Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi жайлы түсiрiлген «Тығырықтан жол тапқан» фильмiнiң премьерасы өттi. Оның алғашқы көрсетiлiмiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлiгiнiң тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсiрген «Тығырықтан жол тапқан» фильмi «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртiншi бөлiмi болып табылады.
Онда Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1970-шi жылдардағы еңбек жолы, саясатқа ендi ғана қадам басқан сәттерi суреттелген. Фильмнiң режиссерi – Рүстем Әбдiрашов.
Еске сала кетейiк, 2011 жылдан берi «Елбасы жолы» киноэпопеясы түсiрiлiп келе жатыр. Бұның алдында киноэпопеяға «Балалық шағымның аспаны» (2011), «Отты өзен» және «Темiртау» (2013) фильмдерi енген болатын.
«Тығырықтан жол тапқан» фильмiнiң түсiрiлiмi 2014 жылы ақпан айында басталды.
Киноға қазақстандық актерлермен бiрге Валентин Гафт, Евгений Сидихин, Владимир Стеклов, Евгений Стычкин, Виктор Сухоруков сынды ресейлiк актерлер түстi. Елбасының бейнесiн қазақстандық актер Нұрлан Әлiмжанов сомдады. Фильм көпшiлiк назарына 4 желтоқсанда Қазақстанның 25 қаласындағы 50 кинотеатрда тарту етiледi деп жоспарланған.