегі комитет  студенттер мен университет басшылығын байланыстыратын алтын көпір іспетті.  Студенттік деканат және жастар ісі жөніндегі комитет тәрбие жұмысы бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Осы бағыттағы жұмыстардың бір парасы ретінде  «Қозы Көрпеш-Баян-сұлу» ғашықтар күніне арналған шара және  «Жастар ісі комитеті жүректерді біріктіреді» акциясы, «Алғыс айту күні» мерекесі сияқты бірлесіп өткізген іс-шараларды атап өтуге болады.
2015 жылғы желтоқсан айында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының бөлімшесі ашылды. Бөлімше жетекшісі болып техника және технологиялар факультетінің  2 курс студенті Бақдәулет Сапарбеков сайланды. Жас отандықтардың бастамасымен «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша білім алып жатқан студенттер жұмыс жасауда. Жастарымыз «Балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу облыстық орталығы» мемлекеттік мекемесіне барып, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жаңа жыл кешін өткізді. Өткен оқу жылы ішінде Ақкөл, Сандықтау, Айыртау балалар үйінде біздің еріктілер бірнеше мәрте болып, мәдени-спорттық акциялар өткізіп қайтты.
Университетімізде  қайырымдылық көмек көрсету бұрыннан-ақ берік дәстүрге айналған. Қайырымдылық шараларына қатысу, жасампаздық істер мен жастар акциясын іске асыру  студенттерді ортақ мүдде негізінде біріктіріп, ынтымақты ете түседі. Өз қарым-қабілеттерін өзгелер үшін маңызды болып табылатын істер жасауға жұмсау арқылы жастар өздерінің осы қоғамның бір бөлшегі екенін және оның дамуы үшін қосатын өз үлестеріне жауапты екенін әрқашан да естен шығармайды. Жыл бойы «Ардагерлерімізді ардақтайық» жобасы  аясында студенттер  ардагерлердің үйлерін аралады, «Жылы жүрек» қайырымдылық акциясын өз беттерінше ұйымдастырып, «Марсианин» көркем фильмін көрсетті, ал,  жиналған қаражатты бірге оқитын жағдайы төмен жолдастарына беріп көмектесті.
Барлық студенттер белсенді қатысатын түрлі іс-шаралар университеттің тәрбие жұмысы жүйесіндегі біріктіруші фактор болып табылады. Олардың қатарынан  «Шоқан аруы», «Шоқан жұлдыздары»,  КВН-КМУ, «Үздік тәлімгер», «Екі жұлдыз», «Біз шоқандықтармыз!» атты шараларды атап өтуге болады.
Ректордың студенттермен кездесуін өткізу университеттегі тәрбие жұмысының ажырамас бөлігі десек, асыра айтқандық емес. Осындай кездесулерде ректор студенттердің өзекті проблемаларымен танысып, оларға өз бағасын береді. Осы іспетті шаралардың тәрбиелік мәнінің зор екенін атап өткен жөн, себебі студенттер осындай шаралар барысында өз ойларын ортаға салып, пікірталас тудырады, өздерінің жетекшілік ету, басқару қасиеттерін қалыптастырады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттерінің тыныс-тіршілігі жайлы толымды ақпараттар  университеттің  сайтында нақты көрініс тапқан. Тарих, заңтану, өнер және спорт факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А.Б.Хабдулиннің бастамасы бойынша ұйымдастырылған «Ректор балы» биылғы жылдың  жаңа іс-шарасы болды. Оған арнайы дайындықтан өткен 15 жұп қатысып, өздерінің тамаша би нөмірлерін жұртшылық назарына ұсынды.
Біздің студенттеріміз жоғары оқу орны ішінде өткізілетін іс-шаралармен қатар, қалалық, облыстық және республикалық шараларға да белсене қатысады. Олардың арасында жыл сайын өткізілетін «Студенттік көктем» облыстық дарынды жастар фестивалі, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ақмола облысының жастар саясаты  мәселелері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған  «Тәуелсіздік толқынында» байқауы бар. Тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында студенттер еңбегін ынталандыру, оның нәтижелерін бағалауға ерекше назар аударылады.  Бұл да марапаттаулар мен көтермелеулерде өз көрінісін тапқан. Мысалы, ағымдағы жылдың ақпанында 19 белсенді студент Астанадағы «Ұлт Көшбасшысы – ҚР тұңғыш Президентінің кітапханасы» мемлекеттік мекемесіне  барып қайтты. Оларға «Әлемді өзгертетін идеялар» тақырыбындағы семинар-тренинг форматындағы екі күндік ауқымды бағдарлама ұсынылды. Осы сапардың қорытындысында университет жанындағы «Кемел ел» мәдени-білім беру және жастар тәрбиесі орталығы ашылды.  
 ХХІ ғасырдың жастары – нарық реформасы, өзгерген қоғамдық қатынастар жағдайында туып-өскен ұрпақ. Олар көп тілде сөйлейтін, заманауи технологияны жетік меңгерген, өздерінің айқын ұстанымдары бар, заман талабына сай өзгерістер мен жаңалықтарды әрдайым сезініп отыратын білімді жандар. Еліміздің ертеңгі тізгінін ұстайтын жастарымыздың бойында осындай жақсы қасиеттерді орнықтырып, оларды қоғамымыздың дамуына үлес қосатын білікті кәсіби маман, кең жүректі адал азамат етіп тәрбиелеу – мемлекеттік маңызы зор міндет. Университет осы міндетті абыроймен орындап, заман талабына сай ілгері
дамып келеді.

Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
 Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің
тәрбие ісі жөніндегі проректоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар