Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақтөбе - арайлы аймақ - АРҚА АЖАРЫ

Ақтөбе — арайлы аймақ

Жер-жерден өңірлік БАҚ жұмысын жаңғырту мәселелеріне арналған медиа-форумға жиналған журналистер қауымын Ақтөбе жері жылы шыраймен қарсы алды. Уақыт түн ортасы болып қалғанына қарамастан, поездан күтіп алушылар «Елек» қонақ үйіне орналастырып, «Тайқазан» дәмханасынан дәм таттық. Түнгі қала жанға жайлы, жып-жылы. Жалпы, еліміздің батысында күн райы біздің теріскей өңірмен салыстырғанда жұмсақ екені байқалады.

Бұған дейін жолымыз түспесе де, көңіл түкпірінде бір көрсек деп жүрген қала еді Ақтөбе. Сол ынтызар көңілдің дегені болып, біз де міне, осынау мұнайлы өлкедеміз. Жеңіл көлікпен «ескі қала», «жаңа қала» деп екіге бөлінетін шаһардың  күндізгіден әлі толас таба қоймаған түнгі тынысын көкейімізге біраз түйіп алып, ойша өзімізбен салыстырамыз. Шынында да, бақуатты өңір. Қала үлкен. Түнгі шамдары жарқырап, кең көсіліп жатыр. Жаңадан салып тастаған неше түрлі әсем ғимараттары мен тұрғын үйлері сол самаладай жарықтың құдіретімен Ақтөбенің тек қана өскен, өрлеген келбетін паш еткендей.

