Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына осы қазан айында 120 жыл толып отыр. Аз ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет етіп кеткен дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығын, тар жол, тайғақ кешуде көрген бейнеті мен ел үшін тындырған берекелі істерін белгілі сәкентанушы қаламгерлер, жерлестеріміз: көрнекті әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев, Амантай Кәкен жан-жақты зерттеп, жазумен келеді.
Біз бүгін халық жадында мәңгі сақталатын қазақтың біртуар перзентінің 120 жылдық мерейтойына орай, 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған «Кеңселерде қазақ тілін жүргізу» атты мақаласын әдейілеп оқырман назарына ұсынып отырмыз. Сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының өзінде «қайтсек іс қағаздарын қазақ тілінде жүргіземіз» деп тыным көрмеген Сәкеннің бұл жазғаны бүгінгі таңда да өз өзектілілігін жоймағанын, тура осы күннің жанайқайындай болып оқылатынын оқырман өзі пайымдай жатар…
Қазақстанда кеңселерде қазақ тілін жүргізу керек екені 12-партия жиналысынан кейін тынбай айтылып келе жатқан сөз.
Жалпы Россияның Коммунист партиясының 12-жиналысында ұлт мәселесі туралы қаулысының шығып жарияланғанына едәуір уақыт өтті, бірақ бұл қаулының іске асуы, ғамалға қойылуы зор қиындықпен болып жатыр.
Оған себептер көп. Әрине, себептің ең зоры: осы күнгі өз алдына автономиялы, үкіметті ел болып отырған Россиядағы уақ ұлттардың оқыған адамдарының аздығы. Кеңсе істерін жүргізе білетін адамдарының жоқтығы. Бар болса, аздығы. Сол оқыған адамдары аз, кеңсе істерін жүргізе білетін адамдары аз республиканың бірі – біздің Қазақстан.
Міне, сол оқыған адамдарының аздығынан, кеңсе істерін жүргізе білетін адамдардың аздығынан біздің Қазақстанда қазақтары аз жер түгіл, қазақтары көп жерлердің өздерінде де кеңселерде көңілдегідей қазақ тілі жүріп кете алмай жатыр.
Қазақстанның қазағы көп жерлерінде қазақ тілінің кеңселерде жүріп кете алмай жатуына себеп болып тұрған екінші мәселе – біздің кеңселеріміздің кедейліктері.
Әрине, кеңсе кедей болса, көңілдегідей қазақша һәм орысша жазу білетін адамдарды сұраған ақысын беріп, кеңсе қызметіне ала алмайды. Аз ғана ақыға орысша һәм қазақша білетін адамдар қызмет қыла қоймайды. «Орысша-қазақша білетін» дегенім: біздің Қазақстанның көп жерінде орыс пен қазақ аралас. Сол себепті орыс пен қазақ аралас отырған жерлердің кеңселеріне қазақша һәм орысша жазуды бірдей білетін адамдар қазіргі уақытта бағалырақ болады.
Одан соң Қазақстанның кеңселерінде қазақ тілін жүргізу ретінде үлкен бір бөгет мынау: біздің болыстық мекемелерімізде қызмет қылып жүрген қазақтардың, сол мекемелердің басында жүрген қазақтардың бірсыпырасы қазақша жазғаннан, қазақша оқығаннан, қазақша сөйлегеннен орысшаны жақсы көреді, орысшаны оңай көреді. Кейбіреулері тіпті қазақша жазуды һәм оқуды білмейді. Ал кейбір аз білгендері қазақша жазбай жүріп, аз білгенінен айырылып қалады. Мұндай хал, әсіресе, бұрынғы заманда патшаның ұлықтарынан өте қаймығып, сол ұлықтарға өте қатты жағынып қалған жерлерде көбірек сезіледі, һәм өздері сол патшаның әртүрлі «ұлығы» болудың жолына қаттырақ түскен жерлерде көбірек сезіледі. Міне, осындай ескі әдеттен біздің қазіргі Совет үкіметінде жүрген адамдарымыздың кейбіреулері әлі қайтқан жоқ. Бұлардың құлқынша: орысша сөйлесең «білгіш» көрінесің, қазақша сөйлеп, қазақша жазсаң, «білмейтін» болып көрінесің.
Бұлар өздері қазақшадан орысшаға ұстарақ болады. 12-партия жиналысының ұлт мәселесі туралы шығарған «кеңселерде әр ұлттың өз тілі қолдансын» деген қаулысының көңілдегідей әрі уақытысында іске аспауына бір үлкен бөгет – кесірлі әдеттер. Ісбасында жүрген қызметкерлер бұл әдеттерін қоймаса, мұндай қызметкерлер бағалы қызметкер бола алмайды.
Жаңа мен айтып өттім: кеңсе кедей болса, орысша һәм қазақша жазу білетін адамдардың сұраған ақыларын беріп қызметке ала алмайды деп; ол рас, бірақ кейбір жерлерде жұрт қатарлы ақы алып, қызмет қылудан қашып жүрген орысша һәм қазақша оқулы адамдар бар. Мәселен, Орал губерниясында орысша орта дәрежелі мектеп бітірген елу қазақтың тізімі қазір менің қолымда. Бұлар қызметтен қашып елде жүр. Мұндай сұмырайлар талай жерде бар.
Ендігі, күллі Қазақстанда іс басында жүрген, 12-партия жиылысының қаулысы іске ассын деген азаматтардың міндеті:
1.Өзі совет қызметінде, Қазақстанда жүріп қазақша сөйлеуді, қазақша жазуды менсінбейтіндерді үйрету.
2.Жұрт қатарлы ақы алып, қызмет қылудан қашып жүрген сұмырайларды қай ретпен болса да іске жегу.
3.Кеңсе ісін білмейтіндерді тез үйретіп қызметке салу. Міне, совет һәм партия қызметінде жүрген, 12-ші жалпы партия жиналысының қаулысы іске ассын дейтін азаматтар осы іске жұмыла кіріссе, бұл мәселенің шешілуі оңайланады.
«Еңбекші қазақ», 12.04.1923 жыл.