Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жазушы жерлестерімен жүздесті - АРҚА АЖАРЫ

Жазушы жерлестерімен жүздесті

Еңбекшілдер аудандық мәдениет үйінде осы құнарлы топырақтың тумасы, белгілі ақын, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ауданның құрметті азаматы Баянғали Әлімжановтың 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты  кеш болып өтті.

Кешке аудан әкімі Абай Сәдуақасов, мерейтой иесі мен оның ұлы белгілі актер, әнші әрі сазгер, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Нұрлан Әлімжанов, қоғам қайраткері, Бұланды және Ерейментау аудандарының құрметті азаматы Марат Нәбиев, аудан орталығы Степняк қаласы мен жазушы көп жыл тұрған Кеңащы ауылының тұрғындары қатысты. Алдымен, экраннан мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған  слайд көрсетілді.  Сұрақ-жауап ретінде өрбіген салтанатты жиында Баянғали аға кеш жүргізушісінің әртүрлі тақырыпта қойған сауалдарына жауап беріп, өзінің бірнеше өлеңдерін оқыды.

Салтанатты жиналыста Степняк қаласындағы №1 орта мектептің оқушысы Юлия Кузьменко, Абай атындағы №2 қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Самат Сыздықов қуаныш иесінің «Айналайын, аналар», «Жұмбаққа толы дүние» атты өлеңдерін оқып, көпшілікті шуақты жырмен сусындатты.  Сөйтіп, автордан естелікке бір-бір өлеңдер жинағын алды. Сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесінің қарымды қаламынан туған шығармалар көпшілікке кеңінен таныс. Поэзия мен проза, драматургия, айтыс пен кино саласындағы жетістіктерінің өзі бір төбе. Айдыны жарқыраған Көкшенің сексен көліндей ақынның шығармашылығы өз алдына үлкен бір әлем. Оның драматургия саласындағы «Құдалық», «Қайран кемпір-шалдар-ай!», «Қаптан шыққан қара қыз», тағы басқа туындылары баршамызға мәлім. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры биылғы жаңа маусымын Б.Әлімжановтың «Біржан салдың шідері» пьесасының премьерасымен ашқан болатын.
Салтанатты кеште Баянғали аға осы  пьесасының жазылу тарихына қысқаша тоқтала кетіп, жалпы, өз қаламынан туған он бес пьесаның тоғызы республиканың театрларында сахналанғанын да айта кетті. Әдемі сөз бен әсерлі әңгіменің мәйегін қыздырған ақын енді бір сәтте ортаға ұлы Нұрланды шақырып, әке мен баланың өнердегі үндестігі өз жарасымын тауып сала берді. Әкенің салған сара жолымен осы күні Нұрланның өнері де өрден өрге жүзіп келеді. Елбасының жас кезіндегі образына дейін сомдаған оның кино саласындағы айшықты жетістіктерін айтсақ та жеткілікті. Өзі мойындағанындай, қанша сахналардың ішінде туған елінің киелі сахнасынан қымбаты жоқ екен.
Әкелі-балалы Әлімжановтардың сөзі мен әніне жазылған «Қазақстан», «Өкпелеме, жаным», «Кеңащы» әндерін нақышына келтіре орындаған Нұрлан халықтың шын мәнісіндегі зор ризашылығына бөленді. Тағы бір айта кетерлігі, осы кеш барысында ұйымдастырылған әдеби көрмеде мерейтой иесінің әр жылдары жарық көрген кітаптары мен түрлі мерзімдік басылымдарда өзі туралы жазылған сан алуан мақалалар да көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш барысында облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов пен «Нұр Отан» партиясының белді мүшесі Зере Еспайқызы да Баянғали інілеріне өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етті. Сондай-ақ, белгілі кәсіпкер, Паң Нұрмағамбет киностудиясының құрылтайшысы, меценат Марат Нәбиев те осы киностудияны бүкіл елімізге танытып, бірнеше көркемсуретті фильмдер түсіріп үлгерген мерейтой иесін ақ жүректен бүгінгі қуанышымен құттықтап, одан әрі де шығармашылықтың биік шыңынан көріне беруіне тілектестігін білдірді. Ал, аудан әкімі Абай Сәдуақасов туған елінің атынан жерлес жазушыға ата салтымен ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Сөйтіп, мерейтой иесінің өзін ыстық құшақтарына алып жатқан жерлестеріне риясыз алғыс сезімін білдіруімен мәреге жеткен мазмұнды кеш  Біржан сал елінің өнердегі өрісін тағы бір мәрте алты Алашқа паш еткендей болып, көңіл төрінде ұзақ уақыт күмбір қағып, тұрып алды…

Суретте: мерейтой иесін облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов  құттықтауда.

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар