Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауданының Қарағаш ауылын бетке алып ағылған көлікте қисап жоқ. Қарағаш – қасиетті топырақ, қастерлі ауыл. Ілкіде шоқ жұлдыздай шағын ғана ауыл қазақ әдебиетінің алтын зерлі сөзімен әдіптелген аспанына жарқыратып бір шоғыр жұлдыздар жаққан ауыл.
«Тұлпар аунаған жерде түк қалады» демекші, бұл ауыл бүгін де таланттан, талапты ұлдан құр алақан емес. Сан жылдар бойы журналистика саласында зілмауыр жүк көтеріп, халқына қаламымен, қаламымен ғана емес, табиғи дарын-қабілетімен, жан жүрегімен қалтқысыз қызмет еткен, әдебиет саласында әлеуетті көркем туындыларымен ерекшеленетін жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, осы Қарағаш ауылының тумасы Жабал Ерғалиев Алланың жердегі үйі – мешіт салып, енді бүгін соның салтанатты ашылу рәсімі өткізілмекші.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төралқасының 2008 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен Қарағаш ауылындағы бұдан бұрынғы мешітке Жұмжұма молланың есімі берілген-ді. Жұмжұма ата кім болған, болмысы қандай, білігі ше? Оқырманға түсінікті болуы үшін осы тұрғыда да бір ауыз сөз айта кетелік. Жұмжұма Жабал Ерғалиевтің атасы. Көкшетау дуанында медресе салып, Көкшетау төңірегіне имандылық нұрын шашқан әйгілі Науан Хазіреттен білім алған, Ислам дінінің берік орнығуына қисапсыз еңбек сіңіріп, елдің ынтымағын, бірлігін сақтауға үлес қосқан діни қайраткер. Жиырмасыншы ғасырдағы кеңестік кесапат идеологияның ұр да жық саясатының салдарынан имандай ұйып отырған ел ішіндегі қожа-молдалар қуғынға ұшырап, аласапыран басталған кезде осы әулет бас паналап, Сібірге жол тартқан. Ақ қашып, қызыл қуған алас-күлес замананың желі Сарыарқадағы сан шаңырақты ортасына түсіргеннен кейін құлды жинап бас қылмақшы, құмды жинап тас қылмақшы болған кеңес өкіметінің қанды қылышы ұлттың ұйытқысы болып отырған дін өкілдерінің төбесінде ойнаған.
Негізі бұл әулет ірі дін өкілдері шыққан, құдай бір, Пайғамбар хақ дейтұғын Алланың адал жолынан, арлы жолынан жарты табан жазым баспаған әулет. Тіпті, күні кеше Науан Хазірет Сібірге жер аударылғанда, көз көріп, құлақ естімеген қияндағы ақ патшаға дейін барып арызданған да Бабаназар қажы Жаңабатырұлы. Бабаназар қажы Жұмжұма молланың туған ағасы.
1903 жылдың 9 қарашасы күні Дала генерал-губернаторының кеңсесіне түсіп, тіркелген Бабаназар қажыға қатысты мына бір анықтама Омбы мемлекеттік архивінен табылып отыр: «Анықтама. Аса мәртебелім! Ақмола облысының әскери губернаторы жанындағы аса маңызды істер жөніндегі шенеунігі Яхонтовтың түсініктемесі бойынша мұсылман үгіті жөніндегі істің меңгерушісі генерал-майор Романов жергілікті әкімшіліктің өкімімен жабылған медресені ашу және Сібірге жер аударылған молла Таласовтың басына азаттық беру жөніндегі қырғыздар Бабаназар Жаңабатырұлы, Әбутәліп Бакизин және басқалардың өтініштерін Сіздің құзырыңызға жеткіземін».