Осы алғашқы жылы әсердің ара-арасында ертеңгі форумға да елеңдей түсеміз. Өйткені, бұл күнде мерзімдік басылымдарда мәселе деген аз емес. Бірі шешілсе, келесісі кезегін күтіп тұрады.  Әсіресе, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының мына алмағайып заманда қиналмай күй кешуінің өзі кейде сарыуайымға салмай қоймайды. Соның ішінде ежелден біздің солтүстік өңірлердегі қазақ басылымдарының маңдайына жазылған газет таралымының аздығы мен жарнаманың көп түспеуі әлі сол күйінде  қалмаса, тақа маңдып кеткен жоқ. Оған кейінгі жылдардың бедерінде қолынан жазу келетін журналистердің жетіспеуі, яғни, кадр мәселесі қосылып отыр. Елбасы Жарлығымен жекешелендірудің екінші толқыны басталды. БАҚ-тар да бұдан шет қалмайтын түрі бар.
Осынау қадау-қадау сауалдар көкейде жүргенде өңірлердегі біздің жұмыстың ой-шұңғылын, жоқ-жітігін қаузайтын мұндай медиа-форум әрине, артықтық етпейді. Ақтөбеліктердің өздері өткізген осы бір шараға үлкен мән бергені оның қала орталығындағы Тахауи Ақтанов атындағы облыстық қазақ драма театрының  кең ғимаратында өтуінен де айқын аңғарыла түскендей. Біз киелі өнер ордасының табалдырығын аттағанда, Астана, Ақмола қалалары мен еліміздің барлық облыстарынан форумға келген екі жүзден астам адамның қарасы да біршама молайып қалған екен. Арасынан ескі таныстарымызды да көріп, шүйіркелесіп жатырмыз. Әлден уақытта бұрын осындай сапарларда ара-тұра жүздесіп тұратын Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев та бері беттеп, жапа-тармағай амандасқанымыз сол еді, омырауымызға  көзі түсіп кетті білем, «ескісін қой, мә, мына жаңасын тағып ал» деп жалма-жан қалтасынан Одаққа мүшеліктің төсбелгісін  алып шығып, ұстата бергені бар емес пе. Мұндай жылы пейілге қалай риза болмассың. Біз Одақ мүшелігіне өткен кез шынында да, тәуелсіздіктің сонау бастау тұсы еді. Одан бері талай су ағып, төсбелгінің де жаңарғаны ғой.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті   Сауытбек Абдрахманов, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Мәскеу қаласынан газет безендіру ісінің білгірі Евгения Головня, «Түркістан» апталығының бас редакторы Шәмшідин Пәттеев, тағы басқа да белгілі БАҚ өкілдері қатысқан форумның пленарлық мәжілісін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова кіріспе сөзбен ашып, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың форумға қатысушыларға құттықтауын оқып берді.  
Бұдан кейін сөз кезегін Сейітқазы Матаев алып, өзіне тән шыншылдықпен бүгінгі журналистер қауымын толғандырған біраз  мәселені бүкпесіз ортаға салды. Осы күні БАҚ-тарды дамытудың неше түрлі жолдары мен технологиясы бар екені белгілі. Соның ең бастысы Интернет, оның ішінде жылдан-жылға көбейіп отырған порталдар.  Осыған байланысты кейде газеттерді жабу туралы пікірлер де естіліп қалуда. Кейбір басылымдар тіпті, осының кебін киіп, сайттағы нұсқалары ғана сақталып отыр. Ал, Секеңнің пікірінше, қазір шығып жатқан облыстық, аудандық газеттердің бірде-біреуі жабылмай,  сол күйінде қалуы керек. Жергілікті билік қайта оларға көмектесіп, жағдайларына қарасқандары жөн. Сондай-ақ, журналист деген халықтың өзі де бүгежектемей, еркін сөйлеп, халыққа жақын болуы тиіс.  Бұл жағынан Одақ төрағасы орыс тілді басылымдардан гөрі қазақ басылымдарының атқарып жатқан шаруасы бір төбе деп есептейді. Өйткені, олар тарихи, рухани дүниелерімен болсын, елдің мүддесін қорғауда.
Кешегі күні баспасөзге қатысы жоқтай көрінген жекешелендіру енді бұл саланы да қамти бастаған. Осы Ақтөбе облысында тұратын курстасым, белгілі журналист Марат Мырзалы жуырда бір аудандық газеттің  үш миллион теңгеге жеке қолға өткенін айтады. Мұнымен шағын газеттер ақпарат кеңістігіндегі өз орнын ұстап тұра ала ма? Осындай-осындай сауал көп. Ал, жауабы болса, әлі бұлыңғыр. Мәселен, кейінгі кезде облыстық, сондай-ақ, аудандық, қалалық  газеттердің медиа-холдингтерге бірігуі жөнінде сөз болып жүр. Осы жағы тиімді ме, әлде бұл мерзімдік басылымдардың дербес өмір сүргені жөн бе? Алғашқысын құп көрейік десек, Талдықорғандағы құрылғанына аз ғана уақыт өткен «Жетісу» медиа-холдингі өзін-өзі ақтамай, қаншама газетті әуре-сарсаңға салып қойған. Соның салдарынан екі облыстық басылым да одан іргесін аулақ салып,  дау-дамаймен қайта бөлініп шыққалы жатса керек. 
Міне, көп болып осы сауалдардың оңтайлы жауабы ізделген форум әрине, біздің ешқайсымыздың қолымызға газет жұмысын жетілдірудің дайын жобасын  ұстатпағанымен, көкейдегі біраз мәселеге қозғау салып, соның ортақ бір шешімін тапқызғандай болғаны анық. Әрқайсымыз өзді-өзіміз отыра бермей, осындайда бір уақ басқа өңірлік басылымдарға да зер салып, назар аударып қоюдың еш артықтығы жоқ екен. Біреулерінің оқырман тартуда оң тәжірибесі бар. Енді біреулері бүгінгі газет күнкөрісінің басты бір тетігі – жарнаманы дұрыс жолға қоя білген. Соның кейбір ұтымды тұстарына құлағың бірден елең ете қалса, ол да түсінікті.
