Өңірде «Нұр Отан» партиясының «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында» доктринасы негізінде қолға алынған «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Жуырда аудан әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов бірқатар соғыс және еңбек ардагерлерінің үйлерін аралап, оларға тиісті құрмет көрсетті.
Қоғамның аға буынға деген көзқарасын өзгерту, олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау тетіктерін қарастыру бағытында қолға алынған аталмыш жобаның қариялардың тұрмыс ауыртпалығын жеңілдетіп, олардың басындағы қиындықтардың оң шешілуіне ықпалы мол. Кезінде елге еңбегі сіңген қарттардың тұрмысымен танысқан аудан әкімі сұрапыл соғыста қиындыққа мойымай, аянбай тер төккен, сол арқылы жеңісті жақындатқан ардақты жандарға бейбіт өмір сүріп жатқан азат ұрпақ атынан шексіз алғыс айтты, партияның сый-сияпаттарын табыс етті. Соғыс және еңбек ардагерлері
Бакша Букурова, Рәшида Әбжәлімова, Ирина Володченколар осынау бір риясыз ықыласқа өздерінің ризашылықтарын білдірді.
Аталмыш партиялық жоба шеңберінде өңірде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің әлеуметтік картасы жасалып, оларға тиісті қамқорлық көрсету мақсатында партиялық еріктілер де бекітіліп, жұмыс істеуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараттары.
Ерейментау ауданы.