Осы бір құнды анықтамадағы мәтіннен көп жайды аңғаруға болады. Тағдыр бұл әулетті талай сынаған, талай қырына алған. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына Жұмжұма молланың бес бірдей ұлдары қатысса, соның төртеуі бірдей қан майданнан оралмады. Хабарсыз кетті. Олар – Мұқаметқали, Нұрғали, Нәбіғали, Қиянатқали Жұмжұмаұлдары. Ақ ажалдың оғы ақ түтек борандай жауып тұрған майдан даласында ерлікпен шайқасып, елге сол бесеуінен Ерғали Жұмжұмаұлы ғана оралған.
Соғыстан оралмаған екі ағасы мен екі інісінің қайғысы Ерғали аға үшін тым-тым ауыр, қасіретті болатын. Жан жүрегі егіліп, он екіде бір гүлі ашылмай, майдан даласында опат болған бауырларын еске алатын.
–Барып дұға қылайын десем, қабірі жоқ, оқиын десем, хаты жоқ бауырларымның,–деп егіледі екен қайран әке.
Ананың да тартқан азабы аз емес. Даладан масақ теріп, үйге алып келген 10 келі суы сорғалаған бидай үшін бірнеше жылды арқалап, елге келісімен сол тауқыметтен 34 жасында көз жұмған. Осының бәрін санамен салмақтай келе, арттарында қалар бір белгі, иманды ишара мешіт салуды армандаған екен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев.
Етек-жеңі кең пішілген Қарағаш ауылының қақ ортасында алыстан мен мұндалап жаңа мешіт үйі тұр. Көктемде бастап, қыс түсе аяқтаған мешіттің сәулеті ірі елді мекендерде кездесетін имандылық үйінен бір кем емес. Айнала қоршалған, шығыс архитектурасының озық үлгісінде бой көтерген қос мұнаралы мешіт. Ішінде төрт тіреуі бар. Әрқайсының биіктігі 2 метр 80 сантиметр. Төрт колонна майданда опат болған төрт ағасына арналған. Кейінгі әулеттің, қара шаңырақтың бауырынан көктеген бәйшешектерге рухымен қорған болып желеп-жебесін деген ниетпен. Ал, биіктігі үш метрге жуық алтын айшықты көк күмбез ғазиз анасы Үмітжан Уәлиқызына қойған ескерткіші.
Жалпы аумағы 120 шаршы метр жерді алатын мешіттің іші жарқырап тұр. Ендігі арада Алаштың асылдары өмірге келген елді мекеннің имандылыққа ұйыған еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін осы мешітте жаратқан иеге мінәжат ететін болады.
Салтанатты рәсімде Қазақстан діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Мәлғажұлы, рәсімге қатысуға арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бір топ депутаттары атынан саясаттану ғылымдарының докторы, профессор, Сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Алашқа аты шыққан айтулы әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бекболат Тілеухан, Көкшетаудан келген ағайынның атынан ел ағасы, Науан Хазіреттің ұрпағы Шияп Әлиев, Жаңабатыр әулетінің үлкені Башар Шәймерденұлы және бір Алланың разылығы үшін еліне мешіт салып отырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, мешітке аты берілген Жұмжұма молланың немересі Жабал Ерғалиев және басқалары сөз сөйледі.
–Біздің әріптесіміз Жабал Ерғалиұлының ұлт қамын жейтін перзент екендігін жақсы білеміз. Бүгінгі азаматтың азаматы ғана жасай алатын үлкен шаруасы үшін шын жүректен қуанып тұрмыз. Асып-тасып жатқан байлығы жоқ, ақшасын қайда қоярын білмей жүрген бизнесмен емес. Бірақ, Жабал Ерғалиұлының бойында туған жеріне, байтақ еліне деген іңкәр махаббаты бар. Сол ұлы сезім, ұлы күш бүгінгідей шаруаны бітіртіп отыр. Көне ұғымда мешіт саламын деп талаптанған адамға Алланың өзі жар болады деген жақсы ұғым бар. Шамасы, Жабал бауырымыздың игілікті ісіне Алла жар болған болуы керек, бір жаздың ішінде мынандай мешіт салып, елін имандылыққа бастар шаруаға ұйытқы болып отыр,–деді сенатор Мұрат Бахтиярұлы өз кезегінде.
Тебіреністі уәж, терең мазмұн мен мағына бар еді бұл сөзде. Жиналған елдің өткен замандағы қиянатқа қабырғасы қайысса, жаңа дәуірдегі ел қамын жеген аталы шаруаға қуанышы көл-көсір еді.
Иісі мұсылманды имандылық жолына шақырғандай ишара меңзейтін жасыл лентаны Жабал Ерғалиұлының немересі Ернұр Жабал мен жиені Даниал Кәрібай ұстап тұрды. Қазақстанның діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Мәлғажұлы бастаған жамағатқа мешітті ашу құрметі бұйырды.
–Бір Алланың разылығы үшін мешіт салдым! Бұл менің ұзақ жылғы ойымнан шықпай жүрген жай еді. Жаратқан ием сәтін салды,–деді Жабал Ерғалиев өз сөзінде,–Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазір бүкіл Қазақстан бойынша жүздеген мешіттер бой көтеруде. Ислам тек дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз. Саясат күнде өзгереді, ал, дін мәңгілік» деген болатын. Дінге берік елдің діңгегі де мықты. Ел іргесі сөгілмесін деп, әрдайым еңсесі биік болсын деп ниет еттім.
Мұнан соң сенатор ағайынға арнаған, жалпақ елдің игілігіне жаратылар мешіт салуға қол ұшын берген туған еліне, достарына алғысын жолдады. Салтанатты рәсімнен кейін жұма намазы оқылды. Бір шеті Алматыдан, Астанадан келген қауымға қонақасы беріліп, аруақтарға құран бағышталды.
Жабалдың жақсы ісіне жан сүйсінді
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев туған топырағы Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылында мешіт салып жатыр деген жылы рәуішті, естіген адамды жақсылығымен, жылылығымен елең еткізер хабардан күні бұрын құлағдар болатынбыз. Таяуда салынып біткен мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне сүйінішті шақыруы да қолымызға тиді. Қанша жерден барғың келсе де, «жіберместің» жібермейтін жайы болады ғой. Денсаулығымызға байланысты дәм жазбады. Әйтсе де, ел қамын жеген азаматтың абзал шаруасына шын жүректен тілектес, ниеттеспіз.
Біздің білуімізде Жабал Ерғалиұлы өмір бойы халқына қаламымен қызмет етіп келе жатқан адам. Көл-көсір, қисапсыз табыс табатын бизнесмен емес. Сондықтан, адал, тырнақтап жинаған табысына мешіт салуы мына заманда ерлік дер едік. Өзінің қара басын ойлайтын адам алдымен, екі-үш қабатты коттедж салар еді, балаларының жай-күйін ойлар еді, қымбат көлік мінгізер еді. Біздің қоғамда қазір ат көтере алмайтын, атан тарта алмайтын байлыққа ие болып отырғандар аз емес қой. Ал, Жабал Ерғалиұлы болса, елінің имандылығын, ауылдастарының жан-дүниесінің мөлдірлігін, ауыл жастарының ертеңін, яғни, халқының болашағын ойлап отыр. Осы тұрғыдан келгенде, қалай мақтасаң да мақтауға тұрарлық, атап айтуға лайық иманды шаруа.
Оның үстіне Қарағаш ауылына салған мешіті Ұлы Отан соғысында опат болған ағаларына, осындай асыл ұлды өмірге әкелген аяулы анасына мәңгілік мәнді ескерткіш. Екінші жағынан өкшесін басып өсіп келе жатқан кейінгі жастарға үлгі-өнеге. Көкшетаулық қауым атынан жан сүйсінтер жақсы іс бастап, нәтижелі аяқтап, қара ормандай қалың еліне мешіт салып берген нарлығына, азаматтығына шын жүректен алғыс айтамыз. Әрдайым мерейің үстем, абыройың биік болсын.
Рауза және Өмірбек Бәйкеновтер.
Көкшетау қаласы.
Тайынша ауданы,
Солтүстік Қазақстан облысы.