Ақмола облыстық әкімдігінде «БАҚ – қоғамдағы құқық бұзушылыққа деген «нөлдік төзімділікті» және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана-сезімді қалыптастырудағы басты құрал» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.
Еуропа құқығы және адам құқықтары жөніндегі институты мен Қазақстан Республикасы Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті бірігіп ұйымдастырған аталмыш шарада бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі жан-жақты сөз болды. Жиынға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Осы мәселе жөнінде институт сарапшысы, саясаткер Кенжеболат Жолдыбай сөз сөйлеп, елімізде орын алатын заң бұзушылықтарды болдырмау үшін ұрпақ тәрбиесіне көп мән беру керектігіне тоқталды. Бүгінгі таңда қоғамда тәрбиенің аздығы ең басты проблемаға айналып отыр. Осы орайда, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтқан абзал.
Дөңгелек үстел барысында сөз алған «Түгел» медиа орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел «нөлдік төзімділік» термині ең алғаш Америка Құрама Штаттарында пайда болғанын айтты. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қалыптастыру қоғамның басты міндеттерінің бірі. Әр мемлекеттің ұстанған екі бағыты болады. Бірі – экономика, бірі – идеология, екеуін қатар ұстау дамыған мемлекеттерге тән. Осы орайда, елімізде идеологиялық көзқарас қалыптастыруда журналистиканың рөлі орасан. Сол себепті, ел мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын журналистер қатарын көбейту қажет. Олар қазіргі қоғамның барлаушылары деп ойын түйіндеді.
Ал, «Sara» қоғамдық қорының төрайымы Сара Баймағамбетова өз сөзінде журналист тәрбие мен ізгілік жолында қызмет етуі қажеттігін атап өтті. Осы орайда, ақпаратты таратуда жаңашыл амал-әдістерді қолданып, жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлу маңызды. Сондай-ақ, оқушылармен жарыққа шыққан мақалаларды талқылау оқырман санын көбейту мақсатындағы игі шара екенін жеткізді.
Ал, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары жайын баян етті. Аймақ бойынша 106 басылым тіркелген. Олар облыстың тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты хабар беруде. Сондай-ақ, журналистердің кәсіби деңгейін арттыратын шеберлік сыныптарының маңызына тоқталды.
Шара соңында журналистер қауымы өз ойларымен бөлісіп, аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың амалдарын ұсынды.