«КазгруХолдинг» серіктестігінің қалыпты жұмыс істеп келе жатқанына 7 жылдың жүзі болды.
Серіктестік бұрынғы қаңырап тұрған нан зауытының ғимаратын жөндеуден өткізіп, ет өнімдерін өңдейтін Австрияның жабдықтарын сатып алып, орнатты. Уақыт өте келе, ұжым аяғынан тік тұра бастады. Бұл күнде кәсіпорында 120-ға тарта жергілікті адамдар жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне 5 тоннаға жуық 70-тен астам түрлі ет өнімдері дайындалады. «Халал» тағамдар – қазы-қарта, жал-жая, шұжық, ысталған, жартылай қақталған етке деген сұраныс күн сайын артып отыр.
Шаруашылық сиыр етін «Новокубанское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен және өңірдің мал бордақылаумен айналысатын өзге шаруа қожалықтарынан алады. Ал, шошқаны өздері өсіреді. 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алған несиеге Петровка селосындағы мал қорасы сатып алынып, нысан қайтадан жаңартылды. Ағымдағы жылы «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамының қолдауымен қазіргі заманғы шошқа өсіретін кешеннің құрылысы басталды.
«ҚазгруХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен 9 ай ішінде 300-ден астам өнім түрін Астана, Қарағанды, Щучинск қалалары мен облыстың басқа аудандарының ірі супермаркеттеріне ұсына алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Шортанды ауданы.