Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен Ақмола облыстық әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттестік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Нұрлан Нұркенов өз сөзінде азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес секторы мен мемлекет арасындағы байланысты нығайту бірінші кезекте қаралатын мәселелердің бірі екендігін еске салды. Бұған Мемлекет басшысының өзі үлкен мән беріп отыр.
Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева сөз алып, облыстағы азаматтық қоғамды дамытудың кезек күттірмейтін күрмеулі мәселелеріне тоқталып өтті. Ол өз сөзінде аймақтағы қоғамдық ұйымдардың арнайы сайтының жасалып жатқанын да тілге тиек етті. Деректерді сөйлетер болсақ, өңірде 598 үкіметтік емес ұйым болса, оның тек 140-ы ғана нақты жұмыс істейтін көрінеді. Жыл сайын салаға бөлінетін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңбері де артып келеді. Салыстырмалы түрде алғанда, осы мақсатқа бөлінген қаржы 2007 жылдан бері бес есеге өсіпті. Биыл лоттар бойынша облыстық ішкі саясат, жастар саясаты, дін істері, денсаулық сақтау мен жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары арнайы жобаларды жүзеге асыруда. Осы орайда, басқарма басшысы өңірлер тарапынан белсенділіктің аздығына тоқталды.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Жақытова 2008 жылы «Арнайы әлеуметтік көмектер туралы» Заңның шыққанын атап өтті. Соның аясында осы жылдар аралығында бірқатар жұмыс атқарылды. Дегенмен, әлеуметтік салада өз жобаларын жүзеге асырғылары келетін ұйымдар аз көрінеді. Оған басты себеп бөлінетін қаражаттың аздығы болып отыр.
Ал, жалпы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына сараптама жасаған «Sara» қоғамдық қорының төрайымы Сара Баймағамбетова өңірдегі азаматтық қоғам институттарының барлығының дерлік жұмысы қанағаттанарлық емес екендігін атап өтті. Оның айтуынша, әріптестері тапсыратын есептер толыққанды емес көрінеді. Бұған қоса, құжаттардың рәсімделуінде де біраз кемшіліктер бар екен. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары бұл жұмыста мемлекеттік бюджет қаражатының ысырап болмауына назар аудару қажеттігін айтты.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.