Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
АҒАМЕН ӨТКІЗГЕН БІР КЕШ - АРҚА АЖАРЫ

АҒАМЕН ӨТКІЗГЕН БІР КЕШ

Сәкен аға деп отырғаным, кәдуілгі Сәкен сері атанып кеткен Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісов. Сәкен Нұрмақұлы бұл жалғанда тірі жүрсе, биыл 80 жасқа толар еді және өзі сүйген Көкшесінде мерейтойын дүркіретіп тойлар еді. «Таулар алыстаған сайын асқақ көрінеді» деген рас-ау, Сәкен ағаның арамыздан кеткеніне біраз жылдар болып қалды. Енді ол кісі туралы жылы лебіздер мен жақсы естеліктер айтылатын болды.

Мен мұны әлдекімше «пәленшемен дәмдес болып едім» деген мақтангершілікпен айтайын деп отырғаным жоқ. Аз уақытта, анда-санда пікірлес, сыйлас болғандықтан, ағаның жан шуағын көргендіктен осыны жазуды өзіме парыз санадым. Адамды жатсынбайтын, жатырқамайтын, атаң кім деп бөле-жармайтын Сәкен ағаның тамаша бір қасиеті бар еді. Менің де бір іліп алар мінезім һәм қалыбым ұнаған болуы керек, Көкшетауға келген сайын жиі жанына шақырып, бауырына тартып жүрді. 1990 жылы Сәкен бастап, марқұм жазушы Рамазан Тоқтаров, қазақтың талантты ақыны, досым Ерік Асқаров үшеуі Бай-Өлкеге арнайы барып қайтқан болатын. Сонан басталған аға-інілік қатынас өмірден өткенше үзілген жоқ. Көктем келісімен ұйқысынан оянып, апанынан шыққан аюдай Сәкен аға да салып ұрып Көкшетауға жететін. Еш нәрсені жасыра алмайтын бала мінезімен «Мен келдім!» деп, өзі сыйласатын біраз жігіттерге хабар соғып қоятын да, ардың-күрдің асығыстау жүрісімен екпіндей басып, титтей бұлданбай және соны өзіне сөкет санамай, уағдалы жерге уақытында келуші еді жарықтық. Болмысында керенау тартып кергу, кісімсіп кісапірсу деген атымен жоқ еді. Данамен дана, баламен бала бола білетін ішкі жан дүниесі өте қарапайым болатын. Бір жылы, 2004 жыл-ау деймін, көктемге салым, сенбі күні болатын. Ойламаған жерден Сәкен аға үйіме телефон шалды. «Сен үйдесің бе? Тез ЦУМ-ның алдына кел!», – деп «приказын» беріп жатыр. Сөзін екі етпей, мен де әмбебап дүкеннің алдына келдім. Жылы шыраймен құшақтасып амандастық. Сәкен ағаның бір мінезі болушы еді, ол өзімсінген адамына бір нәрсеге кіріспес бұрын «әуелі жоспарлап алайық» дейтін. Кейде ол жоспарлауға да тұрмайтын дүние болуы мүмкін. Сірә, ол кісі үшін шаруаның үлкені, кішісі жоқ секілді. Сол әдетіне басып, «кәне, жоспарлап алайыққа» көшті. Сөйтсем, Көкшетаудағы пәтеріндегі тоңазытқышынан ақау шығыпты да, соның орнына жаңасын сатып алмақшы екен. Сәкен аға базарға немесе дүкенге барса, күйбеңдеп жүріп алады дегенді Ерік досымнан естігенім бар-ды. Тура солай екен. Ол да болса дара тұлғаның елене бермейтін қыры болса керек. Не керек, сөйтіп сағат жарым таңдап жүріп қалауына жаққан бір тоңазытқышқа «ен» салдық-ау. Сонан соң жақын жердегі кафеге барып «жуу» басталып кетті. Жол жөнекей Көкшенің танымал бір азаматы кездесіп, ол да ортақ болды. Тоңазытқышты үйге әкелетін уақытқа жақындағанда жолай бір дүкенге соғып, азық-түлік алып, мәре-сәре болып пәтеріне келдік. Айтпақшы, Сәкен ағаны танып, Ақан серісін «оқыған» бір сатушы келіншектен білектей-білектей екі балық сатып алдық. Көп күттірмей «аңсатқан» ақ тоңазытқыш та жетті-ау! Ішін сықап толтырдық. Айналып қарадық. Мақтадық. Ой, қызық-ай деген. Екеуіміздің қолымызда екі балық. Аршып отырмыз. Батырымның аңғалдығы сол ғой: «Балықтың басын жеуші ме еді?», – деп менен сұрап қояды. Қайран риясыз, даладай дархан көңіл-ай деген. Сәкен ағамның қолы «ашылды».
«Қайсысын ішесің?», – дейді. Жасыратын несі бар, ол кезде мен де қамшы салдырмайтынмын. Әрине, мақтанатын нәрсе емес. Бірақ өмірдің шындығы. Екі бөлмелі пәтерде екеуіміз ғана. Ән де шырқалды, күй де тартылды, әңгіме де айтылды, соңында сурет те салынды. «Өй, сен де сурет салады екенсің ғой», – деп балаша мәз болып, қутыңдап қояды. Сөйтіп отырып бір таңды қарсы алдық. Түн ортасы ауған соң үйіме хабарласып, мән-жайды түсіндіріп жатырмын. Сол-ақ екен: «Кәне, маған берші, келінге өзім айтайын», – деп трубканы қолына алды да, «Оу, келін, Ерболат екеуіміз менің үйімде тоңазытқыш жуып отырмыз. Тегінде сен ойлап қалма, арамызда ешкім жоқ», – деп самбырлап жатыр. Сондағысы «Күлшетайларды» тұспалдағаны. Барын жасыра алмайтын адал, ақ көңіл мінез-ай деген. Қандай қылығы болса да өзіне жарасып тұратын және тек Сәкенге жарасатын! 1994 жылы 60-қа толғанда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде мерейімді өсіріп кеткені тағы бар. Сірә, жақсыдан шарапат деген осы болар. Елдің, халықтың, ұлттың Сәкен серісі атанған абзал аға өзі жазған Ақан серінің тағдырын қайталап кетті. Қалай таңқалмайсың.

Ерболат Баятұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

(«Қазақ әдебиеті», 21 қараша 2014 жыл).

СӘКЕН СЕРІНІҢ БУРАБАЙДАҒЫ ҮЙІ

Бұл үйдің тарихы жиырма жылға жуықтап қалды…
1990 жылдардың орта тұсында сол кездегі Көкшетау облысының әкімі Қызыр Жұмабаевтың қамқорлығымен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері Жүнісовке Бурабайдан коттедж үлгісіндегі үй салынып берілетін болып, іле құрылысы басталып кетеді. Алайда, бұл жақсы ниет жуық арада жүзеге асырыла қоймай, айдан-айға, жылдан-жылға созыла береді. Рас, бұған сол кезде ел жағдайы қиындай түскен, оның үстіне Көкшетау облысы таратылып, басқа облысқа қарап қалған өтпелі кезеңнің салқыны да аз тимегені анық.

Көзі тірісінде жазушының өзі де осыған қатты алаңдап, билік басына келіп-кетіп жатқан әкімдердің бәріне осы бір назын жеткізумен жүретін. Мұндайда сол басшылардың қайсысы көрнекті қаламгерге күткен үйінің әне-міне бітіп қалатыны жөнінде жылы емеурін танытпады дейсіз. Бірақ, осы жылдар ішінде бірінен соң бірі ауысқан қаншама әкімнің бәрі қосылып, айналдырған бір үйді ақыры аяғына жеткізе алмай, Алматы мен туған Көкшесінің екі ортасында аттай шауып жүрген Сәкен сері де ойда-жоқта өмірден өтіп кете барды.
– Менің өз басыма сол үйдің керегі де шамалы, – деуші еді қайран аға кейде жоғарыдағыдай уәделердің құр сөз болып шыққанына қарадай налыған күйі. – Мен ел үшін болсын деймін ғой. Сол үйде ғұмырым жетсе «Хан мен Президент» романын, «Ақан серінің» үшінші кітабын жазсам, кейін жалғыз менің емес, осы Көкшедегі бар ақын-жазушылардың музейі болып қалса, жаман ба?! Бар ғой ондай музейлер жер-жерде. Біз солардан кембіз бе?!
Сол дегені болмаған асыл аға-ай! Астанада қайтыс боларының алдында ежелгі әдетімен соңғы рет Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясына тағы бір аңқылдап келе қалғанында:
– Аға, Бурабайдағы үйіңіз не болып жатыр? – деп сұрадым. Ескі жараның аузын тырнағандай болып, осы сұрақтың ойыма қалай сап ете түскенін өзім де аңдамаппын.
– Әй, сол үй өзі бітіп қала ма деп жүрмін. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров 1,5 миллион теңге қаржы бөлді, – деп көңілді кейіпте күлді.
Асылы, қолда бардың қадірін біле бермейтін халықпыз ғой. Өзімізге таяқ тастам жердегі Бурабай бізден гөрі ресейліктерге «жақын». Жаз туса, тайлы-тұяғымен ағылады да жатады. Солар бар, өз ағайынымыз бар, бірі болмаса бірі жылда курортты қалашықтағы осы бір «сақалды» құрылысты көріп, «бұл не қылған бітпейтін үй?» деп таңырқамайды дейсіз бе? Оның шыжығын қайдан білсін. Ақыры, төрінде бір отыра алмай, арманда кеткен Сәкен серінің Бурабайдағы жолы ауыр үйі міне, осы. Көзі кеткеннен кейін бұл үй де ұмытылып, елеусіз қала берген. Не болып, не қойғаны белгісіз. Ешбір дерегі естілмейді.
Ертеректе осылай қарай жолымыз түскенде, арнайы ат басын бұрып, құрылысы кешеуілдеп жатқан үй нобайын өзіміз де бір-екі рет көзімізбен көргеніміз бар. Онда ағамыз аман-есен, ортамызда еді. Енді жоқ. Сұм ажалдың осы бір айшықты ғұмырды да тұтқиылдан қиып түскеніне биыл тоғызыншы жыл.
Сондықтан Бурабайда бола қалса, білген жанның ойына бір үміт, бір өкінішпен Сәкен серінің де бітпей қалған үйі оралады, шама келсе, жазушы жанын тербетумен өткен сол төрт қабырғаны көре кеткісі келеді. Әттең, бұл жолы да ол ниетіміздің көңілімізді көншіте қоймағанын қайтерсіз.
Көкшенің қарағайы мен қайыңына сұғына кірген қалпы анадайдан көзімізге оттай басылғанымен, негізінен, аяқталып қалған құрылыс құлазып, әбден құты қашып тұр екен. Жазушының «музей» деген сөзінен шығады, әуелде жобасын жасатқанның өзінде осы жағын мықтап ескеріп, сәулет-бітіміне ерекше мән бергенге ұқсайды. Үйдің төбесіндегі дөңгелете тұрғызылған көк күмбезі осының айқын айғағы дер едік. Осы жолы анық көзіміздің жеткені, бұл үй қазір иесіз. Табалдырығына дейін бей-берекет өсіп кеткен арамшөп, қолды болған сыртқы есік, бірі бар да, бірі жоқ аңғал-саңғал терезе шынында, басқа нені аңғартсын?
Иесіз үйге кез келгеннің дәті бара бермесе де, аға рухы қолдады ма, шыдай алмай, батылданып ішке ендім. Осы күні көбейіп кеткен қаңғыбастар болар, біреулердің қонған іздері жатыр. Қос қабатындағы қарақоңыр бөлмелердің бірінен-біріне өтіп, ұзын санын шамалап қоямын. Өзі айтқандай, жазушының үлкен бір мемориалдық музейіне әбден сұранып-ақ тұр.
Үй негізінен, салынып бітіп қалған. Ниет болса, ендігі жұмысы тақа көп қаржыны да қажет етпейді. Ендеше, қандай дайын үйді одан сайын тоздырып алмай тұрғанда, сол Сәкен серінің көзі тірісіндегі асыл арманының ақиқатқа айналуына неге күш салмаймыз?!
Бұл үшін Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы Ақмола облыстық әкімдігіне осындай ұсыныспен шықса, бәлкім, бір нәтижесі болып та қалар. Өйткені, «бұл қалай?» дейтін емес, қисыны, жөн-жобасы да келіп тұр ғой.
Рас, жылжымайтын мүліктің бәрін қолды-аяққа тигізбей, іліп әкетіп жатқан мына ашкөз заманда айдын көл, биші қайыңдардың дәл ірге тұсынан «мені көрдің бе?» деп тұрған бұл бағалы үйге де ендігі біреу-міреу сұқ көзін қадады ма екен, әлде әкімдіктің тізімінде ме?! Жоғарыда жазушының бақилық болғанына да біраз жыл сырғып өте шығыпты деп жатырмыз. Ендеше, бұл үйдің әлі бітпей, сол күйі тұрғанына қарап, ойымыз осы жорамалымыздың екіншісіне табан тірегендей. «Бір білсе, солар білер» деген үмітпен осы маңдағы «Бурабай» ұлттық табиғат паркінің қызметкерлерінен де сыр тартып көріп едік, аудандық әкімдіктен ара-тұра бір жігіттің келіп, қарап жүретінін айтады. Демек, түйсігіміздің алдамағаны. Тіпті, жазушының Бурабайдағы бұл үйі ендігі мұра болып балаларының қолына өткеннің өзінде, қалған азды-көпті жұмыстары соңына жеткізіліп, әкелерінің музейі ашылып жатса, ешқайсысы бұған қуанбаса, қарсы болмайды деген ойдамыз.
Шіркін, осы бір игі істің сәтін салып, алыс-жақыннан курортты аймаққа дем алуға келген тынығушылар, өзге де сыйлы қонақтар Бурабайдың сұлу табиғаты, тарихи және мәдени орындарымен бірге, осы музей-үйде қазақтың көрнекті қаламгерінің де өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлермен танысып, талантына бас иіп жатса, ешбір артықтығы болмас еді. Сонау Толстойдың Ясная Полянасы, Шолоховтың Вешенскаясынан бастап, Ресейдің өзінде мұндай музей-усадьбалар қаншама?! Әрі осының бәрі жайдан-жай емес. Жақсы-жайсаңдарын ұлықтаудың, келер ұрпақтардың жадына сіңіріп, ұмытпаудың қамы.
Егер жазатайым көлденең біреудің қолында кетіп қалса, бізге де Сәкен серінің Бурабайдағы үйі орны толмас өкініштей көрінеді де тұрады. Ендеше, туған Көкшесінде талантына бас иген бір қауым ел, Астана мен Алматыда көзін көрген қаншама қаламдас әріптестері бар, осы бір орайы келіп тұрған шаруаны тездетіп ілгері апарып көрсек, бұл ет тірлігімізге, елдігімізге сөз жоқ, жазушы аруағы да шын риза болар еді.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

Бурабай ауданы,
Ақмола облысы.

(«Қазақ әдебиеті»,
21 қараша 2014 жыл).

Алаштың ардақтысы

Таяуда қазақтың рухани астанасы саналатын әсем де салтанатты Алматы қаласына сапардың сәті түсті. Қияндағы Көкшетаудан Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері: Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек пен әдебиетші ғалым, ақын-жазушы Ерболат Баятұлын және осы жолдардың авторын жолға шығарған Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті драматург Сәкен сері Жүнісовтің туғанына 80 жыл толуына арналған кештің ұйымдастырылуы еді.

Алдымен, осы шараның өткізілуіне ұйытқы болған Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына мың да бір алғыс айтуымыз керек шығар. Серінің кеші Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткізілді. Оған қаламгердің бір кезде үзеңгі қағыстырып бірге жүрген, әдебиет майданына білек
сыбана араласқан әріптестері мен қазақ көркемсөзін қастерлей білетін зиялы қауым өкілдері қатысты. Шынын айту керек, Алматы жұртшылығы сөз өнерін, қаламгер қауымды керемет сыйлайды екен. Академиялық драма театрына жиналған жұртшылықтың кеш алдындағы келісті әңгіме, орнықты пікірлерінен-ақ осы бір жайды айқын аңғаруға болатын еді.
Бір басына бірнеше өнер біткен, заманының біртуар абзал азаматы Сәкен серінің ғажайып тұлғасы жайлы көп айтуға болар еді. Алатаудың аспанына ажар бітірген сол кеш біздің де көңілімізді тоғайтып, мақтаныш сезімге бөлеп отырды. Көкшетаулықтар әдебиет әлемінде жерлесіміздің қаншалықты салмағы бар екендігін айқын сезініп, Сәкен серімен мақтанып, масайрап отырдық. Сәкен серінің әдемі адамдық болмысы мен ұшан-теңіз шығармашылығына арналған кешті қазақтың белгілі ақыны, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, профессор Бауыржан Жақып жүргізді. Баяндамашы өз сөзінде қазақтың шешен тілімен біздің көз алдымызда жүрген, жүрегіміздің терең бір түкпірінде қалған Сәкен серінің кісілік келбеті, болмысы жайлы баяндап берді.
Иә, Сәкен сері ағамыздың бойында айрықша дарын, ерекше қабілет көп еді ғой. Қазақ әдебиетіне мәңгі өлмес туындылармен қосқан үлесі өз алдына, шешіліп сөйлеп кетсе, қазақтың бұрынғы билерінше емін-еркін көсілетіндігі, ұзақ сөйлесе де, жалықтырмайтындығы, ал, әнге келгенде алдына әнші салмайтындығы ғажап еді ғой. Оған жамбасы жерге тимеген балуандығын қоссаңыз, одан әрі бильярдтің хас шебері болғандығын үстемелесеңіз, ұлық бейнесі сомдала түспек.
Салтанатты шараны Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай ашып, Сәкен Жүнісов жайында тереңнен толғап сыр айтты, жыр айтты. Орынды айтты. Орнықты айтты. Проза мен драматургия жанрында ұлан-ғайыр еңбек еткен Сәкен серінің шығармашылығы жайында баяндаманы белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков жасады. Кеш барысында Сәкен серінің туған інісі Орал Жүнісов түсірген деректі фильм көрсетілді.
Көкшетаудан барған азаматтар да серінің өздері танып-білген асыл қасиеттері жайлы тамаша әңгімелеп берді. Құдайберлінің де, Ерболаттың да есті сөзбен өрнектелген естеліктері әсерлі шықты. Мұнан соң мен сөз алып, Көкшетаудағы әдебиет және өнер мұражайына қазақтың біртуар азаматы, көрнекті қаламгер Сәкен серінің есімін беру туралы өз пікірімді білдірдім. Салтанатты жиынға қатысқан зиялы қауымның ықылас білдіргеніне қарағанда, пікірім орынды болған тәрізді. Ендігі сөзді жазушының туған жеріндегі ел азаматтарына бұрған ләзім. Егер біз тіршілігінде қаламының қайратымен туған халқына қалтқысыз қызмет еткен, өміршең өнерімен таңдандырған, тамсандырған Сәкен сері ағамыздың есімін мәңгілік етіп, еңбегін насихаттаймыз десек, аяулы атын біздің мұражайға берген дұрыс. Өйткені, Сәкен сері сол әдебиетке, арлы әдебиетке бар ғұмырын, қажырлы қайратын арнаған жоқ па?!
Нұрбек НҰРАЛЫ,
Ақмола облыстық әдебиет және өнер мұражайының директоры.

Бір өзі сегіз сері, жеті батыр

Қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы біртуар суреткері Сәкен Жүнісовтің 80 жылдық сеңгірі М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында аталып өтті.

Әлбетте, өмірден озғанына сегіз жылдың жүзі болған, көзі тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленген дара дарынның сеңгірлі сексенін тойлауға Қазақстан Жазушылар одағы мұрындық болғанын алдымен айтқанымыз ләзім. Заулап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  прозашы һәм драматург. Елі еркелетіп Сәкен сері деп ат қойған  қаламгердің 50 жылдық мерейтойын да осы сахнаны толтырып «Жұлдыз» журналының сол кездегі бас редакторы, жазушы Бекежан Тілегенов, «Қазақ энциклопедиясының» бас редакторы, сыншы Мұхаметжан Қаратаев, Қазақстанның халық әртістері Сәбира Майқанова, Камал Қармысов, жазушы Сайын Мұратбеков отырған болатын. Баяндаманы жазушы Әди Шәріпов ағамыз жасаған. Одан кейінгі 60, 70 жылдық мерейтойларында да Сәкен ағаның өзі жарқылдап ортаға шығып ел алдында есеп беріп еді. Ал, бүгінгі 80 жылдығында халық жүрегінің төрінен орын алған аса талантты жазушымыз Сәкен ағаның өзі ортамызда жоқтығы өкінішті. Десек те, ұрпақ жадында оның еңбегі, жазған дүниелері, адамгершілік қасиеттері ұмытылмай жаңғыра беретінін осы бір тамаша өрілген еске алу кеші тағы бір айғақтағандай.
Өзі де туабітті өнерпаз, әнші болған хас таланттың рухын «Құлансаз» оркестрі өнерпаздарының ән, билері әлдиледі. Кешті ақын Бауыржан Жақып жүргізсе, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының  бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай жазушы өмірінің өрнекті белестеріне тоқталды. Осы орайда:
«Жыр қанаты – ол әуелден – топшысы бар қуатты, Қара бұлтты қақ жаратын құс – найзағай сияқты. Назарына Әуезовтің ол алдымен ілінген, «Сәкен сері» – Мүсірепов Ғабит берген бұл атты», – деп жырлаған қабырғалы ақын Өтежан Нұрғалиевтің осы шумағы да көп жайды аңғартып тұрғандай.
Сері адам – «Сегіз қырлы, бір сырлы» адам. Осыны таратыңқырап айтсақ, алты жасынан бастап домбыра тартып, сурет өнерін де игерген, шаңғы, коньки тебуде өз ортасында алдына жан салмайтын, мерген, аңшылығы өз алдына, кейін бильярдтан да аса шебер ойыншы атанған, волейболшы Сәкен, университет қабырғасында жүрген бес жылда оқумен ғана шектелмей, алдымен университет жанындағы домбыра оркестрінде тенор домбырасын, приманы тартушы болса, қазақша күрестен университет, қала чемпионы атанып соңғы курстарда опералық шығармалардан ариялар, қазақтың өз әніне қоса, өзге жұрттардың әндерін сахнада да, радиодан да айтып, талай фестивальдарда жүлдегер болған.
Халық өзінің Сәкенін сағынып-ақ қалған екен. Сол сағынышты бір сәт басу үшін қаламгердің көзі тірісінде түсірілген деректі фильм көрсетілді. Оны түсірген – Сәкен ағаның туған інісі, танымал кинорежиссер Орал Жүнісов екен.
Астанадан  арнайы келген көрнекті ақын Серік Тұрғынбеков шағын баяндамасында Сәкен ағасының сан қырлы талантын кеңірек баяндады. Өнері жас кезінен-ақ ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің көзіне түсіп, өзіне ұнағаны, тіпті, Мұхаңның Лениндік сыйлық алған жолғы тойында асабалық еткені, Ғабит Мүсіреповтің «Біздің Сәкен сері» деп үлкен жүректі сүйсініспен мақала арнағаны, «Жапандағы жалғыз үй» романы, атақты «Ақан сері» дилогиясы, «Аманай мен Заманай» хикаяты, көптеген пьесалары қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылғандығы – бәрі-бәрі айтылды. Шынымен-ақ ғажайып ақын Ғафу Қайырбеков:
«Бір өзің сегіз сері, жеті батыр,
Мергенсің атқан оғы кетпес ғапыл.
Туған жер Сары Арқаны сағынғанда,
Мен сені бір иіскесем жетіп жатыр», –
десе дегендей-ақ қой. Жазушылар Софы Сматаев, Берік Шаханов, ақын інісі Жүрсін Ерман, тойға Көкшетаудан арнайы келген ақын Құдайберлі Мырзабек пен филолог-ғалым, ақын Ерболат Баятұлы және басқалар сағынышты естеліктерін тебірене толғады. Көкшетауда біртуар қаламгердің атына биыл көше берілгенімен, жалпы еліміз бойынша Сәкен Жүнісов есімін есте қалдыру шаралары  кешігіңкіреп жатқаны да айтылмай қалмады. Кешке жазушының қарындасы Роза, ұлы Жанбота, қыздары Гүлмира мен Ақбота ырза көңілмен қатысып отырды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар