Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерлікті, елдікті асқақтатты - АРҚА АЖАРЫ

Ерлікті, елдікті асқақтатты

«Көкшетау» мәдениет сарайында облыс әкімі Сергей Кулагин ардагерлер ұйымдарының Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концертіне қатысып, құттықтау сөз сөйлеп,  аға ұрпақтың белсенділігіне жоғары баға берді.

Гала-концертке  Көкшетау, Степногорск қалалары мен облыс аудандарының ұжымдары  қатысты. Облыс әкімі Сергей Кулагин өз сөзінде алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойының мән-маңызына тоқтала келе,  ерлік пен елдіктің, жасампаздықтың үлгісі – қазыналы қарттарға ризашылығын білдірді.
– Сіздер ерлік пен ерен еңбектің арқасында елімізге тыныштық, бақ-береке әкелдіңіздер. Бүгінгі өскелең ұрпақ сол еңбекті ақтауға міндетті. Біз өздеріңізбен   мақтанамыз. Сұрапыл соғыста елімізді жаудан қорғап қалған боздақтардың есімдері мәңгі ұмытылмайды. Қазақстан ынтымақ-бірліктің, татулықтың ордасы. Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, аға ұрпақтың өнегелі істерін лайықты жалғастыра білуіміз керек,– деген облыс әкімі соғыс және еңбек ардагерлеріне ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тіледі. Осынау шарада  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліповке құрмет көрсетілді. 
Жалпы, байқаудың іріктеу кезеңі  әрбір қала мен  ауданда өтіп, одан сүрінбей өткен жеке орындаушылар мен ұжымдар өз өнерлерін гала-концертте көрсетуге мүмкіндік алды. Байқауға жалпы саны 288 өнерпаз қатысып, патриоттық әндерді шырқаудан сынға түсті. Бұл жолғы гала-концертте Степногорск қаласынан келген Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Насиполла Назарұлы «Жас қазақ» әнімен жүректерді тебірентті. Сондай-ақ, Көкшетау қаласы, Бурабай, Аршалы, Сандықтау, Астрахан, Ерейментау, Бұланды, Шортанды, Атбасар және Зеренді аудандарының халықтық ардагерлер хорлары мен  фольклорлық ансамбльдері өнер көрсетті. Ақын-әнші Иран Тасқара  арнау айтып, көпшілік қауымның көңілін көтерді. Бурабай ауданынан келген Гүлнұр Аймахан «Ана туралы баллада» әнін нақышына келтіре орындаса, Целиноград және Жақсы аудандарының өнерпаздары әскери әндерге поппури жасады. Халық әні «Әпитөк», «Әлия», «Арыс жағасында», «Кестелі орамал», «Смуглянка», «День Победы»  сынды бірқатар әндер де құлақ құрышын қандырды. 
Гала-концерт соңында облыстық мәслихаттың хатшысы Нина Дьячек барлық өнерпаздар мен  ұжымдарға ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың, облыстық басқармалар  мен департаменттердің атынан «Үздік соло шығарма», «Халық әнін үздік орындау», «Үздік авторлық шығарма», «Үздік фольклорлық ансамбль», «Үздік аспаптық орындау», «Үздік хореографиялық ұжым», «Үздік патриоттық ән», «Халықтық-қолданбалы өнердің үздік туындысы» сияқты бірқатар аталымдар бойынша таңдаулыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар