Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тыңмен бірге түлеген өңір - АРҚА АЖАРЫ

Тыңмен бірге түлеген өңір

Бурабай ауданындағы салтанат Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мен тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына арналды.

Онда  сөз сөйлеген аудан әкімі Төлеген Ташмағанбетов осы саладағы  оң өзгерістерге тоқталып, алғашқы тың игерушілер мен өндіріс озаттарына сый-құрмет көрсетті. 
Қысқа мерзімде тың және тыңайған жерлерді игеру Қазақстанның экономикасын, білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларын дамытуға, қуатты кадрлық-ғылыми әлеует құруға мол ықпал етті. Елбасы өз сөзінде «Тыңды игеру – бұл әлем тарихында болмаған ХХ ғасырдың өте ауқымды әлеуметтік-экономикалық жобасы» деп атап көрсеткен болатын. Игерілген тың достық пен жасампаздықтың қайнар көзі болды. Тың игеру Бурабай ауданына да көптеген оң өзгерістер әкелді. Міне, салтанатты шарада осы туралы айтылды.
Аудан агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлері өздерінің кәсіби мерекелерін Елбасы Жолдауы қабылданып, «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан шақта атап өтіп  отыр. Тек биылдың өзінде  ғана ауданға республикалық бюджеттен осы салаға 9617 миллион теңге  бөлінді. Бұл қаржы көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын жүргізуге, элиталық тұқым шаруашылығын жолға қойып, минеральдық тыңайтқыш пен гербицидтер сатып алуға, мал шаруашылығын дамытуға жұмсалған көрінеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай нақты қолдаудың арқасында биыл аудан егіншілері 112 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңіріп, 157,7 мың тонна астық жинап алды. Сөйтіп, астық шығымдылығы бойынша өңірде үшінші орыннан көрінді. Бұл көрсеткіштердің сыртында механизаторлар мен жүргізушілердің, қырман еңбеккерлері мен өндірісті ұйымдастырушылардың қажырлы еңбегі тұр.
–Ауданда дәнді және бұршақты дақылдар өсірумен 43 ауыл шаруашылығы құрылымы, 232 шаруа қожалығы айналысады. Дәнді дақылдарды әртараптандыру жұмысы белсенді жүргізілуде. Майлы дақылдар алқаптары едәуір ұлғайтылды. Орақ жұмыстарында Дәулет Тазабаев басқаратын «Бурабай-2007» агрофирмасы» серіктестігі ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Бұл шаруашылық  дала жұмыстарын ауданда  бірінші болып аяқтап, өзгелерге көмектесті. Сондай-ақ, «Веденовка» агрофирмасы мен «Есіл-Агро» серіктестіктері де дәнді дақылдардан тәуір өнім жинады. Егін орағында «Сүлейменов Т», «Корницкий», «Ж. Жұмағожин» және «Сейпулдинов» шаруа қожалықтары жақсы нәтижелерге жетті, – дей келе, аудан әкімі «Есіл Агро»  серіктестігінің  агрономы Сергей Бондарь, «Алтын бидай-2020» серіктестігінің механизаторы  Олег Попчик, осы шаруашылықтың  инженері Николай Осинцев, «Бурабай-2007» серіктестігінің агрономы Юрий Бирюков пен механизатор Дәулетбек Құдабаевқа, тағы басқа да бірқатар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне түрлі  марапаттар тапсырды.
Ауданда жыл өткен сайын мал басы мен құс саны да көбейіп, ет пен сүт өнімдерін және жұмыртқа өндіру артып келеді. Бұл бағытта «Есіл-Агро» серіктестігі мен «Бастау» шаруа қожалығы басқаларға  үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Сондықтан, алдыңғы шаруашылықтың сауыншылары Күмісжан Есләмова, Татьяна Филенко, Александра Самуткина және Әлия Қожахметова бастаған озат мал шаруашылығы еңбеккерлері де сый-сияпаттан құр қалмады.
Орта және шағын бизнес саласында «Хоттей», «ОСКО», «Кенесары астық» және «Щучинск ет комбинаты» серіктестіктері алдыңғы қатардан көрінуде. Бұлар  ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысады. Бұған қоса, ауданда  7 шұжық цехы бар. Өкінішке орай,  сүт өнімдерін өңдейтін цех біреу ғана.  Жалпы, өндіріс орындарында  1373 миллион теңгенің өнімі өндіріліп  отыр.
Қазір бурабайлықтар Елбасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы тапсырмаларын орындау жолында  еселі еңбек етуде. Тыңда түлеген шаруашылықтар өтпелі кезеңде біраз құлдырап қалғанымен, қазір еңселерін тіктеп,  ілгері  қарай қадам басуда. Тың және тыңайған жерлерді игерудің зардаптары да болғаны анық. Алайда, оны  мойындай отырып, жақсы жақтарын да естен шығармағанымыз жөн. Көрікті Бурабай өңірінде жапан даланы жаңғыртқан алғашқы тың игерушілер мен ауыл еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет те осыны айқын аңғартып, көп көңілінен шыға  түсті.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар