10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Global Islamic Finance Awards (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті. Мемлекет басшысына бұл награданы «Edbiz Consulting Limited» компаниясының бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар тапсырды.
Марапаттау рәсіміне Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысты. Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар үшін берілді.
Мемлекет басшысы 10-шы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының жұмысына қатысты.
Елбасы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумының «Экономикалық өсу жолындағы инновациялық серіктестік» тақырыбына арналған 10-шы отырысында сөз сөйледі.
Қазақстан Президенті әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызына бақылау жасайтын Ислам ынтымақтастығы ұйымына әлемдік ІЖӨ-нің тек 7,5 пайызы және жаһандық тауар айналымының 11,2 пайызы ғана тиесілі екенін айтты. Бұл ретте мұсылман әлемі халық санының өсуі, кедейлік, табиғи ресурстардың біртіндеп сарқылуы, экологияның нашарлауы секілді елеулі мәселелерге кезігіп отыр.
Мемлекет басшысы 2007 жылы біздің еліміз БАӘ-мен бірлесіп, Қазақстанда 500 миллион долларды капитализациялау арқылы «аль-Хиляль» алғашқы ислам банкін ашуға шешім қабылдағанын еске салды.