«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалында партияның облыстық мәслихаттағы фракциясының мүшесі Серік Аяғанов «Депутатпен тікелей желі» шарасы аясында азаматтардың сауалдарына телефон байланысы арқылы жауап берді.
Партияның сайлауалды тұғырнамасының «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша аймақтық кураторы саналатын депутат өңірдегі денсаулық сақтау жүйесіне қатысты мәселелерге байланысты облыс тұрғындарын толғандырған мәселелерге нақты жауап берді. «Пациенттің емделгісі келетін нысанды өзі таңдауға құқығы бар ма?» деген сауалға ол өңір тұрғындарының арнайы порталға тіркелу арқылы облыстық ауруханаға қарасты кез-келген мамандандырылған медициналық мекемеде ем қабылдай алатынын айтты. Ал, елімізде медициналық сақтандырудың қай кезден бастап толығымен жүзеге асырылуы ықтимал екендігін сұраған тұрғын сауалына Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2017 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілетінін мәлімдеді.
Ол өз сөзінде денсаулық сақтау мәселелері мен ұлт саулығының баршаны толғандыратынын атап өтті. Елімізде халықтың денсаулығын жақсартып, өлім-жітімді азайтуға бағытталған көптеген бағдарламалар іске асырылып жатыр. Дегенмен, солардың ішінен «Саламатты Қазақстанның» орны бөлек. Бүгінде емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, кадрлар біліктілігін жетілдіру, денсаулық ұйымдарын заманауи медициналық құрылғылармен жабдықтауға бағытталған нақты шаралар қолға алынуда. Мәселен, бүгінде барлық облыс орталығында кардиоорталықтар ашылған. Қан айналымы жүйесінің аурулары аса қатерлі дерттердің көшін бастап тұрғанын ескерсек, бұл да атап айтуға тұрарлық қадам дер едік.
Айта кететін бір жай, халық қалаулысымен мұндай тікелей байланыс өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылды. Партия аталған игі істі әрі қарай жалғастырмақ ниетте.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.