Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тігіншілер жетіспейді - АРҚА АЖАРЫ

Тігіншілер жетіспейді

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Көкшетау қаласындағы «Диас» тігін фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде білікті мамандардың жетіспейтіні, осының салдарынан кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей алмай отырғандығы туралы мәселе қарады.

 

Серіктестік басшысы Хасен Қажыбаев облыстық кәсіпкерлер палатасына осы мәселемен жүгініп, палата сарапшылары тігінші мамандығына оқытатын үш колледждің өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Кәсіпкердің айтуынша, бар мәселе мамандарды даярлауға қатысты болып отыр. Өңірдің орта арнаулы оқу орындары тек ателье мен шеберханада жұмыс істей алатын тігіншілерді ғана  даярлайды. Олардың  үлкен өндірісте, қазіргі заманғы қондырғыларда жұмыс істей алатын қабілеттері  жоқ көрінеді. Бүгінгі таңда тігін фабрикасындағы 100 еңбеккердің 30-40 пайызының біліктілігі жоқ. Сондықтан, Хасен Қажыбаев осы жолы оқытудың дуальдық жүйесін енгізу жөнінде мәселе көтерді.
–Өз ұсыныстарымызды айтып, әртүрлі мекемелердің табалдырығын тоздырдық. Мемлекет тарапынан мамандар даярлауға қаржы жеткілікті бөлінеді. Алайда, бүгінгі таңда көптеген оқу орындары тек біз айтқан тігіншілерді ғана  даярлайды. Оларға жұмыс табу да қиынға соғуда. Сол себепті, үлкен өндіріске қажетті тігіншілерін даярлау қажет, – дейді ол өз сөзінде. 
Тігін фабрикасымен бірлесіп жұмыс істейтін Көкшетау қаласындағы №1 сервистік-техникалық колледж басшыларының айтуынша, білім ошағында тігіншілер даярлаудың лицензиясы бар көрінеді. Бірақ, олар қажетті оқу тобын тек келесі жылы ғана жасақтағалы отыр. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының өкілдері өз сөздерінде өзге мамандықты қысқарту есебінен тігіншілер даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс беруге дайын екендерін жеткізді. Былайша айтқанда, жұмыс берушілердің сұранысына сай осылай істеуге  мүмкіндік бар.
Кездесуге қатысушылар ортақ пікірге келіп, мектеп партасынан бастап, мамандық таңдау жұмысын жүйелі түрде жүргізу қажеттігіне тоқталды. Мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырысты белгілеу алдында осының бәрін мұқият ойластыру мәселесі сөз болды. Бұдан былай колледждер базасында әртүрлі мамандар даярлау бойынша оқу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылмақшы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар