Кенже бала тақырыбына ой қозғаған «Арқа ажары» газетінің оқырман- дарының ой толғаныстарын оқып, көп толғандым. Бір істі бастамас бұрын адам оң-солына қарап барып, не айту, не істеу керектігін екшелей отырып, өзіндік пікірін түйіндейді. Сондай мақсатта «білгенім бір ғана тоғыз» болғанмен, қалам алдым, ой қоспақпын.
«Кенже баланың қара шаңырақтан ат құйрығын үзіп кетуінің… себеп-салдары біздіңше тым әріде жатыр, – дей келе, кенже баланың ата-анасын асырап, қара шаңыраққа ие болып қалу үрдісі төңірегінде оқырмандардан толымды ой-пікірлер күтеміз» делінген сүйікті газетімізде. Журналист, ұлт жанашыры Байқал Байәділовтың кенже бала дәстүрінің әулеттің ғана емес, ауыл тағдырына қатыстылығы жөніндегі, оқырман қабырғасын қайыстырған, келер ұрпақтың қамы үшін жазылған мақаласы көңіл түкпірінде жатқан қаяуға түрткі болды.
Халық мәдениеті мен этногра-фиясында қара шаңырақтың орны ерекше. «Шаңырақ» киіз үйдің уықтарын біріктіріп, еңсесін көтеріп, тұтастырып ұстап тұратын дөңгелек шеңберді халқымыз киелі санаған. Шаңырақты майыспайтын, берік, ұзын сырық бақанмен көтеріп, уықты шаңырақ қаламдығына енгізіп, төменгі ұшын керегенің басына қосып байлайды. Сонда барып шаңырақ қандай дауыл болсын шайқалмайды. Көшпелі кезеңдегі ата-бабамыздың киіз үйі бара-бара құрамалы қорғанды баспанаға айналып, қара шаңырақ атанды.
Қара шаңырақ – ата-бабасы тұрған, ұрпақ өрбіген, құт-береке қонған, жарық дүниенің сәуле-нұры төгілетін тұрғын үй. «Шаңырағың берік, биік болсын!» деп бата беретін киелі орын. Ертеде анамыз қай үйге барса да, оң тізесін бүгіп, шаңыраққа сәлем салатын.
Кенже бала ата-анасының әл-пештеп, еркелеткен сүт кенжесі. Үлкендері шаңырақ көтеріп кеткенде, атамекенді сағынғанда аңсап оралып, мауқын басатын Алтын Орданың иесі кенже бала болатын…
«Кіндік қаны тамған жерден безіп, ауыл шаңырағын ортасына түсіру құбылысы жалғасқан үстіне жалғасып келеді», – деп қиналған М.Ғибәділовтей ардагердің пікірі шындық. Мен келін болып түскенде Бурабай ауданы Успено-Юрьевка кеңшарына қарасты Қарағай ауылында 60-қа тарта шаңырақ болатын… Грейдерден (тас жолдан) 4-5 шақырым ғана жердегі ауылға автобус қатынамайтын. 1970 жылдың басында жұбайым Молдахметов Нұрыш Алматыдан оқуын бітіріп, Щучье қаласында МАИ-да қызмет атқарып жүргенде, автобазалардың басшылармен келісіп, еліне тас жол төсетіп, автобус жүргізгенде ауыл тұр-ғындары ризашылық білдіргені аян.
1986 жылы енем қайтқанда інілеріне: «үй сатылмайды, біреуің тұрасың!» деп уәж айтқаны әріден ойлаған көрегендігі екен ғой. Қазір сол елді мекенде екі-ақ отбасы; Ақанов Ертай Сансызбайұлы мен Тоғаев Қадір Алпысұлы өз кәсіптерін дөңгелетіп, түтінін түтетіп, туған жердің шалғын шөбін басып, саф ауасымен тыныстауда. Жат елден «елім» деп қоныстанған бір-екі отбасына қайырлы қоныс болып, тұрақты тұрғыны болуға жазсын. Сол елді мекеннің аты өшіп кетеді-ау деген үрей төбе құйқамды шымырлатады.
Тәуелсіз ел болған Қазақстанның қай аймағында болсын, ата-салтымыздан аттап, өсіп-өнген елін жетімсіретіп, шаңырағын қаңыратып, ата-анасын аңыратып, басқа мекеннен кәсібін тауып, күнін көріп жүргендер аз емес. Жастардікі–жастық. Ал, өсіп-өнген жерін қиып, үдіре көшетіндей қарттарымызға не көрінді екен? Сөзі өтімді, сесті, ел сенімін ақтайтын, сол мекеннің бас көтерер азаматтарының жоқтығынан болар. «Ежелден ер азамат – ел діңгегі» болып, ауыл ақсақалының алдында бас иген, айтқанын екі етпей, үлкенді кіші сыйлаған, сөзге тоқтаған ғұрыптың көмескіленуі қоғамдық пікір алысуға мәжбүрледі.
«Кенже бала» тақырыбына байланысты жазылған мақалаға пікір білдірушілердің әрқайсысының ойлары салмақты-ақ. Шіркін, сол жазбаларды оқып, ой түйетін оқырмандар көп болса ғой. Иә, кенже баланы былай қоя тұрайық, бірнеше ұлдары бола тұра, тағдырдың тауқыметін тартып жүрген ата-аналар аз ба? Бала марқайтады және де қартайтады…
Қара шаңырақтың иесі болатын кенже балаға, жат жұрттың босағасын аттайтын қызымызға салт-дәстүрімізден өнеге, үлгі бере алып жүрміз бе?!. Меніңше, кінәлі кенже бала да емес, келін де емес: «ұлдың ұяты – әкеге, қыздың ұяты – анаға» демекші, себебін әріден іздейік.
Өз баласына үлгі-өнеге көрсете-тіндей, сол әулеттің кенже баласы, не бір баласы шаңырағына ие болып, өз балаларына үлгі-өнеге көрсетіп отыр ма?!. «Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат»дегенді (Қазыбек би) өз ісімен көрсете алмаған жандарға не айтарсың. Сол қара шаңырақтағы ошақтың отын сөндірмей, түтінін түзу маздататын келін бар ма? Көпке жала жабудан аулақпын. Бар. Сондайдың бірегейі, шәкірттеріміз Бурабай ауданына қарасты Жаңажол ауылындағы Нұрғожин Арман мен жұбайы Гүлжайнаның есімдерін ауыз толтырып айтуға болады. Көкшетау қаласында Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттегі қызметтерін тастап, қалаға көшуден бас тартқан әкелерінің шешімі бойынша атамекенінің тұрақты тұрғыны болып тұрып жатыр. Алтын босағаның шамшырағы болған аналары бақилық болған соң, қарт атасын атамекенінен қозғамай, жат жерде қос жанарын жаудыратпай, немерелері жанында, арман-тілегіне қанат бітіріп, рухани көмек болған Армандай ұлдарға айтарымыз, ата-ана алдында кінәлі болудан сақтанып, дін алдында күнәлі болудан сақтанып, қара шаңырақтың құтын қашырмай, іргелі ел болуға үлесіңді қоса бер. Ұлт болашағын ойлайтын, түйсікті перзенттер саны көбейе берсін.
Баланың отбасы, мектебі, өскен ортасы бар, соның ішінде отбасының ықпалы ерекше, атаның мұрагері – ұлы, ененің мұрагері – келіні. Ата мен ана сабырлы, отбасының құпия сырларын сыртқа жариялатпайтын, өсек-аяң, іштарлық, өзімшілдік тәрізді келеңсіз жайттарды ұят санайтын бағыттағы ұлттық тәрбие көзін балалары қолдап, жадында сақтаса, нұр үстіне нұр. Бірақ, ұлы халқымыз: «әкеге тартып ұл тумас, шешеге тартып қыз тумас», дей келе, «сөзді ұққанға айт, ақылды жұққанға айт» деп тәрбие көзінің қиындығын ескертіп өткен. Дегенмен: «ұрысуға ұлың болсын, керісуге келінім болсын-ды» жадымызда сақтайық. Қай шаңырақта кірбің қабақ танытпайтын отбасы бар? Бәрінде де болады. Соған төзім, түсіністік қажет. Әсіресе, үлкендер, біздер тарапынан қай жерден қателестім дегендей, кикілжіңнің қалай неден шыққанына сауал іздеп, әрі қарай ушықтырмаудың қамын ойлап: «өркенім өссін десең кекшіл болма – өскеніңді өшіресің» (Қазыбек би) дегенге түсіністік танытайық.
Кенже бала дәстүрі қол жетпейтін аспандағы «ай ма?» деп қараймын. Қара шаңырақтан өрбіген бауыр-лардың безбүйрек болып кетіп бара жатқанын көргенде, естігенде ішім қан жылайды. Осы мақалаға байланысты жазылған пікірлерді оқып отырып, жалғыз бауырым Құлтайдың қара шаңырағын ұстап отырған кенже інім Қайрат (жеті ағайынды) пен Нұргүл келінді еске алып, тәубама келіп, көздің жасын бір сықтым. Төркіндеп барғанда сағынышымды басатын әкем Жұрынның шаңырағы орнында. Немере-шөберелері, жиендері бір ананың баласындай бас қосып тұрады. «Ағайынның қадірін білмесең, жалғыздық берсін жазаңды» дегенді басы жұмыр пендеге бермесін! Өзін өзекке теуіп, жатқа мазақ болудан сақтасын.
Халықтық педагогика аясындағы тамаша салт-дәстүрімізді қалыптастырудың орнына ойсыратып, өз ұрпағымызды ұлттық нанымнан адастырып жүрген жайымыз бар. Қазір тойларда ұлын үйлендіріп тұрған ата-ана жаңа түскен келінге қарап, тілек айтады: «қызым деймін, қызымыз боласың» дегенді еститін болдық. Кешірім өтінемін, келін ұлдың әйелі емес пе, қайдан қызы болмақ? Келіннің ата-ана алдында атқарар өзіндік парызы бар емес пе?!. Одан да «өзегімді жарып шыққан бір перзентімдей жүрегімнен орын аласың, қадамың құтты болсын, құлыным» деген дұрыс-ау. Жалпы алғанда әр туысты, баланы өзіндік атауымен атауды ұмытпаған абзал.
Жастардың үйлену тойларында, туған күн кештерінде свеча жағып тәтті нанды (торт) әкелгенде той иелеріне отты үрлеп сөндіртеміз. Осы бір сәт қазағымның жақсылыққа бейімделген ырымы ма? Келісу қиын. Жаңа түскен келіннің отқа май құю дәстүрі отың өшпесін, бақытты бол дегенге саяды. Оқыған кітап, көрген киномыздан ұлттық танымымызға тән дәстүрімізді неге ұстанбаймыз? Мысалы, «Қыз Жібек» фильмінде Төлегеннің қаза тапқанын қазандықтағы отты өшіру арқылы Жібекке естіртеді. Отың өшті, шаңырақ көтере алмайсыңды үнсіз ұғындырады.
Бұл күнде тоқсанға толып жатқан классик жазушымыз Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы Еламанның басынан кешкен ауыр тағдырдың нысаны–шаңырағы құлап, баланың бесігі жұртта қалды. Сол сәтте оқырманның төбе құйқасы шымырлап, Еламанның қасірет-қайғысын бірге тартады. От, шаңырақ, бесікке деген халықтың құрметі: «отың өшпесін, шаңырағың берік болсын, бесігіңді түзе» дейтін киелі де асыл қазынасы көмескіленіп барады. Қалай қайтарып аламыз?
Соңғы жылдары омыртқаға, құдайы тамаққа, ауызашарға құрметті қонағыңды шақыра қалсаң: «қай жерде бересің?» – дегенді естігенде көңілім құлазып қалады. Үйлену тойлары, басқа да шараларды кісінің көптігінен, лажсыздан мейрамханада өткізесің. Ал омыртқа, ауызашар мен құдайы тамақта ақ дастарқанды айдалаға, әлдекімнің мейрамханасына апарып жайғанымыз дұрыс па?! Қара шаңырақтың қадірі қайда?! Ақ дастарқанға берілетін бата, оқылатын құран, тілеген тілек қайда қалады? Шаңырақтың киесі, босағаның беріктігі осындайдан ыдырай бастайтын секілді. Осының салдарынан болар, айт күндері шақырусыз айттап, басқа үйге кіріп шығудың сирегені анық. Осындай дәстүрді көріп өскен бала мен қыз қара шаңырақтың, ата-дәстүрдің қадірін түсініп, елдің иесі, жердің киесі барлығына сеніп, елдің елдігін сақтай ала ма? Таласым жоқ, сақтайтындар бар. Олар кейінгіге үлгі ретінде тамырын тереңге жайып, көгеріп, көктей берсін.
Кенже баланың санасына жас-тайынан шаңырақтың иесісің деген ұғымды қалыптастырып, ауыл тіршілігіне икемдеп көру қажет. Елді мекенге деген құштарлығы болмаса, ата балаға сыншы, ата-дәстүрін жалғастыра білетін, байлық–дұшпан, көп жинаған дүниеден көрікті көрінген түс артықтығын түсінетін, ізгі адами қасиеттерді бойына жинаған, иманды бір балаға қара шаңырақты сеніп тапсыру қажет. Басқа балалары атамекенді тұрақтаған бауыры мен келінін рухани және материалдық жағынан шынайы бауырластық сезімде қамқорлыққа алса, шаңырақ шырқы бұзылмас, ауыл іргесі сөгілмес. Ел болам деген елге мемлекет те қарап қалмас.
Шаңырақтың шырқын бұзатын: «үлес, менің үлесім бар» дейтін кесел шаңыраққа от тастайды. Қазақи ғұрыпқа жат. Отбасының тырнақтап жиғанын талан-таразыға салатын «бөліс» ынтымақ-бірліктің қас жауы. Оны болдырмау – тікелей ата-анаға байланысты. Өз құқын бәрінен жоғары қойып, ата заңға сүйенген жөн. Ақпарат беттерінде, телеарналарда, түрлі кездесулерде адамның намысын оятып, санасына қозғау салып рухтандыратын, тәрбиелік мәні зор тағылымды шаралар ұйымдастырылса, ауылды мекен тағдыры оң шешімін табар деген үміт бар.
Ене мен келін, абысындар арасындағы сыйластық, үкілеген үмітіміз болсын. «Жерді ер сақтайды, ұлтты қыз сақтайды» дейтін кемеңгерлікті бойтұмардай бойымызда сақтап, жерді сақтау ер азаматтарымызға аманат болса, ұлттық намыста тәлімді тәрбие беруді аналық парыз деп санайық. Ойымды философ Солонның Крез патшаға айтқан тәлімімен қорытындыламақпын: «адам өмірінің немен аяқталғанын көріп барып қана, оның бақытты, я бақытсыз екенін айтуға болады» деген ғой…
Таңсық ЖҰРЫНҚЫЗЫ,
ардагер ұстаз.
Көкшетау қаласы.