Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Оралхан Бөкей атындағы XVI республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болып өтті.
Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, ел ішінен талапты, талантты жастарды іздеп табу болды.
Дәстүрлі додаға Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық облыстарынан 16 үміткер қатысты. Бұл байқауда Көкшетау қаласының дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Серікжан Маманов облысымыздың намысын қорғады. Қатысушылар проза, драмалық шығарма және мәнерлеп өлең оқу кезеңдері бойынша өзара сайысқа түсті. Сайыс барысында Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгімесіндегі мұғалімнің, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясынан Сырымның монологтарын, Әбубәкір Қайранның «Қасқыр» өлеңін оқып, өз өнерін ортаға салған Серікжанның шеберлігі көрермендердің көңілінен шықты.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Көпен Әмірбек бастаған әділ қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан Марал Қожамқұлова жеңіп алса, бірінші орын Серікжан Мамановқа бұйырды. Ал, екінші орынды Алматы қаласынан Сәкен Есенгелдиев пен Солтүстік Қазақстан облысынан Дінмұхамед Аяхбай өзара бөлісті. Үшінші орынға Маңғыстау облысынан Мейірбек Бердіоңғаров пен Қостанай облысынан Жансая Мұратбаева қол жеткізді.
Жанар ӘЛІПОВА,
облыстық тілдерді дамыту
басқармасының бас маманы.