Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ағаға мінәжат - АРҚА АЖАРЫ

Ағаға мінәжат

Таяуда көрнекті қаламгер, марқұм Баймұрат Азнабаевтың 2013 жылы жарық көрген «Аға» атты тағылымы мол, айтары айшықты кітабы қолыма тиді. Аға әріптесімнің жазғандарын аяқасты етпей, оқып жүретін әдетіммен іле оқып шықтым. Кейінге қалдырмай іле оқуым кітаптың қызғылықты да тартымды етіп жазылуынан болатын. Байекең өзіне тән мақпалдай жұмсақ, селкеулігі жоқ жатық тілімен баяндау үстінде аға деп ардақ тұтқан адамы–Мұстафин Қажыкәкім туралы төгілте баяндайды. Асыл ағасымен алғашқы ұшырасуындағы мына бір тәтті сәтті тебіренбей оқуға әддің жетер ме екен.

«Аттарды күтіп, қорада жүр едім, түске қарай бойы екі кез, алып адам кіріп келді. Тұлғасы елден ерекше көрінетін Аға екенін бірден таныдым. Жүгіріп келіп «Ассалаумағалейкум» деп қос қолымды ұсынып, сәлем бердім. «Уағалейкумассалам» деп сәлемімді алды да, сәлден соң «Қай баласың?» деп Аға бетіме үңілді. Мен жауап бергенді қойып, өзімнің бойым жеткен жер Ағаның санынан құшақтай алып, булығып, жылап жібердім. «Мен ол кісіні танып тұрмын, ол мені неге танымайды, әлде әкесі жоқ жетімді танығысы келмей ме, әкем болса баяғыда-ақ таныстырмас па еді» деген ойлар санамды сансыратып, одан әрі солқылдап жыладым. Аға әлеуетті қолдарымен мені жерден көтеріп алды. «Қалқам, айналайын жыламашы, жігіт жылай ма екен, қайратты бол», – деп бауырына басты. Шерім тарқап, өксігім басылғаннан кейін ғана жөнімді айттым».
Міне, Қажыкәкіммен алғаш кездескен Баймұрат осы бір асыл да аяулы адаммен байланысын үзбеген қалпы кітаптың өн бойында Қажыкәкімнің әңгімесінен желі тартады. Сол желі арқылы Қажекеңнің бар болмыс-бітімін, адами асыл, адал мінезді турашыл қасиеттерін қос өрім етіп түсіреді. Бір оқиғадан бір оқиға туындап, ілгерілей түседі, тереңге тартып еліктіре жетелеп кетеді.
Туған ата қоныс Туражолға сапардан басталатын әңгімеде Ағаның өскен жерге деген іңкәрлі махаббаты былайша өрнек табады: «Орман шетіндегі ашық алаң тұнып тұр. Шешек атқан қызыл-жасылды гүлдер көзді қарықтырады. Селеудің өзге гүлден биіктеу өскен күлгін үкісі самалмен тербеліп, күміс торғындай жарқырап құбылып толқиды. Ағаш арасынан сайраған бұлбұл үні құлаққа келеді. Аға машинадан түсе сала, Жаратқан жомарттықпен сыйлаған мол денесін жерге төсей жата кетіп, қара топырақты қайта-қайта сүйді. Қалың көдені жапыра балаша мәз болып домалады. «Туған жер, өскен жер, қандай қасиетті едің, қара құйқаң да тәп-тәтті» деп еріндеріне жабысып қалған топырақты сүртті».
Жомарт жүректі алып азамат та туған топырақ алдында сәби-ау, неткен қимас сәт, қуанышты қауышу дейсің.
Осы арада Баймұрат туған өңір, өскен жер, оның ғажап сұлулығы, орманы, тауы, бұлағы төңірегінде әдемі полотно тартып, пейзажист суретшідей сөзден бояу жағып, үйлесімді бейнені пейілді көңілмен көсілте, төгілте суреттеп кетеді. Сенің де өскен өлкеңе деген сағынышыңды оятып, ұмыт бола бастаған балалық шағыңа шырайлы сәулесін себезгілейді.
Ағасы осы ғажап өлкенің тамаша келбетіне сүйсінеді, сарқыла бастаған бұлақ суының күндердің күнінде таусылып, табанын тозаң көмеріне күйінеді, ренжиді, жер күтімінің кері кеткеніне кейістік білдіреді.
Қажыкәкім Аққұладағы бабалар, аталар жатқан қорымға тәу етеді. Кімдердің жатқанын әңгімелейді. Әкесі Мұстафа қажының да осында ақтық мекені болғанын сөз етеді. Сөйтіп келіп, сөз аяғын Баймұратқа қарата: «Менің осы айтқандарымды ұғып ал, ұмытпа. Өзіңнен кейінгілерге жеткізу сенің борышың. Солай етсек қана ата-баба тарихы ұмытылмайды, ұрпақтар есінде сақталатын болады» деп өнегелі өсиет айтады.
Бұл көргенді, елім, ата-бабам, ұрпағым деген кемел ақыл иесінің ғана қолынан келетін игілікті іс қой.
Қажыкәкімнің былайғы өміріне үңілген кез-келген оның адалдығын, кембағалдарға қамқорлығын, үлкен жүректі ұлық тұлғасын танып, білері ақиқат. Автор бұл орайда да Ағасын куәлікке тарта отырып әңгімелейді. Әсерлі әңгіме ұзаған сайын Қажыкәкімге деген сүйіспеншілігің артып, сен де осы бір азаматтың елден ерек еңселі қалпына ынтыға түсесің.
Мұстафа қажының бәйбішесі аты аңызға айналған Жақия балуанның қызы екен. Адуынды, қайратты жан болыпты. Сол әжесі: «Жасық болмаңдар ерлеріңді сыйлаңдар, бірақ, бұйығы болып үнсіз отыра бермеңдер, атқаратын шаруаларыңды тиянақты тындырыңдар, айтатын сөздеріңді орынды жерінде ашып айтыңдар. Ерлерден кем емес екендігіңді істеріңмен де, сөздеріңмен де дәлелдеуге ұмтылыңдар. Мен жиырма үш құрсақ көтердім, содан қалған осы екі ұл – Бекқожа мен Қажыкәкім, солардың тілеуін тілеймін» дейді екен келіндеріне. Бұл да бір өнегеге өрнек ашып, өріс кеңейтетін үлгі болса керек.
1935 жылы тұтынушылар кооперациясына қызметке кірген Қажыкәкім Мұстафиннің жаңа өмір жолы басталады. Табиғат берген зеректіктің арқасында орысша сауат ашып, араб, латын әліппесін бүгінгі орыс қарпіне ауыстырып, оны да тез игеріп кетеді.
Қажыкәкімнің басынан өткен мына бір тұсқа да көңіл көзін құлатсақ деймін. «Облыстық партия комитеті шақырады. Соңғы бір жылға таяу уақыт аудандық тұтынушылар одағы председателінің міндетін атқарғанмын. Жұмысым жаман жүрген жоқ. Аудан басшылары мені осы қызметке түпкілікті сайламақ болып, обкомға ұсыныс жасайды. Облыстағылар «ондай ойларың болса, Мұстафинді бізге жіберіңдер, әңгімелесейік» дейді. Сөйтіп, мен конференцияға екі күн қалғанда Көкшетауға баруға мәжбүр болдым.
– Обкомдағылардың сұрамағаны жоқ. Қайда туғанымды, қашан үйленгенімді, кімге үйленгенімді, әкемнің, жұбайымның әкесінің кім болғанын түгел сұрады. Жасырған жоқпын. Әкем Мұстафаның, жұбайым Көпейдің атасы Тіржанның қажы болғанын, Көпейдің әкесі Ерғалидың 1937 жылы ұсталып кеткенін түгел баяндадым. «Партияға неге өтпедің?» деп те сұрады. «Қажының баласын кім партияға алады» деп өзіне қарсы сұрақ қойдым.
– Сіздің майданда жүргенде партияға өтіп алуыңызға болатын еді ғой, – деді.
– Ондай қулыққа баруға менің арым жібермеді…».
Міне, абзал азаматтың турашыл адалдығының айнытпас бір мысалы осы оқиғадан-ақ бой байқатады, тұлғасын одан әрі биіктете түскендей болады емес пе?
Қажыкәкімнің басқа да қырларын аша түсер мысалдарды Байекең көптеп келтіреді әрі жүйесін тауып дұрыс жеткізеді.
Мәселен, ингуштардың ортасына сескенбей кіріп барып, пышақты жендеттерді кеңседен қуып шығуы, немесе элеватордың бір қап бидайын ұрлап, сотталып кеткелі тұрған Серғазыны тура келген қатерден құтқарып қалуы тәрізді текті әрекеттер Қажыкәкімнің азаматтық тұлғасын биіктете түсер ескерерлік оқиғалар еді.
Жиналыста қазақша сөйлеп, қазақ тілінде басқарған Мұстафиннің өре тұра келген орыстарға ақылмен басу айтып көндіруі тәрізді ерлігін бүгінгі қай басшы істей алар екен деп те армандайсың.
Мұстафин Қажыкәкімнің діни сыйпаттағы әңгімесі де көпке үлгілікке ұсынар құндылығымен ерекшеленсе керек.
Көрнекті қаламгер Баймұрат Азнабайұлы тумаса да бір туғандай болып кеткен аяулы ағасы Қажыкәкім Мұстафин тәрізді текті тұяқ, таза жанның алдындағы інілік парызын осы еңбегімен ақтай алды ғой деймін.
Ағасы:
– Інім, сен кеше ғана қатардағы қызметкер едің, бүгін сол мекемеге бастық болдың. Кейбіреулер бастық болдым деп қуанады. Ал, бастықтың қатардағы қызметкерден жүгі ауыр. Ол жұмысына ғана емес, сол коллективте істейтін әр қызметкердің тағдырына жауапты. Бастық олардың жанашыры, әкесіндей қамқоршысы болуы керек.
Абайдың «Есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген сөзі бар еді. Ұлы ұстаздың осы қағидасын мен өмір бойы есімнен шығарған емеспін. Ұлы адамның осы сөзі сенің де өмірлік заңыңа айналатын болсын. Менің осы екі ақылымды орындасаң жаман болмайсың.
Бұл Ағасының Баймұрат інісіне соңғы айтқан аманат өсиеті еді. Қажыкәкім ағаның осы ақылы бүгінгі ұрпақ, бәрімізге де қатысты емес пе? Әрине, тікелей қатысты!
Осынау төрт тұяғын тең басқан жорға баянға Қажыкәкімді бек жақсы білген Зеренді аудандық банкінің бұрынғы бастығы Есімбек Әкімұлының, тыл ардагері Өсімжан Уәйісұлының, майдангер, банк қызметкері Н.М.Левченконың, Л.Г.Чипурова-Власованың, қыздары Сая, Рая, Роза Қажыкәкімқыздарының естеліктері қосылып, абзал азаматтың болмыс-бітімін кемелдендіре түскендігін де атап өткен жөн болмақ.      
Бізге «Аға» деп аталатын тағылымды еңбек қалдырып беріп кеткен марқұм Баймұрат Азнабайұлының, сол еңбекке арқау болған аяулы азамат Қажыкәкім Мұстафиндердің жандары жәннатта болғай! Үлгілікке ұстар өнегелеріңіз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей!
Төлеген ҚАЖЫБАЙ,
жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар