«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы облыста сәтті жүзеге асырылып келеді. Жуырда облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың төрағалығымен мүмкіндігі шектеулі жандардың басындағы күрмеуі қиын мәселелерге қоғам назарын аудару, оларды шешу жолдарын қарастыру мақсатында дөңгелек үстел болып өтті.
Оған мүмкіндігі шектеулі жандар, мемлекеттік орган, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты. Жиынға қатысқандар мүгедектердің өмір сүру сапасын арттыру, осы бағытта жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктер мен партияның арақатынасын нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын қарастырды. Кездесуде сөз алған облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жарымжан жандар үшін ең басты кедер-гі – олардың денсаулық жағдайларының нашарлығы, дегенмен де, олар сырқат екендіктеріне қарамастан, жұртқа пайдасын келтірер адам болуға тырысатындығын баса айтты. Қоғамға өздерінің қажет екендіктерін сезіну оларға рухани ләззәт сыйлап, өмір сүруге құлшыныстарын арттырады. Сондай-ақ, ол еліміздің тек құқықтылар мен бірдей мүмкіндікке ие жандардың мекеніне айналуы қажеттігін, сол үшін де бірлесе әрекет етудің маңызының зор екендігіне жұртшылық назарын аударды.
Жиында қоғамдық бірлестік жетекшілері мен арнайы мектеп басшылары да күнделікті жұмыс барысында кездесетін кедергілерге тоқталды. Мәселен, 120 оқушы білім алатын есту кемістігі бар балаларға арналған №4 облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының басшысы Светлана Никулина оқу ордасы ғимаратының арнайы талаптарға сай еместігін және тарлық ететіндігін жеткізді. Соған қарамастан, ол дене
дамуында кемшілігі бар балалардың дарынды келетіндіктері мен өзі басшылық ететін білім ордасы оқушыларының бұл бағытта ұйымдастырылатын түрлі шығармашылық байқауларда топ жарып жүргендігін тілге тиек етті. Мәселен, өткен жылы республикалық «Жұлдызай» додасында мектеп шәкірттері жүлделі екінші орынға ие болған.
Жалпы, ресми деректерге сүйенсек, облыста 5074 мүмкіндігі шектеулі және 2326 мүгедек бала бар. Оның 2846-сы жалпы білім беретін мектептерде, ал, қалғаны арнайы оқу ордалары мен колледждерде білім алуда. Облыста білім ошақтарын инклюзивтік біліммен қамтамасыз етуге де жағдай жасалуда. №1 облыстық мамандандырылған арнайы түзету мектеп-интернатының директоры Аян Қасенова осы мектептер жанынан оқу-өндірістік шеберханаларын ашудың қажеттігі туындап отырғандығына тоқталды. Ол өз кезегінде мүгедектерді кәсіби оңалту және жұмыспен қамту мәселелерін ойдағыдай шешуге мүмкіндік берер еді. Бүгінде 25 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа алуға әзір отырған «Новопэк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері осындай дайын мамандардың жоқтығына назар аударып отыр.
Осы орайда, сөз алған «Ақ ниет» мүгедектер қоғамының төрайымы Қымбат Досмағамбетова соңғы уақытта елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға көп көңіл бөліне бастағандығын әңгімеледі. Қозғалыс жасауда қиындыққа тап болатын мүгедектердің қастарына көмекші алып, қажетті кресло-арбаға және гигиеналық заттарға да тегін иелік етуге болады. Жалғызбасты қарт ардагерлер мен зейнеткер мүгедектерге үйде күтім де жасалады. Көру, есту жүйесінің ақауы бар адамдарға да арнайы қозғалыс пен есту аппараттары беріледі. Мұнымен қоса, арбадағы мүгедектер инвотакси қызметіне де жүгіне алады.
Шара соңында облыстық партия филиалы мен өңірдегі мүгедектер бірлестіктерінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының аймақта сәтті жүзеге асырылуына атсалысып жүрген бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталып, жаңа үлгідегі партиялық билеттер табыс етілді.