Облыс әкімі Сергей Кулагин Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырып, нығайтудағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегіне жан-жақты тоқталып өтті.
Салтанатты жиналысқа облыстық департаменттер мен басқармалардың, мемлекеттік органдардың, кәсіпорын-ұйымдар мен мекемелердің басшылары, зиялы қауым, қоғамдық жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, өкілдері қатысты. Жиналыста сөйлеген сөзінде облыс әкімі Елбасының әр қырына жеке-жеке тоқталып, барлық саладағы көшбасшылық рөлін барынша ашуға тырысты.
Осыдан 23 жыл бұрын жалпыхалықтық сайлау-да қазақстандықтар өз Президенті етіп сайлаған Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде елімізді өзгелер танитын, танып қана қоймай, баршасы санасатын іргелі мемлекетке айналдырды. Сол себепті де, Тұңғыш Президент күнінің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында
атап өтілуі үлкен тарихи мәнге ие. Президенттік басқару жолын таңдап алған еліміз бүгінде өзінің төл рәміздері, ұлттық валютасы, Қарулы Күштері, Үкіметі, Парламенті мен тәуелсіз сот билігі, саяси партиялары мен үкіметтік емес ұйымдары бар демократиялық мемлекет.
Егемендік алғаннан кейінгі жылдары ел экономикасына 200 миллиардқа жуық шетел инвестициясының құйылуы да Елбасының ішкі және сыртқы саясатты сарабдал етіп жүргізе білуінің арқасы. Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру бағытындағы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен Индустрияландыру картасы осы күнге дейін 69 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Талай қазақстандық түлектің арманына қанат бітірген «Болашақ» бағдарламасы да айтуға тұрарлық жоба. Елдегі білім саласын бәсекеге қабілетті ету мақсатында құрылған Назарбаев интеллектуалды мектептері мен Назарбаев университеті де жақсы қырларымен танылуда. Бұдан басқа, «Саламатты Қазақстан», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламалары ел дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына ерекше серпін бере түсуде. Әртүрлі пікірлерге қарамастан, ұлттық қордағы қаржыны қозғамай, әлемдік экономиканың ауыртпалығы анық сезіле бастаған бүгінгі таңда елдің ішкі қажеттеріне пайдалану да өзін барынша ақтап отыр.
Жылдан жылға көркейіп, өзінің әсем келбетімен тамсандыра түскен ару Астанамыздың да бас сәулетшісі Елбасының өзі екені белгілі. Арқа төсінен орын тепкен елорданың әр ғимаратында Мемлекет басшысының айшықты қолтаңбасы бар. Бүгінде бас қаламыз әлемнің 120 елімен демократиялық байланыстарды өрбітіп, өрістете түсуге дәнекер болуда. Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Кедендік Одақ, Еуропалық Одақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ сияқты беделді ұйымдармен ара-қатынасымыздың өрісі де осы бас қала арқылы өрбіп келеді.
Семей полигонын жауып, жаһан жұртшылығын ядролық қарудан бас тартуға шақыру, дәстүрлі діндер көшбасшыларының басын қосып, баршаны татулыққа үндеу де Назарбаевтай кемеңгер тұлғаның батылдығы мен мықты ерік-жігерінің арқасында мүмкін болған жәйттар. Келер жылы елімізде Елбасының ұйғаруымен қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы аталып өтпекші. Көшбасшымыз қазақстандық даму жолын нұрлы жолға айналдырып, Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған қазақ мемлекетін экономикасы қарқынды дамыған алдыңғы қатарлы отыздықтың қатарына енгізуді мұрат етіп отыр. Осы жайларды баяндай келе облыс әкімі Сергей Кулагин өз сөзін:
– Нұрсұлтан Назарбаев – халықаралық деңгейде белді саясаткерлер мен сарапшылар мойындаған тарихи тұлға. Біз мұндай Көшбасшымызбен мақтана отырып, оған тек ұзақ та баянды ғұмыр тілейміз. Мемлекетімізді талай қиын кезеңнен абыроймен алып өтіп, жаңа жеңісті асуларға бастаған Тұңғыш Президентіміздің күні баршамызға құтты болсын! − деп түйіндеді.
Бұдан кейін өңір басшысы Елбасының бастамаларын қолдап, осы бастамалардың сәтті іске асуы жолында әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ ақмолалықтарды Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында дәрігер, ұстаз, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, өнер қайраткерлері, кәсіпорын басшылары және тағы басқа мамандық иелері бар.
Бұдан әрі облыс әкімі жыл сайын Президент күні қарсаңында ұйымдастырылатын «Нұрсұлтан нұры» байқауының жеңімпаздары болып танылған бір топ жастарды: жарқайыңдық Кәмилә Паизова, есілдік Айтханым Қали, атбасарлық Данияр Қошқарұлы, бурабайлық Әділ Нығыметжанов және астаналық Айсәуле Съезбекті де өз қолымен марапаттады.
Осы орайда, Елбасының тікелей өз бастамасымен қолға алынған «Президенттен сыйлық» акциясы біздің облысымызда да кең қолдау тауып, бірқатар департаменттер мен басқармалардың, мекемелердің басшылары тарапынан балалар үйлеріне, сондай-ақ, жекелеген отбасыларға тосын сыйлар жасалғандығын да айта кеткен жөн. Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласып, әсем ән мен мың бұралған биден шашу шашылды.
Суреттерде: облыс әкімі Сергей Кулагин салтанатты жиналыста құттықтау сөз сөйлеп тұр; жастар сахнада Елбасының көшбасшылық, қайраткерлік қасиеттері туралы ой толғады.
Суреттерді түсіргендер Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ, Ермұрат ДОСЫМОВ.