«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласы, Зеренді және Сандықтау аудандарындағы бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарына баспасөз турын ұйымдастырды.
Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының барлық бағыттарын жүзеге асыру үшін біздің облысқа республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Осы жылы «Жаңа бизнес бастамаларды қолдау» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша аймақтық үйлестіру кеңесімен жалпы құны 7,5 миллиард теңгенің 37 өтінімі мақұлданды. Сондай-ақ, осынау борышкерлермен келісім-шарт жасалынып, 1,2 миллиард теңгенің субсидиясы төленді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша жалпы несие сомасы 15,1 миллиард теңгені құрайтын 25 өтінім мақұлданды.
–Аталмыш шараның мақсаты мемлекет тарапынан беріліп отырған осындай көмекті тиімді пайдаланғандардың жұмыстарын БАҚ арқылы халыққа жеткізу, – дейді «Даму» қорының қаржылай емес қолдау бойынша бас менеджері Айсұлу Әубәкірова.
Баспасөз саяхаты барысында республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Даму» қоры арқылы мемлекет тарапынан қолдауға ие болған бірқатар денсаулық сақтау және қызмет көрсету саласындағы мекемелердің жұмысымен танысты. Ең алдымен, облыс орталығындағы «SAGA-DENT» серіктестігіне атбасын тіреген едік. Серіктестік тұрғындарға стоматологиялық қызмет көрсетумен айналысады. Бұл үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамы арқылы 14 пайыздық өсіммен 9 миллион теңге несие алған көрінеді. Оның 7 пайы-
зын мемлекет субсидия ретінде төлеуде. Мекеме басшыларының сөзіне қарағанда, «Даму» қорының қолдауымен іске асып жатқан жобаның кәсіпорын үшін маңызы өте зор. Бүгінгі күні осы жобаның нәтижесінде жаңа 4 жұмыс орны ашылып, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетілуде.
Сондай-ақ, журналистер жеке кәсіпкер «Silk Way» қонақ үй кешенінде болды. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта қонақтарға қажеттінің бәрі бар. Мұнда 31 жатын орын, мейрамхана, конференц залы жабдықталған. Жеке кәсіпкер Юрий Светличный қонақ үй қызметін көрсетіп, бизнесін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Ол да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Сбербанк» акционерлік қоғамы арқылы 14 пайыздық өсіммен 62 миллион теңге несие алып, оған қонақ үй кешенінің құрылысын аяқтап, қосымша жабдықтар сатып алған көрінеді. Алдағы уақытта кәсіпкер қала қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, отандық нарықта өз орнын таба біледі деген сенім мол.
Сонымен қатар, журналистер «Зерен Нұр» демалыс орталығы» серіктестігінде де болды. Серіктестікті «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде туризм саласы бойынша қарқынды дамып отыр дей аламыз. Қазіргі таңда, бұлардың 13 гектар жері бар. Қонақ үйі «Көкшетау» ұлттық паркінің Зеренді көлі жағалауында орналасқан. Мұнда дем алушыларға сауықтыру-емдеу қызметтері ұсынылады. Мұндағы қонақ үй кешенінің бір ерекшелігі, ол түрлі ғылыми-практикалық конференция, семинар және бизнес кездесулерді өткізуге арналған оқу орталығы болып табылады.
Баспасөз туры соңында БАҚ өкілдері Сандықтау ауданындағы жеке кәсіпкер «Докаев Д.К.» ашқан техникалық бақылау және қадағалау орталығында, сондай-ақ, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Сандықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде де болды. Осындағы жақсы істерге де сүйсініс таныта алдық. Осылайша, тур барысында журналистер Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының өңірімізде ойдағыдай жүзеге асырылып жатқандығына анық көз жеткізіп оралды.