Жолаушылар тасымалдауда өз биігі бар кәсіпорын

 Жетпіс жылдан астам уақыт бойы жолаушылар тасымалдау ісіне сүбелі үлес қосып келе жатқан Көкшетау автобус паркінің жылнамасы еселі еңбекпен жазылған. Ылдиы мен өрі, еңісі мен биігі де бар. Тіпті, банкрот болудың аз-ақ алдында қалған. Қияпат қиындықты алдымен іскер басшылықтың, сонан соң ұйымшыл ұжымның қажыр-қайратының арқасында жеңе білген.

 

Бүгінгі таңда «Көкшетау автобус паркі» серіктестігі қалаішілік, қала іргесіндегі елді мекендерге, облысішілік, облысаралық және халықаралық бағыттарға жолаушылар тасымалдайды. Кәсіпорынның тарихына тоқталсақ, алғашында бұл парк қолайсыз жерге орналасқан екен. 1972 жылы екі жүз автобусқа арналған жаңа автобус паркі пайдалануға берілген. Техника паркі жаңа автобустармен толығып, кәсіпорынға жаңа цехтар, тұрмыстық кешен мен әкімшілік кеңсе үйі салыныпты. Ескі кеңсе үйі де жөнделген.
Осы кезде кәсіпорын жеті қалаішілік және алты қала сыртындағы бағыттарға жолаушылар тасымалдады. Сондай-ақ, өзге кәсіпорындар мен ұйымдардың тапсырысын орындады. Өтпелі кезең автобус паркі ұжымы үшін оңай болған жоқ. Қаржының жоқтығынан кәсіпорынның техника паркі жаңартылмады. Оның үстіне серіктестіктің еңбекақыға, зейнетақы қоры мен бюджетке деген қарызы 25 миллион теңгені құрап, банкроттық жағдайда тұрды. Серіктестіктің бас директоры дереу кәсіпорынның қаржылық жағдайын жақсарту жұмысын қолға алды. Қалаішілік және қала сыртындағы бағыттарда жүретін жолаушылар саны зерттеліп, жүргізушілер мен кондукторлар жұмысына тұрақты бақылау жүргізілді. Осы жылдары қарыздарды қайтару барысында орасан зор жұмыс атқарылып, автобус паркін абаттандыру, бюджет пен еңбекақы қарызымен толық есеп айырысты. Цехтар мен әкімшілік ғимарат толық жөнделді. Қондырғылар мен станоктар іске қосылды. Ауыр әрі зиянды жұмыспен айналысатын еңбеккерлер сүтпен, арнайы жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілді. Қазір автобус паркі қалаішілік он бір бағыттағы жолаушыларды тасымалдайды. Бұл қала жолаушыларының тең жартысы деген сөз. Сондай-ақ, парк бір қала іргесіндегі, екі облысішілік, төрт облысаралық және бір халықаралық бағыттардағы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті сапасын жақсарту жөнінде жүргізушілермен және кондукторлармен тұрақты жұмыс жүргізіледі. Жүргізушілер күн сайын медициналық тексерістен өтеді. Бұл еңбек тәртібін нығайтуға септігін тигізуде. «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің бас директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Әсия Шәрімова соңғы үш жылда техника паркінің 35 пайызы жаңартылғанын, қымбатшылыққа байланысты қазір жаңа автобус сатып алуға мүмкіндіктің жоқтығын айтып өтті.
– Қымбатшылықтың салдарынан 2-5 жыл пайдаланылған автобустарды сатып алуға мәжбүрміз. Биыл он бір автобусты қалаішілік бағыттарға, бір автобусты қалалар арасындағы бағытқа сатып алдық. Біздің автобус Омбы қаласына да қатынайды. Мәселенің бәрі тарифке тіреліп отыр. Өз кірісіміздің есебінен он екі санаттағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған жолаушыларды тегін тасымалдаймыз. Бұл сома 104,9 миллион теңгені құрайды. Ол үшін автобус паркіне бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Қазір коммуналдық қызметтің, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармайдың бағасы қымбаттады. Осы орайда, біз өз есебімізді қалалық әкімдікке тапсырдық. Тарифті көтеру жөнінде қоғамдық тыңдаулар болып өтті. Қазір сатылып жатқан қосалқы бөлшектердің бағасы мен сапасы көңіл көншітпейді. Сондай-ақ, автобус жүргізушілері жетіспейді. Соның салдарынан сегіз автобус күнде қаңтарылып тұрады. Өкінішке орай, бұл мамандыққа жастар келе бермейді. Жас слесарьларды өзіміз үйретеміз. Бұл мамандықтар «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына енбепті. Бүгінгі мүмкіншілікті пайдалана отырып, көлік қызметкерлері мен әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Оларға зор денсаулық, отбастарының амандығын, еңбекте алда болуларын тілеймін, – дейді серіктестіктің бас директоры.
Автобустардың техникалық жағдайын жақсарту үшін жөндеу қызметінің жұмысы ұйымдастырылған. Автобустар арнайы аумақта жөнделеді. Мұндағы жұмысқа барлық жағдай жасалған. Слесарьлар мен газбен дәнекерлеушілер сияқты өндіріс шеберлерінің ұйымдасқан жұмысының арқасында автобустарды жөндеу ұзаққа созылмайды. Осының арқасында автобустар уақытында өз бағытына шығады.  Автобус паркінің бас инженері Олег Огоев кәсіпорын цехтарын аралатып, жұмыс барысымен таныстырды.
– Қазір автобустар екі арнайы орында жуылады. Резина ауыстыратын цех аштық. Паркте абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Екінші автотұрақта слесарьлар Дмитрий Фалькенберг пен Виктор Дервоед автобус кузовының іші-сыртын жөндейді. Өңі кеткен автобус-тарды сырлайды. Ескірген бөлшектерін ауыстырады. Тігін цехында тігінші Сәуле Жанғабылова орындықтардың жапқыштары мен перделерін тігеді. Бірінші техникалық қызмет көрсету аумағында Серік Сәбитов (суретте) пен Леонид Сигида отыз жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Олар 3,5 мың шақырым жол жүрген автобустың ма-йын ауыстырады. Аккумуляторлар мен ауа сүзгіштері жөнге келтіріледі. Агрегат цехында токарь Сергей Филатов төрт станокта қосалқы бөлшектерді жонады. Бұл цехта коробка, кардан және подшипник жөнделеді. Мотор цехында Ермұханбет Құсайынов дизель қозғалтқышын жөндеумен айналысады. Электроцехта автоэлектрик Виталий Багинский автобустың стартер, генератор тәрізді өзге де электр жүйесін жөндейді. Компьютер жөндеудің де маманы. Константин Вялов жанар-жағармай құрылғыларын жөндеу цехының маманы. Автобустың карбюратор мен жанар-жағармай сорғыштары тәрізді өзге де бөлшектерін тексеріп, жөндейді. Петр Михайлович паркке әскери борышын өтегеннен соң келді. Қырық жыл жұмыс істеген зейнеткер қалаішілік бағыттағы автобуста жұмыс істеп жүр. Көптеген жүргізушілер мен слесарьлар отыз жылдан астам уақыт еңбек етеді. Биылғы төл мерекеде Вадим Зайцев құрметті жүргізуші, Виктор Телицин еңбек ардагері атағын алды. Жұмысқа алынған жастарды тәжірибелі мамандар үйретуде. Кейін оларды Қостанай қаласына оқуға жібереміз. Алдымен жүргізуші автобус бөлшегін жөндеуге өтінім береді. Бөлшек жөнделген соң шебер арнайы рұқсатқа қол қояды. Осы жорналға қарап, әрбір автобустың техникалық жағдайын біліп отырамыз,– дейді бас инженер. Автокөліктің жұмысына бақылау жүргізу үшін бақылау-өткізу бекеті мен диспетчерлер бөлімінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Барлық бақылау мен диспетчер бекеттерімен байланыс орнатылған. Бұл техникалық жағдайы бойынша бағыттан шығып қалған автобусты жедел ауыстыруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын ішінде автобус жүргізушісі Темірбек Хасеновты жолықтырып, әңгімеге тарттық.
– Автобус паркінде еңбек еткеніме 15 жыл болды. Алғашында «ПАЗ», кейін «ЛАЗ» бен «Икарус» автобустарында жұмыс істедім. Біраз тәжірибе жинақтап, биыл жаңа «ЛиАЗ» автобусының рөліне отырдым. Қалаішілік №1, №10 және №12 бағыттарда жолаушылар тасымалдаймын. 120 автобусқа арналған автотұрақ жылумен қамтамасыз етіледі. Қыс айларында қиыншылық көрмейміз, – дейді ол.
Кәсіпорында еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі қызмет жұмыс істейді. Еңбекті қорғау қызметі кәсіпорынның жеке құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Олар өз жұмысында «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі» Қазақстан Респуб-ликасы Заңын, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік ортаның тазалығы жөніндегі заңнамалар мен нормативтік актілерді басшылыққа алған. Еңбекті қорғау қызметі еңбек қауіпсіздігі бо-йынша кәсіпорында тұрақты жұмыс істейтін комиссиясының жұмысын ұйымдастырады. Еңбек жағдайы жөнінде жұмыс орындарына аттестаттау жүргізеді. Өндірістік үрдістер мен жұмыс жүргізудің қауіпсіздігін, өндірістік қондырғыларды пайдаланудың техникалық жағдайы мен дұрыстығын бақылайды. 2001 жылы кәсіподақ ұйымы құрылды. Барлық еңбеккерлер бұл ұйымның мүшесі. Ұжымдық келісім-шартқа отырған. Жыл басында кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Сәбитов жұмысшылардың сауықтыру демалысын ұйымдастыру, жолдама сатып алуға қаржы бөлу үшін шаралар жоспарын жасайды. Кәсіпорында екі жүзден астам адам жұмыс істейді. Оның 154-і жүргізушілер. Орташа еңбекақы 70 мың теңге шамасында. Еңбекақы уақытында беріледі. Жылына жеті миллион жолаушы тасымалданады. Келешекте серіктестіктің бас директоры еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, автобустар сатып алып, кәсіпорын ауласының ішін абаттандыру жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар