Қазақтың сын сәтте оттан да, судан да тайынбайтын батыр халық екендігін тағы бір қандасымыз жете дәлелдеп берді. Бұл жөнінде бірер аптадан бері Ресейдің барлық басты телеарналары мен мерзімдік басылымдары жарыса айтып та, жазып та жатыр.
Свердлов облысының Лесной қаласында орналасқан ішкі әскер бөлімінің кезекті әскери жаттығуында кіші сержант Алексей Теленин РГД-5 гранатасын нысанаға лақтырар алдында қолынан түсіріп алады. Осы сәтте оның жанында тұрған бөлім командирі, полковник Серік Сұлтанғабиев ойланбастан жерге жата қалып, 3-4 секундтың ішінде жарылуға тиісті гранатаны денесімен жауып қалды. Жарықшақтары мен дүмпу күші 25 метр радиусқа жететін граната жарылған жағдайда, сол жердегі қаншама жауынгерді мерт етуі мүмкін еді. Осы бір көзсіз ерлігімен қарамағындағы А.Теленинді, басқаларын да тура ажалдан аман алып қалған бөлім командирінің өзін өлімнен үстіндегі бронежилет қана құтқарып қалғандығы белгілі болды. Ауыр жараланып, хал үстінде госпитальге жеткізілген Серік Сұлтанғабиевті Свердловскіден келген дәрігерлер шұғыл түрде ота жасап, бетін бері қаратты. Қазір ол ептеп сауығып келеді.
Фрунзе жалпы әскери академиясын бітірген жерлесіміз Қостанай облысының Меңдіқара ауданының тумасы. Ресейде түрлі әскери бөлімдерде қызмет атқарып, тіпті, Солтүстік Кавказдағы соғыс қимылдарының өткелегінен де өткен. Полк командирлігіне тағайындалғанына екі-үш айдың ғана жүзі болған екен.
Өз басым осы ерлігі үшін Серік Сұлтанғабиевке Ресей Федерациясының Батыры атағы берілетін шығар деп ойлап едім. Бірақ, жуырда «Ерлік» орденіне ұсынылғандығы белгілі болды. Осыны естігенде менің ойыма Ұлы Отан соғысында майдандағы ерліктері лайықты бағаланбаған Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сияқты ағаларымыз оралды.
Ресей қарулы күштерінде дәл осындай жағдай бұған дейін Амур облысындағы бір әскери бөлімде болған екен.
Майор Сергей Солнечников та қатардағы жауынгерлердің бірінің қолынан түсіп кеткен гранатаны денесімен жауып қалып, қаза тапқаннан кейін оған Ресей Батыры атағы берілген.
Дегенмен, мәселе атақта да емес қой. Ең бастысы, қазақ баласының асқан ержүректігі мен батылдығын тағы да тұтас бір халық мойындады, осыны естіп, біліп жатқан ұлтымыздың мерейі тасыды. Енді көзсіз Ердің тез сауығып кетуін тілейік…