Форум шеңберінде өткен тоғыз бірдей шеберлік сыныбының қайсысын таңдау да өз басымызға тақа қиын соқпады. Көп ойланып жатпай, қалауымыз Алматыдан келген «Абай КZ» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат пен «Түркістан» апталығының бас редакторы Шәмшідин Пәттеевке түскен еді.   Өйткені, бұл екі шеберлік сыныбы да бүгінгі БАҚ-тардың әсіресе, сайтпен жұмыс істеуі, жанды тақырыптарға қалам тартуы сияқты нағыз заманауи бағыттарынан сөз қозғайтын болып шықты. Өзіміздің де сол күткен үмітіміз алдамапты. Қазақ журналистикасының осы бір белді өкілдері ғана емес, сол аудиторияда басымыз қосылған баршамыз да   белсене атсалыса келе, өте бір пайдалы әңгіменің куәсі болдық.  Сөйтіп, «жұмыс» деп, басында онша құлшына қоймасақ та, осы форумға ат басын тірегеніміздің  өзі дұрыс болғаны қашан кетер-кеткенше көңілімізді тоғайтты да жүрді.
Ақтөбеліктердің бізбен әңгімелерінде ең жиі ауызға алатындары, Елбасының Астана, Алматы мен Шымкенттен кейін осы қаланың да жедел қарқынмен дамып, Қазақстанның үлкен бір мегаполисіне айналуы қажеттігі   туралы айтқан пікірі. Осында болған күндерімізде расында да, бұл сөздің жаны бар екеніне әбден көзіміз жетті. Өзінің бірін-бірі қайталамайтын әсем ғимараттары, ірі өнеркәсіп орындары, кең даңғылдарымен Ақтөбені ауызекі тілде Батыс Қазақстанның астанасы десе, дегендей-ақ екен. Қалада кәдімгі біздің «Енки» зауытында шығарылатындай керамикалық кірпіштің өзінен жеделдете салып тастаған тұтастай шағын аудандарға көзің қызығады. Сондай көп қабатты әсем де жаңа үйлердің бірін арбаға таңылған мүгедектерге де арнап салып, барлық жағдайларын жасап қойған. Үйдің бірінші қабатында осы кембағал жандарды өмірге бейімдейтін «Дәру» оңалту орталығы жұмыс істейді. 
Осы бірер күнде бұл өңір тағы несімен есімізде қалды десек, әрине, ойымызға ақтөбеліктердің өз біртуар тұлғаларын да ұмытпай, ерекше қастер тұта білетіні  оралады. Әбілхайыр хан, Есет батыр, шығыстың қос жұлдызының бірі Әлия Молдағұловаға орнатылған еңселі ескерткіштер кімді болсын, сүйсінте түскендей. Ақтөбе сонымен бірге, студенттер қаласы көрінеді. Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік уни-
верситет, Т.Бигелдинов атындағы әуе
қорғаныс күштері әскери институты,
мемлекеттік медицина академиясы, мемле-кеттік педагогикалық институт… Мұндағы жоғары оқу орындары осылай  жалғасып кете береді. Ал, архитектуралық сәулеті ерекше, алдында су бұрқағына дейін бар,  айналасы
ат шаптырым, көрікті мешітті 2007 жылы облысқа келген сапарында Елбасы өзі ашыпты.
Қайда барсаң да, ақтөбеліктердің пейілі кең, жандары жомарт. Жылы қарсы алып,  шығарып салғандары өз алдына, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, ақын
Бауыржан Өтеулиев сияқты азаматтардың қонақ үйдегі бөлмемізге әдейілеп сәлем бере келіп, ел-жұрттың амандығын сұрап, білгендерінің өзі неге тұрады.
Бір әттеген-айы, өзімізді жылы ықыласымен тәнті еткен қаланы жергілікті тұрғындардың ресми тілге тым үйірсектігіне қарап, бізден де орысшалау ма деп қалдық. Соның өзінде қазақ басылымдарының таралымы жақсы. Мұнай, газ бар жерде ақша, инвестиция да бар. Баспасөзге де мұның игі ықпалы аңғарылмай қоймайды. Оның үстіне жергілікті билік те ұлттық БАҚ-тарға жете көңіл бөлетін сияқты. Осыны облыстық «Ақтөбе» газетінің меншік иесі «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ақын Мейірхан Ақдәулетұлының жетекшілігімен қазақ тілінде шығарып жатқан неше түрлі тартымды әдеби кітаптары да айғақтай түседі.  
Бәріміз жер-жерден ат арытып келіп қалған соң, ұйымдастырушылар өздеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысымен де таныса кетуімізді ұмытпай, медиа-форум бағдарламасына енгізіп қойыпты. Екінші күні өзіміз аралап көрген «Қазақстан-Ақтөбе», тәуелсіз «Рика-ТВ» телекомпанияларының отырған ғимараттары жайлы, студиялары да ыңғайлы. Барлығын қаржы шешетіні сезіліп тұр.
Бұл өңірде ең көп кездесетін есім  Әлия ма деп қалдық. Бәрінің атын батыр Әлияға ырымдап қойған.  Осы медиа-форумды жоғары деңгейде ұйымдастырған облыстық әкімдік, ішкі саясат басқармасы, оның басынан аяғына дейін бел ортасында жүрген  «Ақтөбе облысы саясаткер әйелдер клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Әлия Тұрниязоваға алғысымызды жаудырып, елге де бет алдық. 
 Осындай жақсы әсерлермен оралған бұл сапардың қолымызға қалам алғызбай қоймағанының да бір себебі бар. Ол – оқырмандарымызды газет жұмысын жаңғыртуға  арналған осы бір игі шарадан, одан қалды, арайлы Ақтөбе аймағының тыныс-тіршілігінен  аз-мұз хабардар етсек деген ізгі ниетіміз. Кім біледі, жедел дамып келе жатқан айтулы өңірге тіршілік болса, алдағы уақытта  да жолымыз түсіп, жаңа  жетістіктеріне де сүйсінерміз…

Көкшетау–Ақтөбе–Көкшетау.          

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар