Көкшетау гуманитарлық-техникалық академиясында Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық экология академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Жүнісовқа 75 жасқа толуына орай, құрмет көрсетілді.
Аталмыш шараны академия ректоры Әбілмәжін Аюлов ашып, жүргізді. Кешке облыстық әкімдік өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен шәкірттері қатысып, мерейтой иесіне ыстық лебіздерін білдірді. Сондай- ақ, облыс әкімі Сергей Кулагиннің құттықтау хаты табыс етілді. Гуманитарлық- техникалық академияның оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры Ирина Савченко профессордың өмір жолымен таныстырып, баяндама жасады.
Ал, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті, профессор Сағынтай Елубаев өз сөзінде Бақыт Жүнісовтың ғылымдағы алатын орны жайлы атап өтті. Профессор екі жүзден аса ғылыми еңбектің, соның ішінде үш монографияның, он оқу құралының авторы. Оның ғылыми жұмыстары еліміздің аграрлық экономикасын дамыту мәселелерін қамтиды.
Көкшелік ғалым өңірде жастарды ғылымға баулудағы жұмысын жалғастыруда. Еселі еңбегімен елге танылған профессордың әлі де талай белестерді бағындыратыны сөзсіз.