Еліміздің экономикасы жыл санап қарқын алып келеді. Елбасымыз белгілеп бергеніндей әлемнің бәсекелестікке қабілетті 30 елінің қатарына қосылу үшін халықаралық стандартқа сай сапалы өнім өндіру қажет екендігі түсінікті. Осынау келелі міндетті орындауда бюджетке қомақты қаржы құйып отырған ірі кәсіпорындардың үлесі аз болмайтыны анық.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Сапа саласы бойынша байқау туралы» Жарлығымен 2001 жылдан бері жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі өткізіліп келеді. Оған біздің облысымыздың кәсіпорындары мен кәсіпкерлері де белсене қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Ал, 2006 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапа саласы бо-йынша жетістікке арналған «Алтын сапа» байқау-көрмесінің сыйлығын белгіледі.
Осы орайда, облыстық әкімдік тарапынан аймақтық «Алтын сапа» байқауы да ұйымдастырылып, жемісті нәтижесін беруде. Жалпы, «Алтын сапа» байқауына қатысушылар қатарының жыл санап көбейіп келе жатқандығы кәсіпкерлер тарапынан байқау жеңімпаздарына берілетін сыйлыққа ғана емес, жалпы өнім сапасын арттыруға деген ынтаның өсе түсіп отырғандығын айғақтайды. Өйткені, қазіргі нарық жағдайында бәсекелестікке қабілетті сапалы тауар өндіру арқылы ғана өндірісті дамытуға болатындығын кәсіпкерлер жақсы түсіне бастады. Қазақстан қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Алдағы уақытта бүкіләлемдік сауда ұйымының құрамына кіретін болсақ, шет елдерден келетін сапалы тауарларға бәсекелесе алатын өнім шығару қажет болатындығы белгілі. Яғни, кәсіпкерлеріміз оған осы бастан мықтап дайындалуы керек.
Үкіметтің қолға алып жатқан бұл шарасы да осындай мақсаттан туындап отырғаны анық. Соңғы кездері елімізде «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру көптеген саланың дамуына ықпал жасады. Облысымызда аталмыш бағдарлама аясында «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қуаттылығы жылына 60 миллион дана кірпіштің 17 түрін шығаратын зауыттың құрылысын жүргізу жобасы жүзеге асырылды.
Аталған зауыт 2010 жылы пайдалануға берілді. Бүгінгі күні кәсіпорын жұмысы толығымен автоматтандырылған, сондай-ақ, кірпіштің түр-түрін шығару бойынша да Орта Азияда теңдессіз болып саналады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша зауытқа дейін 2,2 шақырым тас жол салынды. Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы кәсіпорын жұмысына үлкен серпіліс беріп, толық қуатында жұмыс істеуге себеп болды. Дәл қазіргі кезде кірпіштің пішіні мен түрлі түсті болуы бағытында талпыныс жасаудамыз. Жыл сайын зауытымыздағы автоматтандырылған жүйелерді заман талабына сай болуы үшін кезең-кезеңімен соңғы үлгідегі қондырғыларға айырбас-
тап отырмыз.
Өткен жылы өндірісті дамыту үшін 200 миллион теңгенің инвестициясын салып, өнім көлемін 54 миллион дана кірпішке дейін жеткіздік. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, екі есе көп қаржы. Сонымен қатар, еліміздегі Қарағанды, Қызылорда және Петропавл қалаларында сау-
да нүктелеріміз жұмыс істейді. Кірпіштің сыртқы реңін, түрін жақсарту үшін жаңа арнайы қондырғылар мен қысқа мерзім ішінде жаңа өндірісті ашу бағытында нақты жұмыстар қолға алынуда. Ал, ұзақ мерзімдік жоспарымыз – өндіріс ауқымын кеңейтіп, әлеуметтік қолдауды жүзеге асыру болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша зауыттың дамуы мен жаңа құрылғыларды іске қосу арқылы өндіріс пен сауда көлемін арттыруға болады. Осы арада, біздің ортақ ісіміздің алға басуына мемлекетіміз қолдау көрсетіп отырғандығын айта кеткім келеді. Соның ішінде, «Алтын сапа» байқауын ерекше атап өтуге болады. Біз Қазақстанның болашағын осындай байқау жұмыстарына қатысқан кезде өзіндік бір бағамдау мүмкіндігіне ие болғандай сезінеміз. Міне, осының бәрі Елбасының сара басшылығымен, Үкіметтің қолдауымен жүзеге асуда. Елбасы ірі кәсіпорындар мен шағын және орта бизнесті дамыту ісіне ерекше көңіл аударып отыр. Өйткені, бұлар ел экономикасының жаны деуге болады. Халықтың жұмыспен қамтылуында, тұрмыс пен қызметтің жандануында олардың үлесі зор болмақ.
Нұритдин СӘМПИЕВ,
«ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Суретте: кәсіпорында шығарылған дайын өнім.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.