Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын көгілдір экран арқылы отбасымызбен бірге отырып тыңдадық. Жолдаудың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдаудың неліктен ертерек жолданғандығын бір ауыз сөзбен айтып өтті.
«Мен өзімнің тәжірибемнен алдын-ала сезіп отырғанымдай таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады».
Алдымызда күрделі уақыт, қатаң сын тұрғандығын іштей сезіндік. Тұтас мемлекет мықты болуы үшін біздің әрқайсымыз аянбай еңбек етуіміз керек. Ендеше, Жолдау жайындағы пікірімді ел ішінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен қоса өріп сабақтайтын болсам, біздің Сарыөзек селолық округіне Ақан, Баратай және Уголки елді мекендері қарайды. Үш елді мекенде де білім ошақтары, мектеп жанындағы мектеп жасына дейінгі балалардың шағын орталықтары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, фельдшерлік-акушерлік пункттер, байланыс тораптары жұмыс істейді. Өткен жылы Уголки ауылындағы электр қуатын тарататын тораптың төрт шақырымдық ағаш бағаналарын бетон бағаналарға ауыстырып алдық.
Округтегі халықтың қолында 1132 бас қара мал, 557 бас жылқы бар. Үкімет тарапынан ауылға бағытталған бағдарламалар шеңберінде ел адамдары несие алып, мал басын көбейту жолында қажырлы еңбек етіп жатыр. Округтегі 17 шаруа қожалығы жүздеген қара мал, жылқы, қой, ешкі өсіріп, бағымдағы малдарын өз төлі есебінен көбейтуге ниеттенуде. Ақан ауылының тұрғыны Мереке Әбділманов ел еңсесін көтеруге бағытталған арнайы бағдарлама бойынша несие алып, жылқы өсірумен шұғылдануда. Баратай ауылының тұрғындары, Әлиевтер отбасы асыл тұқымды, сүтті ешкі бағып, шипалы да дәмді сүтін шығаруды қолға алып жатыр. Осы бағдарламалар шеңберінде мал қораларын салып, еңбек етсек деп емініп отырғандар аз емес. Ағаш өңдейтін цех ашу да қолға алынуда. Бір сөзбен айтқанда, ел қазір еңбектің дәмін біліп қалған. Сондықтан да біріне-бірі қарап, бірінен-бірі үлгі алып, тырбанып тіршілік етуде.
Елбасының Жолдауы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ынтымақты еңбек етіп жатқан ел адамдарының болашаққа, сүйікті Отанымыздың нұрлы жолына деген зор сенімін тудырып отыр. Айталық, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллард теңге қаржы бөлінеді екен.
Мұның өзі орасан көп қаржы ғой. Түтіні түзу ұшып жатқан ауылдағы ағайынға қазір жұмыс істеуге мол мүмкіндік туып отыр. Бұрын шаруаңды дөңгелету үшін бастапқы бетте қаржы тапшылығы қол байлайтын болса, қазір мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінуде. Тек осыны ел адамдары біліп алып, жұмыс істесе болғаны. Біздің селолық округтегі ауыз толтырып айтуға тұрарлық игі бастамалар өзгеге үлгі боларлықтай.
Әлемді есеңгіретіп отырған қаржылық қиындықтан біз осындай өзіміздің қажырлы еңбегімізбен шығуымыз керек. Ол үшін тек қана еңбек етуге тиістіміз. Сонда ғана отбасымыз тоқ, ауылымыз көрікті, аймағымыз ажарлы болады.
Асылбек ЕСМАҒАМБЕТОВ,
Сарыөзек ауылдық округінің әкімі.
Зеренді ауданы.