«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов филиал жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған ток-шоуда жастарға Елбасының кемеңгер тұлғасы мен ел халқына арнаған биылғы Жолдауынан туындайтын партияның негізгі міндеттері жайлы әсерлі әңгімелеп берді.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында ұйымдастырылған жиынға талай белестерді бағындырған өнер, мәдениет пен спорт, басқа да салалардың өкілдері мен студент жастар қатысты. Шара барысында өңірдегі беделді оқу ордаларының бірі − Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Мәди Елубаев сөз алып, Мемлекет басшысының өз Жолдауларында жастарға ерекше көңіл бөліп отыратындығын жеткізді. Осыған орай, университетте жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленген мамандарды даярлау ісі жолға қойылған. Бұл бағытта осында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының бір тармағы іспетті «Өркен» жастар ұйымы жұмыс істейді. Толеранттылық кафедрасының «Жас
саясаткер» ақпараттық тобы да бар. Білім ордасы шәкірттерінің халықаралық, республикалық байқауларда қол жеткізген табыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Университет студенттерінің отыз пайызы «Жас Отанның» мүшелері болғандықтан, ректор аталған жастар ұйымы жұмысының жемісті болуына мүдделі екендігін жеткізіп, оларға үш компьютер мен бір ноутбукты тарту етті. Бұдан кейін осы білім ордасының жастар комитетіне жетекшілік ететін Эсет Кусиева Жолдаудан алған әсерімен бөлісіп, оның сәтті жүзеге асырылуына жастардың қосар үлесіне тоқталды.
Ал, партияның орталық аппаратында өткен саяси кеңестің кеңейтілген отырысына қатысып келген Ғалым Бекмағамбетов Ұлттық қордан бөлінетін қыруар қаржының тиімді игерілуін бақылауда «Нұр Отан» партиясына артылар жауапкершілік жүгінің жеңіл болмайтынын баса айтты. Елдің жаңа экономикалық саясатының партиялық алаңда жариялануы бұл міндеттерді, сонымен қатар, партияға деген зор сенімді тек еселей түседі.
Кейінгі буын өкілдерімен пікірлесу сәтінің күнде туа бермейтіндігін айтқан филиал төрағасының бірінші орынбасары жастарды тұрмыстық қиындықтардың әсерінен айтылып қалатын қаңқу сөздерден аулақ болуға шақырды. Осы орайда, ол Америка мен Түркия мемлекеттерінің өз елдерінің басшылары мен рәміздеріне деген айрықша құрметін мысалға келтірді. Отан, мемлекет пен
Президент сияқты ұғымдар бәрінен жоғары тұруы тиіс. Туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік, Елбасы
мен мемлекет рәміздеріне деген құрмет азаматтық патриотизмді қалыптастыратын негізгі факторлар.
Бұдан кейін ток-шоу бағдарламасы сұрақ-жауаппен өрбіді. Бұл орайда, кездесуге келген спортшылар облыс орталығындағы жеңіл атлетикалық манеждің жекешелендірілу ықтималдығына алаңдаушылық танытып, осыған араша болуды сұрады. Бұл ретте, Ғалым Бекмағамбетов әлеуметтік нысандардың жекеменшікке өтуі арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып отырғандығына, дегенмен, бұл мәселе ойластырылатынына тоқталды.