Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында Көкшетау қаласы мен Есіл ауданында кәсіптік және техникалық білім берудің жай-жапсары қаралып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық мәслихаттың депутаты Сағынтай Елубаев тұрақты комиссияның мүшелері бұл мәселені жіті зерттегеніне тоқталды. Бүгінде Көкшетау қаласы мен Есіл ауданында 16 кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері жұмыс істейді. Бұларда медицина, білім, құқық, мәдениет, экономика, ауыл шаруашылығы салаларына қажетті мамандар оқытылады. Сондай-ақ, олар мемлекеттік тапсырыс бойынша қалалық жоғары техникалық мектеп негізінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Жиһаз өндірісі» және «Полимерлік өндіріс технологиясы» мамандық иелерін даярлау қолға алынған. Ал, Есіл қаласында №7 агротехникалық колледжінде жалпы алғанда 293 оқушы білім алуда. Осынау оқу орны мамандарды 5 кәсіп бойынша даярлайды.
Осы жиынға қатысқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Евгений Шеленжек студенттерді оқытып қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, кәсіпорындармен келісім — шарт жасасып, студенттердің тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, барлық оқу орындарына жатақхана салу мәселесі де көтерілді. Себебі, 15 кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің тең жартысында ғана жатақхана бар көрінеді. Екі ауысымды оқу үдерісін жоюдың жайы да сөз болды. Ал, Біржан сал атындағы музыкалық колледжінде оқыту кабинеттері жетіспейді. Бұл мәселенің шешімін табу мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру қажеттігі де айтылды. Бүгінде, барлық оқу орындарында мемлекеттік тілде жазылған оқыту құралдары тапшы болып тұр. Бұл жай оқытушыларға үлкен қиындық тудыруда.
Отырыста сөз сөйлеген Есіл ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Ағымбаева №7 агротехникалық колледжінің бүгінгі тыныс-тіршілігін баян етті. Ол облыстық бюджет қаржысы есебінен барлық оқыту кабинеттері заманауи технологиялармен толыққанды жабдықталғанын атап көрсетті. Тиісінше, оқу орнының дуалды оқу үдерісін дамытып келе жатқандығы сөз болды. Колледж әкімшілігі студенттердің тәжірибеден өту барысында үш жақты келісім-шарт орнатып, кейін жұмысқа орналасуына жағдай тудырып отырған көрінеді. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 5 түлек жұмыспен қамтамасыз етіліпті.
Қалалық сервистік-техникалық колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Наталья Румянцева білім ордасы мемлекеттік грант ұтып алғаннан соң, мекеменің материалдық базасының жаңартылғанынан хабардар етті. Студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Колледж содан бері жыл сайын ондаған сайыстарға қатысып, көптеген марапаттарға ие болып жүр. Сондай-ақ, ол колледж қабырғасында 55 жетім бала тәлім-тәрбие алатынын тілге тиек етті. Бірақ, оларды киім-кешекпен қамтамасызету үшін мемлекеттік сатып алу шарасына қатысу керек екен. Бұл бір жағынан көп уақытты алса, әрі киімнің сапасы мен пішіні көңіл көншітпей отыр. Осы орайда, аталмыш үдерісті жеңілдету мәселесі қарастырылса деген тілегін айтты. Тұрақты комиссияда облысымызда кәсіптік білім беру барысында кемшін түскен тұстармен бірге, озық технологияларды қолдану жайы да сөз болды. Бұл үшін алдағы уақытта бюджеттен қаржы қарастыру қажеттігі жөнінде ұйғарым жасалды.