Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әкем өткен жол - АРҚА АЖАРЫ

Әкем өткен жол

Қияндағы қиян-кескі соғыстың дүмпуі қазақ даласының түкпір-түкпіріне бірден жетсе керек. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда біздің әкеміз Балташ Сейітов Степняк қаласында орта мектепте оқып жүр екен. Туған жері бұрынғы Чкалов ауданына қарасты Амандық ауылындағы бас көтерер ер-азаматтардың барлығы тегіс Отан қорғауға аттанған.

Шоқ жұлдыздай шағын ғана ауылда жасарын жасап, асарын асаған әжелер мен қыз-келіншектер ғана қалса керек. Ендігі жерде елге ие болатын, шаруашылығын алға бастыратын адам керек. Небары он жеті жастағы бозбала селолық кеңестің хатшысының міндетін атқарады. Балауса иығына артылған жүк те жеңіл емес. Кеңес аумағында төрт ұжымшар бар еді. Тәжірибесі жоқ, жүрегінде жалындаған ынтасы ғана бар жас өзіне жүктелген міндетті барынша адал атқаруға ұмтылған. Кейін өткен өмір соқпақтарын есіне алғанда, ең ауыры майдан даласынан келген қара қағаздарды туған-туысқандарына тапсыру деп айтып отырушы еді.

Ауылдастарының азапты тұрмыстан арып-ашқан әлжуаз кескінінен, әр күн сайын, әр сағат сайын майдан даласына елеңдеулі күйінен 1942 жылдың тамыз айында өзі майданға аттанғанда ғана арылды. Ендігі арада не болса да, титімдей жазығы жоқ қаншама адамдарға қайғы-қасірет әкелген басқыншы жауға қарсы күреспек. Ыза мен кек көкірегінде тұнып тұр. Алғаш Свердловск қаласына дейін айға жуық жол жүріп барды. Жол бойы бұлар мінген вагон әскерге жаңадан алынған боздақтармен толықтырылып отырылды. Аз ғана уақыт ішінде соғыс өнерін үйренді. Іле бұлар мінген эшалон Ленинградқа бағыт алды. 105-ші полктың құрамындағы батальонда даңқты қаланы қорғады. Қаланың өзін емес, қала жанындағы Ладожское көлінің үстімен өтетін «өмір жолын» қорғады. Кейін аңызға айналған азапты да ажалды жол. Осы жолдың үстімен қоршауда қалған қалаға азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ жеткізілетін. Қаланың күретамырын кесу қолынан келмей, ызаланған немістер жағы «өмір жолының» үстінен әлденеше мың тонна бомба тастаған шығар. Шабуылдаушы ұшақтар «өмір жолының» үстінде өлексеге шүйліккен құзғындар тәрізді күні-түні ұшып жүретін. Күретамыр қиылса қаһарман қала да қаусап түспек. Көл үстіндегі жолды құтты мың сан адамның аяулы тағдырындай жан аямай қорғаған кеңес жауынгерлері жауған оқ пен жарылған бомбаның арасында жүріп қаһармандық көрсетті.
Тұмсығынан зілбатпан соққы тиген жау біртіндеп Прибалтикаға шегінді. Бұлардың полкы Латвияны азат етті. Одан соң Беларуссияны. 1945 жылы Польша жеріне аяқ басқан. Әйгілі қолбасшы Г.Жуков басшылық еткен бірінші Беларусь майданы Одер маңында фашистердің мықты қорғанысына тап болды. Екі жаққа да бұл шайқас оңайға түспеді. Әйткенмен, басынан аяғына дейін мұздай қаруланған неміс әскерлері кеңестік жауынгерлердің қуатына шыдай алмай тізе бүккен. 1945 жылдың сәуір айында Берлинді алып жатыр еді. 2 мамыр күні біздің әкеміз Балташ Омарұлы жақсы танитын қаруласы Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагтың төбесіне ту тікті. Немістер жағы әрбір үйдің құсқонарына, терезелеріне ақ ту іле бастады. Қиян-кескі соғыста жеңілгенін, тізе бүккендігін мойындайтын белгі.
Соғыс аяқталғанымен Балташ Омарұлы туған жер топырағына бірден орала алмады. Маршал Жуков пен фельдмаршал Кейтел қол қойған тарихи капитуляция шарасын күзеткен Балташ Сейітов одан кейін де Қызыл әскер азат еткен елді мекендерде қалып қойған жаудың ұсақ топтары, жекелеген қаскүнемдермен айқасу сәттерін басынан кешірді. Берлинді алғандағы көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды. Соғыстан соң арада аттай бес жыл өткен соң ғана елге оралды. Одан соң жоғары партия мектебін бітіріп, аудандық партия комитетінде жұмыс істеді. Зейнетке шыққанша облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болды. Әкеміздің еліне сіңірген еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. «Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», үш «Құрмет Белгісі» ордендерімен, толып жатқан медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Жауынгер ретіндегі бір ерекшелігін айта кеткім келеді. Әкеміз құралайды көзге атқан мерген болатын. КСРО-ның шекара әскерінің құрамында жүргенде талай жарыстарға қатысыпты. Сондай сәттерде қазақ мергені ешқашан жүлдесіз қалып көрмеген. Осы спорт түрінен бірінші разряды бар еді. Соғыстан кейін де халық шаруашылығын қалпына келтіру, одан кейінгі жылдары еліміздің экономикасының өсуіне бір адамдай еңбегін сіңірді.
Әлгі бір өлеңде айтылатындай, мен де бүгін әкемді айтып толғанамын. Балалары мен немерелері, келіндері мен жиендері жанындай жақсы көретін, ойлы жүзінен әрдайым нұр шуағы төгіліп тұратын, мінезі барынша қарапайым, жан адамға жамандық жасап көрмеген, тіпті, қатты сөз айтпайтын әке бейнесі кейінгі ұрпағының мәңгілік жүрегінде. Ұрпағының ғана емес, бір кезде үзеңгі қағыстырып бірге жүрген, бірге қызмет істескен адамдардың да көкірегінде көрнекті бейнесі, жарқын жүзі қалатын болар.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар