Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асан ЕСКЕНДІРОВ: «Сот шешімі әділдікке негізделіп шығарылуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асан ЕСКЕНДІРОВ: «Сот шешімі әділдікке негізделіп шығарылуы керек

Өмірдерек:
Асан Қайроллаұлы Ескендіров 1971 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1988 жылы Көкшетау  оттегімен тыныстау аппаратуралары зауытында слесарь болып бастады. 1991 жылдан ішкі істер, әділет органдарында қызмет атқарды. Ал, 1996 жылдан бастап Көкшетау қалалық, Астана қаласының Алматы аудандық және Ақмола облыстық соттарында судья қызметінде істеді. 2012 жылы Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы болып тағайындалғанға дейін Ақмола және Павлодар облыстарының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарының төрағасы болды.

–Асан Қайроллаұлы, алдымен елімізде қабылданғалы отырған Қазақстан Республикасының жаңа азаматтық процессуалдық кодексі туралы өз ой-пікіріңізді білсек?
–Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың  ел халқына арнаған биылғы Жолдауында заң алдындағы тепе-теңдік құқық қорғаудың негізгі арқауы болуы керектігі атап көрсетілген еді. Сот жүйесі іс жүзінде ашық та қолжетімді болып, кез келген дауды жедел шеше алуы тиіс. Бұл Елбасының 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты тұжырымдамасында да баса айтылады. Онда азаматтық процессуалдық құқық ең алдымен, сот билігіне қолжетімділікті қамтамасыз етіп, сот өндірісіне қатысушылардың құқықтарын дер кезінде қорғауға бағытталуы керектігі  басты назарға алынған. Сондықтан, азаматтық сот өндірісін жаңаландырудың міндеттерін шешуде жаңа азаматтық процессуалдық кодексті қабылдаудың маңызы артып отыр.
Мұндай жаңа жобаны жүзеге асыру азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғауда соттың тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жаңа заң сот қызметіндегі жеделділікті арттырып, техникалық құралдарды тиімді пайдалана отырып, жұмыс сапасын жақсартуға игі ықпалын тигізеді. Өйткені, кодексте сот өндірісіне қатысушылар мен судьялардың процессуалдық құқықтары мен міндеттерінің нақтылы тепе-теңдігі қарастырылады.
– Осы орайда, азаматтық процессуалдық кодекс-ке енгізілген өзгертулер мен толықтырулардан бір-екі мысал келтіре кетсеңіз?
– Мысалы, кодекстің 41-бабында барлық жеке  тұлғалар дүниеге келген сәтінен бастап азаматтық процессуалдық құқықтық қабілетті иеленетіндігі және қайтыс  болу сәтінен бастап оны жоғалтатыны нақтыланады. Ал, заңды тұлғалар мұндай құқықтық қабілетті мемлекеттік тіркелу сәтінен бастап иеленсе, тарағаннан кейін оны жоғалтатыны анықталған.
Сондай-ақ, жаңа кодексте талапкер және жауапкер ретінде заңды тұлғалармен бірге жеке тұлғалар болу мүмкіндігі қарастырылған. Сөйтіп, кодекс жобасында азаматтық процестегі тараптардың бірі мемлекет болуы көрсетілген. Сонымен бірге, азаматтық кодекстің 111-114-баптарында азаматтық құқықтық қатынастарға мемлекет қана емес, оның әкімшілік-аумақтық бірліктері де қатысуы қарастырылады. Осыған орай, азаматтық процессуалдық кодекстен азаматтық процес-терде мемлекет немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің тараптардың бірі болуы  өте дұрыс екенін көреміз. 
–Жалпы, бұл жаңа кодексте сот төрелігінің жаңа сипаттары көптеп енгізілгені байқалады. Осы орайда, соттағы өкілдік жайлы да айта кетсеңіз?
–Шыны керек, бүгінгі қозғап отырған мәселе өте өміршең екендігін айтар едім. Бұл жаңа кодекс еліміздегі құқықтық реформалардың бір жемісі деуге болады. Өйткені, біздің барлық заңдарымыз әлемдік өркениет талаптарына сәйкестендіріліп, қарапайым адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау және мемлекет мүддесін сақтау арқылы  көрінуі тиіс. Сондықтан, жоғарыда айтқанымдай, бұл кодекске көп жаңа өзгерістер енгізілген.
Соттағы өкілдік мәселесі де жаңа сипатта көрініс тауып отыр. Мәселен, жобаның алғашқы мәтінінде соттағы  заңды тұлғаның ісін атқарушы орган басшысының өзі, не жоғары заңгерлік білімі бар заңды тұлға, не адвокат  жүргізуі тиіс деп қарастырылса, ендігі жерде жұмысшылардың, қызметшілердің және басқа да тұлғалардың істері бойынша олардың құқықтарын қорғайтын құзырлы кәсіптік одақтар да осындай мүмкіншілікті иеленеді. Сонымен бірге, олар сотқа заңға сәйкес өзінің жарғысы немесе ережесін ұйым мүшелері құқығын ұсынатын өкілетті ұйымдардың немесе іске қатысушы тұлғалардың тапсырмасы бойынша да осындай өкілеттілікті жүзеге асыра алады.  Ал, Жоғарғы сотта  сот актілерін қадағалау тәртібі бойынша қайта қарау кезінде тараптар өкілеттігін заңнамаға сәйкес аккредитациядан өткен адвокат жүзеге асыра алады.   Яғни, жеке тұлғалар сотта өз істерін өздері немесе өз өкілдері арқылы жүргізуі қарастырылған.
Жалпы, кодексте бұдан басқа да көптеген жаңа құқықтық тұжырымдар енгізіліп отыр. Осының барлығы еліміздің заң сақтау саласындағы қызмет аясын кеңейтуге бағытталған. Кодекс жобасын жасаушылар да осы мәселені басты назарға алғанын айтар едім.
– Бұл ретте, облыстың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы ретінде осы салада жыл басынан бергі атқарылған жұмыстарға да тоқтала кетсеңіз?
– Алдымен азаматтық істер жайлы айтар болсам, облыс соттарына  жыл басынан бергі тоғыз айда 446 іс келіп түсті. Сонымен қатар, 24313 арыз-шағым жолданды. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 18,6 пайызға көп. Осы уақыт ішінде 21912 азаматтық іс өндірісі аяқталды. Бір айтарлығы, мерзімі бұзылып қаралған азаматтық істер болған жоқ. Ал, есепті кезең аяғында  аяқталмаған істер қалдығы  1967 істі құрап, былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда аздап көбейді. Мұның себебі, келіп түскен арыздардың жалпы санының көбеюімен байланысты болды. Екіншіден, бұған заңнаманың өзгеруіне байланыс-ты салық органынан талап-арыздардың көбеюі де өз әсерін тигізді.
Жалпы алғанда, азаматтық істердің соттардың алғашқы сатысында қаралу сапасы жақсара түсті. Өткен есепті кезеңде апелляциялық негізде 115 шешім өзгертілді. Оның өзгертілу себебі, арыздарды қараусыз қалдыруға байланысты жаңа шешімдердің енгізілуіне қатысты болды.
Осы ретте, статистикалық деректерге сүйене отырып, бірінші сатыдағы соттармен және апелляциялық сатыдағы соттарда жағдайдың әртүрлі  болуының себебі материалдық және процессуалдық нормаларды бұзу немесе дұрыс қолданбау жағдайынан туындап отырғанын көреміз. Бұл талқылау кезінде іске жете дайындамағанды көрсетеді. Мысалы, ең көп шешімдердің ауыстырылып, өзгертілуі Көкшетау қалалық сотында (1,8 пайыз), Степногорск қалалық сотында (2,0 пайыз) және тағы басқаларында   көрініс тауып отыр. Бір жағынан, бұл соттарда істер де көп қаралады. Мұндай шешімдерді жік-жікке бөлсек, еңбек даулары, отбасы-неке келіспеушілігі, мүлікке меншік құқығы, тұрғын үй және жер дауларының  көптеп қаралатынын көреміз. Сондықтан, сот тәжірибесінде сот актілерінің ауыстырылып, өзгертілуі олардың күрделілігінен емес, құқықтық қатынастардағы тараптар арасында қалыптасқан, анықтауы  мен айғақтауы қиынға соғатын жағдайлардан туындайды.
Жалпы, облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істері бойынша апелляциялық сот алқасы сот төрелігін сапалы жүзеге асыру бағытында біраз жұмыстар атқаруда. Бұл ретте, жеке судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру маңызды болып табылады. Көп істерде заңдық баға беру кезінде күрмеуі қиын түйіндер ұшырасуда. Сондықтан, мұндай жағдайларда судьялардың жеке кәсіби шеберлігі мен біліктілігі үлкен рөл атқарады. Өйткені, сот төрелігі әділдікке негізделіп шығарылуы тиіс. Ешкім заңнан жапа шекпеуі керек. Кез келген адам өзінің құқығын қорғап, әділдікті соттан табатындай мүмкіндік жасалуы керек. Бұл бүгінгі таңда жаңа құқықтық реформалардың негізгі талаптарының біріне айналып отыр. Алдағы уақытта біз де  осы мақсатта белсене  жұмыс істей береміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар