Тараз қаласында спорттық каратэден Қазақстан Респуб-ликасының кубогы сарапқа салынды.
Жарысқа Алматы қаласы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарынан 6-18 және одан жоғары жастағы қыздар мен ұлдар қатысты.
Каратэшілер сайыстың екінші күні жүлделі орындар үшін таласты. Біздің облыстың құрама командасының мүшелері әр топта татамиде сынға түсіп, нәтижесінде 14 алтын, 11 күміс және 5 қола медаль олжалады. Бұл жолы ката және кумитэ жекпе-жегінде Айнаш Махамбетова, Дамира Жаубасар, Гүлбағыш Махамбетова екі алтын медальдан жеңіп алса, Ұлан Сұңғат, Артем Буряк, Вадим Ежов, Әділ Башаров, Айдар Хамзин, Санжар Сембаев, Әдемі Жақсылық, Әлішер Жүсіпов өз салмақ дәрежелері бойынша топ жарды.
Жерлесіміз Дамира Жаубасар (суретте) турнирдің үздік каратэшісіне тағайындалған кубокты олжаласа, WKC спорттық каратэ бойынша Ақмола облысы құрама командасының аға жаттықтырушысы Руслан Дүкембаев турнирдің үздік төрешісі атанды. Сөйтіп, ақмолалықтар алға Жамбыл облысы құрамасын ғана жіберіп, командалық есепте екінші орыннан көрінді. Жүлделі үшінші орынға Батыс Қазақстан облысының спортшылары табан тіреді.
Жарыстан соң республика құрамасының мүшелері анықталды. Олар енді 2015 жылы Латвияда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.