Біздің редакция ұжымындағы қолына қалам ұстаған журналистердің арасында Иван Петрович Перерваға деген ықыласым ерекше. Өйткені, мен биыл 75 жасқа толып отырған мерейтой иесін рухани ұстазым деп санаймын.
Ойды ой қозғайды демекші, менің есіме сонау 1998 жыл жиі оралады. Сол кезде Көкшетау қаласының ахуалы мүшкіл болатын. Желтоқсан айының соңғы күндері отбасыммен басқа жерге қоныс аударуға белді бекем буған едім.
– Жолың болсын, балақай, – деді қоштасар сәтте Иван Петрович. Оның көз жанарынан қимастық сезімін аңғарған мен: «Иван Петрович, Көкшетауға әлі талай мәрте келетінім сөзсіз. Сізді және әріптестеріммен ұзақ мерзімге қоштасқым келмейді. Петропавл қаласы таяқ тастам жерде тұр ғой» деген мағынада жұбату айтқаным әлі күнге дейін көкейімде сайрап тұр.
Терістік өңірде туып, Көкшетауға бауыр басып қалған менің кері оралуым ұзаққа созылды. Осы аралықта өмірімде шарықтау мен құлдырау қатар өрбіді. Журналист ағатайым болса, менің барлық тіршілігімнен хабардар еді. Жетістігіме қуанып, сәтсіздіктеріме қапаланып отырды. Онысын телефон арқылы жеткізетін. Үлкен жомарт жүректі адамдар дәл осылай істейтін шығар. Соның бірі де бірегейі Иван Петрович болар.
…1993 жылдың желтоқсан айы еді. Сол кезде мен облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінде шамалы ғана уақыт істеп жүрген болатынмын. Бөлмеге кіріп келген ол: «Дос-тым, енді өнеркәсіп бөліміне ауысып, менің қарамағымда істейтін боласың» деп тұр. Бұл мен үшін күтпеген ұсыныс еді. Бірден абдырап қалдым. Іштегі жүрек қалауым мәдениет немесе білім бөлімінің біреуіне ауысу болатын. Бірақ, бәрі басқаша болып шыға келді.
Оның басшылығымен қызмет істеген алғашқы күннен бастап, экономика саласына деген қызығушылығым арта түсті. Өнеркәсіп ошақтары, құрылыс және автокөлік кәсіпорындарындағы жетістіктер, ондағы еңбек адамдары туралы талай мәрте қалам тербеуге тура келді. Осы бөлімге ауысқаныма еш өкінген жоқпын. Иван Петрович болса, ақыл-кеңесін айтып, тиісті дәрежеде нұсқаулар беріп отырды.
Абзал азаматпен қатар жүрген біраз уақыт ішінде журналистиканың қыр-сырын үйренумен бірге, оның жансарайына үңілуге тырыстым. Сонау Украинаның Сумск облысы Карабулатов селосында дүниеге келген оның балалық шағы соғыс тұсына және одан кейінгі ауыр жылдарға тап болған көрінеді. Бірде ол маған жеті жасында егін қорықшысынан оңбай таяқ жегенін айтып берді. Аштықтан іштері бұратылған апасы екеуі егістікте қалған масақты термекші болады. Алайда, бұларды байқап қалған есер қорықшы баланың жон арқасын қамшымен осқылап, қуып жіберіпті.
Рухани ұстазымның бойындағы сан алуан асыл қасиеттер мені ұдайы қызықтыратын. Жарасымды киім киісі, адамдармен мәдениетті сөйлесуі, қызметке деген ынталылығы, мінезіндегі қаталдығы мен талап қойғыштығы бірден аңғарылады. Жазған дүниелері оқырмандарға ой салуымен құнды дер едім. Мұндай ұқыптылық пен әдептілікке 1958 жылдан бастап төрт жыл бойы Германиядағы кеңес әскерлер тобындағы барлаушылар ротасында азаматтық міндетін өтеу кезінде дағдыланған көрінеді. Бұл жайды да оның аузынан естіген едім.
1962 жылдың күзінде Иван Петрович Перерва Қазақстанға келеді. Біздің облыстың Чистополь аудандық «Голос целинника» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Көкшетаудағы педагогикалық институттың филология факультетін бітіреді. Облыстық бақылау комитетінде қызмет істейді. Осыдан 40 жыл бұрын, атап айтқанда 1974 жылдың жазында өзінің сүйікті кәсібі журналистика саласына қайтып оралып, содан бері қаламы қолынан түсіп көрген емес. Талай лауазымды қызметтерді абыройлы атқарды. 2002 жылы зейнеткер атанса да, бүгінге дейін қатардан қалған емес.
Аға журналистің өмір жолын парақтар болсақ, қаншама шақырым жол сапарда болып, газет беттерінде хабар-ошардан бастап, жүздеген суреттеме, очерктері жарық көрді.
Абзал азамат үшін Көкше жері құтты болды. Осында отбасын құрып, өрісін кеңейтті. Балалары мен немерелерінің сүйікті атасы атанып отыр. Тәлімгер ретінде мен сияқты ондаған жас журналистерді тәрбиеледі. Солардың дені бұл күнде түрлі басылымдарда абыройлы қызмет істеп жүр.
Мен рухани ұстазым Иван Петровичтің мағыналы ғұмырын өзіме үлгі-өнеге тұтамын. 75 жасқа алқынбай жетіп отырған абзал жанға зор денсаулық, көл-көсір қуаныш және шығармашылық табыс тілегім келеді.
Марат ШЫНТЕМІРОВ,
облыстық «Акмолинская правда» газетінің бас редакторы