Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Асыл анам, жүрегі елжіреген - АРҚА АЖАРЫ

Асыл анам, жүрегі елжіреген

Бұл өмірде жер басып жүрген әрбір пендеге аяулы анасынан қымбат кім бар?!. Әрине, ананың қадіріне жетіп жүргендер, жетпей жүргендер туралы сөз басқа. Өзім болсам, бұл күнде 80 жасқа толып отырған асыл анам Күлбәрам Әміркүләнқызы жайында ой толғамақпын.

Ол кісі 1934 жылдың 20 қарашасында қазіргі Еңбекшілдер ауданының Степняк қаласында дүниеге келген екен. Сол кездегі өз тұстастары сияқты  балалық шағы ауыр еңбекпен өткен. Өзім «1943 жылы соғыстың қайнап тұрған кезінде Күлнарай апайыма көмектесіп, Степняктағы электр станциясында еден жуып, еңбек еттім. Ол кезде небары 9 жаста екенмін» деп айтып отырады.

Ол кезде сұм соғыс талайдың балалық балғын шағын келмеске кетірді ғой. Менің анам да 1946 жылы уақытынан кешігіп, бастауыш сыныпқа барады.  Мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, Көкшетау қазақ педагогикалық училищесіне оқуға түскен. Онда үш жыл оқығаннан кейін, министрліктің бұйрығы бойынша бұл оқу орны кітапхана техникумы болып қайта құрылады. Сөйтіп, 1957 жылы осы оқу орнын бітірген. Ол кісі қолына дипломы мен жолдамасын алып, Еңбекшілдер аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа келеді.
Заман бүгінгіден әлдеқайда ауыр болса да, ол уақытта әр ауылда кітапхана өнер-білімнің шамшырағындай ойдағыдай жұмыс істеп, халыққа ізгілік нәрін себездеумен болды ғой. Менің анам да осы саладағы қызметін Шиелі ауылдық кітапханасынан бастайды. Кейін бұл еңбек жолы осы ауданның Ұйымшыл ауылында одан әрі өз жалғасын табады. Осы ауылда әкеміз Еркалды Қасымұлымен көңілі жарасып, отау құрады. Әкеміз де жоғары білімді ұстаз еді. Қарағанды педагогикалық институтын математика мамандығы бойынша тәмамдаған.
1959 жылы ол кезде сирек кездесетін жоғары білімі бар әрі жұмыс барысында өзін жақсы жағынан көрсеткен әкемізді Степняк қаласындағы №5 мектепке директор етіп тағайындайды. Алдында қазақ педагогикалық училищесінде оқығандықтан, анам да сол мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ беріп, мектеп кітапханасына ие болады. Кейін әкеміз екеуі өздері ұнатқан Ұйымшыл ауылына қайта оралып, қызметтерін одан әрі жалғастырады. Бертін дүниеден озған марқұм әкеміз де біздің есімізде өзінің ақыл-парасатымен, білімділігі, мінезінің салмақтылығымен қалып қойды. Қашан болсын, әр нәрсені пайым-білігімен шешіп, сабырлы болуға үндейтін. Мақтаншақтық пен бос сөзді ұнатпайтын турашыл, қарапайым жан еді.
Осы ата-анамыздың тәлімді тәрбиесін көрген бәріміз де қалаған білімімізді алып, әр мамандықты меңгеріп,  өз отбасымызды құрдық. Анамыз болса, 30 жылдан астам уақыт кітапханашы қызметін мінсіз атқарды. Үлкеннен балаға дейін қанша жанды кітапқа, оның тылсым сырын ұғуға баулып, жүректеріне осы бір жан азығына деген іңкәрлікті, құштарлықты құйды. Бізді де кітаппен көзімізді ашқызып, жақсылыққа тәрбиеледі.
Кешегі кеңес заманында кітапханашы деген ауылдағы ел сыйлап, құрмет тұтатын әжептәуір тұлға еді. Жауапты науқандық жұмыстар кезінде  кітапхананың ішінде ғана отырмай, дала қостарында, мал фермасында үгіт бригадаларымен бірге жүретін. Шүкір, осы күні сол еңбегінің зейнетін көріп, тәтті жемісін татып отыр. Аудандық орталықтандырылған кітапхана меңгерушісі Кенжетай Шуаққызының  басшылығымен мерекелерде барлық зейнеткер кітапханашылардың бастары қосылып, бір жасап қалады. Үлгі ауылдық округінің басшылары да анамызды атаулы күндер сайын ұмытпайды, құрмет тұтып, төрге оздырады. Өйткені, анашымыз еңбегімен, биязы мінезімен болсын, ел-жұртқа өзі де сыйлы. Елбасымыздың Жарлығымен тыл еңбеккері ретінде «Ұлы Жеңіске 65 жыл» медалімен марапатталған. Көп балалы ана ретінде «Алтын алқа»  иегері.
Біз, балалары анамыз туралы қандай жылы сөз айтсақ та жарасады. Қашан болсын, ағайын-туысқа, құда-жекжатқа  қолы ашық, қадірі мол. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған анашымызды, ардақты  әжелерін осы күні ұл-қыздары, немере, шөберелері де құшақтарына алып, алақандарында ұстай түсетіндері анық. Біз үшін үлкен өмір мектебі, ақыл кені болып табылатын аяулы Анашым, әлі де жасай беріңізші, жарқын жүзіңізбен бізді қуанта беріңізші. Бүгінгідей атаулы күні ұрпағыңыздың сізге деген ақ тілегі міне, осы!..

Салтанат Қасымова.

Еңбекшілдер ауданы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар