Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету бағытында қолға алынып жатқан шаралар сөз болды.
Брифингке қатысқан «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов банктің өз салымшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті. Басқарма төрағасының айтуынша, әрине, банк жұмысын көңілден шығып отыр деп айтуға келмейді. Дегенмен, оларды болдырмау бағытында қолға алынып жатқан нақты шаралар баршылық. Тұтынушылар шағымдардың жеті есеге азаюын осы оң нәтиженің бірі ретінде қарастырған жөн.
Әкімшілік кедергілер мен комиссияларды қысқартып, жаңа технологияларды көптеп енгізу, ашықтықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейтін банк «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Нақты екі бағыт бойынша, барлық санаттарға яғни, жалпы халыққа және жас отбасыларға арналған баспана салып жатқан банкті халықты сапалы, әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге жауапты жалғыз мекеме деп айта алмаймыз. Аталмыш бағдарлама мемлекеттің тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатқандықтан, жер бөлу мен тендерлерді сәтті өткізу осы мемлекеттік органдардың құзіретінде. Ашықтық жайына келер болсақ, банк салымшылары өз кезектерінің жылжу және жобаның жүзеге асырылу барысын ғаламтордан да бақылай алады. Қоғамдық кеңес те бар. Мұнымен қоса, қажетті құжаттар мен оларды қарау уақыты да айтарлықтай қысқартылған.
Ал, енді нақты деректерге келер болсақ, биыл республика бойынша жыл аяғына дейін шамамен 228 тұрғын үй, яғни, 350 мың шаршы метр баспана өз иелерін табады деп күтілуде. Бағдарламаның тек Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларға ғана емес, сондай-ақ, өңірлерге де қатысы бар. Әйткенмен, Елордадағы 672 пәтерге бес мыңнан астам салымшы таласқан, яғни, мұнда сұраныс жоғары. Дегенмен, Ақтөбе қаласында сұраныс осы мегаполистермен бірдей деуге де болады. Ал, біздің өңір керісінше, кезек саны жағынан алдыңғылардың қатарында емес көрінеді.
Брифинг барысында Айбатыр Жұмағұлов журналистер сауалдарына жауап берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.