Міне, Президент ел келешегін кемел етіп, мемлекетімізді мәңгілік етуге бағытталған тағы бір қадам жасады. Ол − нұрлы болашаққа бағытталған биылғы Жолдау дер едім.
Мұнда айтылған басымдықтардың ішінен менің жаныма ең жақыны – ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты тұжырымдар болды. Мен бұл құжатты 2050 жылға дейінгі ел дамуының ұзақмерзімді стратегиясында айтылған межеге жету үшін жасалған тағы бір оң қадам деп есептеймін. Әлемдік дағдарыс пен жаһандағы ушығып тұрған геосаяси ахуал жағдайында ел экономикасын кейіндетіп алмау аса маңызды. Біз үшін елдің өз нәпақасын
тауып отырған жұмысынан айырылып қалмауы ерекше мәнге ие. Ал, оған кепілдікті шағын және орта кәсіпкерлік бере алады. Бұл күндері ел азаматтарының басым бөлігі осы нысандарда жұмыс істейді. Сондықтан да, дағдарыстың салқыны ең алдымен, осы салаларға тиеді. Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында Ұлттық қордан 100 миллиард теңгенің шағын және орта бизнеске арналған жеңілдетілген несиелері бөлінетінін атап өтті.
Расымен де, қазір елімізде кәсіпкерлікті қолдау қарқынды жүргізілуде. Алты пайыздық мөлшерлемемен он жылға дейінгі мерзімге берілетін жеңілдетілген
несиелер бизнеспен айналысатындар үшін өте тиімді. Мемлекет басшысы сондай-ақ,
өз Жолдауында жаңа индустриалды аймақтар құру қажеттігіне де баса назар
аударды. Бұл аймақтар ең алдымен, шағын және орта бизнестің өндірістік әлеуетін нығайтуға және оның ауқымын кеңейту үшін инвестиция тартуға бағытталуы тиіс. Шағын және орта бизнестің ел экономикасының негізгі қозғаушы күші ретінде қалыптасып, 2050 жылға қарай оның үлесін 50 пайызға жеткізу – біздің алдымызда тұрған келелі міндет. Осыған орай, біздің серіктестік те егіншілік пен мал шаруашылығы салаларында жылдан-жылға өнім көлемін арттыруды көздеп отыр.
Асылбек ИСМАҒАМБЕТОВ,
«Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі
серіктестігінің директоры,
облыстық мәслихаттың депутаты.
Бурабай ауданы.