Бұл өмір сағынышқа толы. Әсіресе, қартайған шағыңда әр нәрсені ойлайды екенсің. Өмірден өткен ата-анаңды, бауырларыңды, кезінде тай-құлындай тебіскен достарыңды, бір күндей өте шыққан жалындаған жастық шағыңды сағынасың. Бірақ, осылардың ішінде ата-анаға деген сағыныштың тым ерекше болатыны сөзсіз.
Біз де кезінде бала болдық, жас болдық. Қамсыз, қайғысыз өмір сүрдік. Алайда, әр нәрсе өз уақытымен екен. Талай зұлмат, нәубет жылдарды да бастан өткеріп, бұл өмірдің ащысы мен тұщысын көрдік. Ал, сонау Ұлы Отан соғысы барлығымыздың да жүрегімізге мәңгілік жара салып кетті ғой. Әкесінен, бауырынан, баласынан, жарынан айырылған адам қаншама?!. Мен де сол нәубет жылдары әкемнен айрылдым. Балалық шағымда әке махаббаты мен мейірімін сезіне алмағаныма өкінемін.
Менің әкем Ғабдолла Сұлтанов 1942 жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызылту ауданынан әскер қатарына шақыртылып, 19 адам Петропавл қаласынан Сталинград майданына аттанады. Осы қала үшін болған қиян-кескі ұрыстарда қатты жараланып, қаза табады. Мұны біздің үй әкеммен бірге майданда болған бір жолдасынан естіпті. Әрине, мұндай қаралы хабар кімге оңай дейсіз. Бірақ, сол сұм соғыста кімдер қаза таппады? Небір жақсы-жайсаңдар кетті ғой. Күні бүгінге дейін осымен ғана көңілімізді жұбатамыз. Алланың жазуына көнбегенде қайтесің.
Кейін сол соғыста қыршынынан қиылғандардың тұяғы – біздер де жетіліп, білім алдық, өз басым мұғалімдікке қолым жетті. Бұл аралықта қанша жылдар жылыстап өте шығыпты. Осы күні тым болмаса, әкемнің жерленген жерін көріп, басында бір болсам ғой деп армандаймын. Бүгінде бірге туған бауырларым да дүниеден өтіп кетті. Бәріміздің көкейіміздегі ортақ арманды мен іске асырсам деймін.
Алла жазса, келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өткелі отырмыз. Облыстық әкімдік пен ардагерлер кеңесінің қолға алуымен осы айтулы күнге арналып, Ақмола облысының «Боздақтар» кітабы шығарылғалы жатқаны да құптарлық іс.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер туралы мұндай естелік кітап бұрынғы Көкшетау облысының тұсында 1996 жылы жарық көрген болатын. Сол кітапта менің әкем Ғабдолла Сұлтановтың майданға Қызылту ауданынан аттанғандығы жазылған. Алайда, аты-жөні, соғысқа кеткен жылы дұрыс көрсетілмеген. Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліповпен сөйлескенімде, жаңа кітапта қазіргі Ақмола облысының аумағынан Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің тізімі жарияланатынын жеткізді. Бұл өте құптарлық. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Мәңгілік алау» ескерткішінде түптің-түбі қан майданда қаза тапқан боздақтарымыздың есімдері жазыла қалса, біздің әкеміз де сол қатардан орын алатынына сенімдіміз. Өкінішке орай, облыстық әскери комиссариатта да болғанымда, әкемнің қазасы жайында ешқандай мәлімет табылмады.
Жыл өткен сайын соғыс ардагерлері де азайып барады. Мүмкін, сол ардагерлердің арасында менің әкеммен ұрыс даласында бірге болған қарттар да бар шығар. Әлде, бүгінгі күні дүниеден өткен майдангерлердің бірі болмаса бірінің көкірегінде қарулас досы – менің әкемнің де бейнесі мәңгі өшіп кете барды ма? Үміт деген ең соңынан сөнеді ғой. Кезінде әкемнің қазасын естірткен кісіні де таба алмай қалдық. Сонда да, жақсылыққа сенген халықпыз ғой, бір хабарынан әлі де үміттімін.
Мүтәлләп ҒАБДОЛЛАҰЛЫ,
Көкшетау қаласының тұрғыны.
Суретте: Ғабдолла Сұлтанов.