Әлемнің серпінді дамыған отыз елінің қатарына қосылуымыз үшін қоғамымызда жазылмас дертке айналған жемқорлықпен күресті күшейту қажет етіледі. Сондықтан да, бұл өзекті мәселе «Нұр Отан» партиясы саяси доктринасының басым бағыттарының бірі болып отыр.
Мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХV съезінде сөйлеген сөзінде: «Саяси көшбасшылықтың түбегейлі мәселесі − біздің сыбайлас жемқорлықпен ымыраға келмейтін стратегиямыз», − деген тұжырымды ой айтқан болатын. Бұл еліміздің демократиялық, ашық қоғамға қарай тағы да бір қарышты қадам жасауына ықпал етеді. Әрине, бұл тұста қоғам пікірімен, көпшілік көзқарасымен санаспасқа болмайды. Міне, сондықтан да, партия қалың бұқараның талап-тілегін ескере отырып, 2025 жылға дейінгі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының» жобасын әзірледі.
Жалпы, жемқорлықпен күресте тәрбие мен білімнің де алатын маңызы ерекше. Оның түп мазмұны қоғамға аталған құбылыстың қатерін түсіндіріп, сол арқылы, парақорлықтың жағымсыз бейнесін қалыптастыру болып табылады. Жемқорлыққа қарсы мінез стандартын насихаттау мен қоғамдағы құқықтық нигилизмді түп-тамырымен жою – бұл күрестен біздің алар бас-
ты нәтижеміз.
Қауіпті құбылысқа қарсы жұмылуға үндейтін аталған бағдарламаға «корпоративтік жемқорлық» деген жаңа ұғым енгізіліп, оның квазимемлекеттік орта мен экономиканың жекеменшік секторына таралуына қарсы тұру қажеттігі баса айтылады. Сондай-ақ, жобада көлеңкелі экономика деңгейін бәсеңсіту мен оның үлесі аса жоғары салаларға қатаң бақылау орнату қажеттігіне де назар аударылады.
Ал, кәсіпкерлікті қорғау аясында бизнеске әкімшілік қысымды азайту үшін партиялық және қоғамдық бақылау тәжірибесі кеңейтілетін болады. Бұдан басқа, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы партияның бизнес қауымдастықпен өзара байланысының тиімді жолы жасалады. Бағдарламада конституциялық жекеменшікке қол сұқпау, адал бәсекелестік пен кең ауқымды кәсіпкерлік бастамаларды қолдау қағидаларын тиімді іске асыруды қамтамасыз ететін тетіктер де қарастырылған.
Бұл мерейлі міндет нұротандықтарды ғана толғандырып қалмауы керек. Бұған барша жұртшылық болып атсалысқанда ғана оның жемісі болатыны анық. Сондықтан, бұл ізгілікті істен ешкім сырт қалмайды деп ойлаймыз.
Бақыт ОСПАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары.