1954 жылдың сегізінші желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайлау өтіп жатқан мерекелі де берекелі күні дүниеге келген ұл балаларына Ұлы Отан соғысының ардагері Кәрібай аға мен Балғын апаның қуаныштары қойнына сыймай, нәрестенің атын Сайлау деп қойыпты.
Содан бері өткен аттай 60 жыл дөңгеленген дүниені небір өзгерістерге толтырды. Біз үшін соның ішінде ең елеулісі – туған еліміздің егемендік алып, тәуелсіз мемлекет атанып, көк байрағын көкте желбіреткені. Оған да міне, ширек ғасыр таяп қалды. Осы уақыт ішінде елмен бірге көркейіп, ел ісіне етене араласып, ынтымақ-бірлікке ұйытқы болған азаматтардың арасында біздің Сайлау құрдасымыз да бар. Оның кіндік қаны тамған жері бұрынғы Көкшетау облысы Көкшетау ауданының Қарлыкөл ауылы. Өмірлік жары Дәметкен екеуі ұл мен қызының, немерелерінің қызық-қуанышына бөленуде. Осы қара шаңырақтың ақылгөйі Балғын шешеміз де немере сүйіп, шөбере қолынан су ішкен қадірменді қария. Ақ жаулықты әже ретінде еліміздің ертеңіне деген үлкен сеніммен бақытты ғұмыр кешуде.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп ән шумағында айтылғандай, Сайлау досымыз асқаралы алпыстың асуына еш алқынбай, өзіне тән азаматтық арман-мақсатының асуларын бағындыра отырып, байыпты да қарапайым, елгезек, ашық-жарқын, көпшіл мінезінің арқасында өз ортасына сыйлы ғұмыр кешуде.
Туған ауылында сегіз жылдық білім алған соң, 1972-1975 жылдары Зеренді совхоз-техникумында механик мамандығы бойынша оқиды. Оны тәмамдаған соң әскери борышын абыроймен атқарып келіп, ұстаздық жолға түседі. Сол кездегі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының филология факультетінде сырттай оқи жүріп, 1993 жылы Шағалалы аграрлық бизнес колледжіне оқытушылық қызметке орналасты. Міне, содан бері 20 жылдан астам уақыт ішінде өзінің тынымсыз ізденісі мен шығармашылық белсенді қызметінің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Осынау жылдар ішінде алдынан өткен жүздеген шәкірттердің бойына ана тіліміз бен әдебиетіміздің асыл мұраларын, жауһар жырларын сіңіріп, білім нәрімен сусындатты, шығармашылық ізденістерге бойлап, үлкен тәжірибе жинақтады. Оның шәкірттерінің арасынан бірнеше аудандық, аймақтық жыр мүшәйралары мен айтыс жеңімпаздары шықты. Атап айтқанда, Ақмарал Ақанова республикалық жас ақындар байқауының жеңімпазы атанып, белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің қолынан үшінші дәрежелі диплом алды. Сонымен бірге, өлеңдері арнайы жинаққа енді. Сол сияқты, Қанипа Шәпи, Жәрдемгүл Өмірзақ сынды оқушылары да әр жылдары осындай жыр мүшәйраларында жүлдегер атанып, ұстаз мерейін асқақтата түсті.
2004-2010 жылдары аталмыш оқу орнының бөлім меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып, педагогикалық, әдіснамалық тың жетістіктер мен жаңалықтарды терең меңгерген тәжірибелі де жоғары санатты ұстаз Сайлау Ыбыраевты қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытушылары Т.Тұрлыбекова мен У.Таңдаева өздеріне үлгі тұтып, ақылшы-ұстаз санауда. Көп жылғы жемісті еңбегінің нәтижесінде білікті ұстаз ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен болған кездесуге барып, ұжым мерейін тағы бір өсірді.
Шәкірттерімен бірге Көкше өңірінің ақын-жазушыларының шығармашылығы жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, аграрлық бизнес колледжінің оқушылары елімізге танымал жерлес ақын-жазушылар Төлеген Қажыбай, Мәтен Бижанов, Баймұрат Азнабай, Баянғали Әлімжановтармен тағлымы мол кездесулер өткізді. Сайлау Кәрібайұлы сонымен бірге, қаламы жүйрік жергілікті тілші. Оқу ордасындағы атқарылып жатқан мәні зор шаралар мен өз ісінің үздіктері жайлы жазған мақалалары жергілікті баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып тұрады.
Оның үстіне өнерге де бір табан жақын. Сонау кеңестік дәуірден бастап аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауларының бірнеше дүркін лауреаты атанды. Сәкен, Ақан сері, Біржан сал бабаларымыздың, бергі кезеңдегі Шәмші Қалдаяқовтың әндерін нақышына келтіріп, тыңдаушының құлақ құрышын қандыра орындайды. Жомарт жанды, мәрт мінезді, сегіз қырлы, бір сырлы Сайлау Кәрібайұлы аграрлық бизнес колледжінің 45 жылдығына орай ашылған мұражайдың меңгерушісі ретінде де өлкетану ісіне зор үлес қосып келеді. Азаматты еліне танытатын ісі мен мінезі десек, өмірдің мәнін ұғып, сол биіктен көріне білген Сайлау әріптесімізге бүкіл ұжым болып өмірдің тек күнгейі мен жақсылығын тілейтініміз анық.
Орал РАҚЫМОВ,
Тынымбай ДОСБАТЫР,
Шағалалы аграрлық бизнес колледжінің
оқытушылары.
Зеренді ауданы.