Жарқайыңдағы спорт мерекесі

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Жарқайың ауданының жаңадан салынған «Жастар» стадионында «Ақ бидай – 2017» ХХХ облыстық жазғы спартакиадасының ашылу салтанатына қатысып, спортшылар мен өңір тұрғындарын осы спорт мерекесімен құттықтады. 

Спорт – жарыс, спорт – бәсеке, спорт – саясат. Өйткені, әр елдің атын шығаратын да, абырой-беделін асқақтататын да осы спорт. Жаңа стадионға тәуелсіз Қазақстанның атынан шет мемлекеттерде спорттық додаларға қатысып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың Олимпиада жалауын ұстап шығуы жарқайыңдық жас жеткіншектердің спортқа бет бұруына үлкен ықпал етері сөзсіз. Спорт шеруін бастаған олардың арасында ауыр атлет, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Мейірманов, спорт шеберлігіне кандидат, президенттік көпсайыстан ел құрамасының мүшесі Антонина Пономаренко, ҚР спорт шебері, кір көтеруден Ақмола облысының бірнеше дүркін чемпионы Ислам Айсин  секілді тарландар болды. Бұдан кейін  өңірлерден келген спорт командалары өз кезектерімен шеруді жалғастырып, алаңмен жүріп өтті. Салтанатты шеруге облыстың барлық аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларының құрамалары қатысты. Жалпы, бұл күні алаңға 1 мыңнан астам адам жиналды.
Аймақ басшысы Мәлік Мырзалин жарқайыңдықтар мен спорт майталмандарын байрақты бәсекенің ашылуымен құттықтап, жарыстың нәтижелі де сәтті аяқталуына тілектес екендігін білдірді.   Ол:
– Бұл спартакиада – үлкен мереке. Біз өңіріміздің аса маңызды шараларының бірі – егін орағы қарсаңында Жарқайың ауданында осындай спорт додасына жиналып отырмыз. Мұның өз ерекшелігі бар. Себебі, Жарқайың – облысымызда ең астықты  аудан. Көптеген республикалық, халықаралық додаларда ақмолалық спортшылар  алдыңғы қатардан көрініп жүр. Осы жылдың ішінде олар облыс қоржынына 500-ден астам медаль салды. – дей келе, Елбасының салиқалы саясатының арқасында біздің мемлекетімізде бұқаралық  спортқа көп мән беріліп келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, спорт ардагерлеріне алғысын білдіріп, спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Соңғы екі жылдың ішінде облыста 100-ге тарта спорт нысаны бой көтеріп, көпшілік игілігіне ұсынылды. Сонымен бірге, аймақ басшысының айтуынша, санаулы күндерден кейін Целиноград ауданында бірнеше спорт алаңдары ашылмақшы. Көкшетау қаласында «Оқжетпес» футбол стадионына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Спартакиада ойындары өткелі отырған «Жастар» стадионы да жаңадан салынып,  жарқайыңдықтарға тарту етілді.
Еліміздің Әнұраны орындалған салтанатты рәсімнен соң, концерттік шоу бағдарламалар қойылды. Бишілердің композициялық қойылымдары, әншілердің әсем әндері, қазақы салтпен орындалған шашу шашу көрінісі, барлығы да өзіндік үйлесімімен жиналған қауымды ұйытып әкетті.
Соның ішінде, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған қойылым да алаңға жиналған қалың жұртшылықтың көңілінен шықты. ЭКСПО-ның нышандары, құлтемірлер мен қазіргі технологиялар спорт мерекесіне ерекше шырай берді.
Салтанатты шарада астаналық ұшқыштар да мемлекеттік рәміздеріміздің 25 жылдығына байланысты Көк байрағымызбен  алаң үстінен қалықтап ұшып өтті.
Бұдан соң спартакиаданың алауын жағу құрметіне бокстан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы, ел құрама командасының мүшесі, бүкіләлемдік бокс сериясында жеңімпаз атанған «Астана арлан» командасының белді былғары қолғап шебері, жерлесіміз Теміртас Жүсіпов ие болды.
–Спартакиаданың ашылуына арналған салтанат өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Жаңадан ашылған алаң да тамаша әрі ыңғайлы. Бұған кеткен қаржы сөзсіз өтеледі. Барлығы ел болашағы  – жастар үшін ғой. Өзім Степногорск қаласынан келдім. Дойбы мен шахмат сайыстарына қатысатын боламын. Жалпы, жыл сайын біздің қала осындай спартакиадаларда алдыңғы орындардан көрініп келеді, – дейді біз сөзге тартқан Қайролла Исаев.
Бұдан кейін спартакиаданың алғашқы сайыстары басталды.  Жарыс туралы толық есепті газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.  
Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.
Жарқайың ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар