Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шекараға елбасының ақ тілегімен аттанды - АРҚА АЖАРЫ

Шекараға елбасының ақ тілегімен аттанды

Қаншалықты жүрегі лүпілдеп, қобалжып тұрса да, онысын басқан нық қадамы, тік жүрісімен байқатқысы келмеген жас жігіт міне, Елбасының жанына да жақындап қалды. Өзіне мейірімділікпен қараған Мемлекет басшысының жылы ықыласы бойындағы қобалжуды бірден жоқ қылғандай болды. Бұл − Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан өзінің алғашқы лейтенанттық әскери шенін алған  санаулы түлектердің бірі – Ақылжан Сейітқазин еді.

−Ондаған офицерлер мен сол жердегі қаншама халықтың алдында жасқандым ба, әлде, жарқ-жұрқ еткен камералар әсер етіп,  Елбасының мысы басты ма, неге екенін қайдам, әйтеуір, сол сәтте қатты қобалжыдым, − деп бастады Ақылжан бізбен әңгімесін.
Қобалжымағанда қайтсін?! Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясы, Құрылық әскерлері институты, Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының әскери институты және Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтының әрқайсысынан мұндай бақытқа екі-ақ офицердің қолы жетті. Биыл шекара қызметі академиясын  258 түлек бітіріп шыққан-ды. Солардың ішінен  Президенттің қолынан әскери шен алу мәртебесіне Ғалым Хаметов пен біздің кейіпкеріміз Ақылжан Шахизадаұлы ғана ие болды. Әрине, оқуда озат болып, өздерін тек жақсы қырынан көрсете білгендіктері үшін.
−Елбасының сол жолғы: «Сіздер Қазақстанның әртүрлі ведомстволарында қызмет атқаратын боласыздар. Погондағы адамдар әрдайым жұрттың алдында жүреді. Барлығы, әсіресе, жастар соларға қарап бой түзейді. Сіздер  патриотизм, Отанға беріле еңбек ету және  адам рухының күштілігінің айқын мысалы бола аласыздар. Туған еліміз Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықтың салтанат құруы үшін бәрін біз жасайтын боламыз. Кез-келген мемлекеттің мықты армиясы болуы керек. Біз осы жолдамыз. Мен сіздерге өмірде табыс тілеймін», − деген аталы сөзіне кім жігерленбес. Осыны естіп мен де таңдаған мамандығымның, жалпы, өмірде ұстанған бағытымның  дұрыс екендігіне тағы бір көз жеткізгендей болдым, − дейді жас офицер рухтана сөйлеп.
Көкшетау қаласындағы №6 орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітіргеннен кейін Ақылжан Қарағанды қаласында орналасқан Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектепте оқиды. Сөйтіп, бұл жерде әскери өмірдің әліппесін үйренген ол 2010 жылы Алматы қаласындағы  жоғарыда аталған академияға оқуға түседі. Алдыңғы  арба қайда жүрсе кейінгі арбаның сонда жүретінін атам қазақ әлдеқашан айтып кеткен ғой. Ақылжан да осы жолдан жаңылған жоқ. Екі ағасының ізін қуып, ойланбастан әскери мамандықты  таңдады. Ол бұл жолдың да аса ауырын, шекарашы кәсібін өзі қалап алды.
Жалпы, шекара – кез-келген мемлекеттің мызғымас босағасы.  Әлем картасында барлық ел өз шекарасымен  белгіленеді. Жаһанда  жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын Қазақ елінің шекарасын  қорғау да жеңіл іс емес. Оңтүстігі мен солтүстігі, батысы мен шығысының арасы мыңдаған шақырымға созылатын ұлан-ғайыр жер  бізге қалған бабалар аманаты. Оны сырт күштерден көздің қарашығындай сақтауға шекарашылар тікелей жауапты.  Шекарашылар дегеніміз осы жолда тәулік бойы қолдарынан қарулары түспейтін  аса қырағы ұлдарымыз. Шекарадан  бір тіміскі, теріс пиғылды жанның өтпеуіне, бір бөгде заттың кірмеуіне, қысқасы, әр қазақстандықтың тыныш ұйықтауына жауап беретіндердің бірі – ендігі арада Ақылжан.  Ол бұл күнде «Шығыс» өңірлік басқармасында, яғни, Қазақстан – Қытай шекарасында застава басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.
Біз лейтенант погонын Ұлт Көшбасшысының қолынан алған жас офицердің әскери қызметте абыройлы биіктен көрінетіндігіне сенім білдіріп, ел тыныштығын тілейміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар