Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қымыздың артықшылығы дәмінде - АРҚА АЖАРЫ

Қымыздың артықшылығы дәмінде

Астананың іргесіндегі бұл шаруашылық қымыз өндіруді 2008 жылдан бастап мықтап қолға алған. Мұнда жыл санап мама биелер саны өсіп келеді. Сонда да, жұмыстың біразы күні бүгінге дейін қолмен атқарылады.

– Біз өткен жылы 5 тонна қымыз өндіріппіз, – дейді агрофирманың бас мал дәрігері Аманжол Әйткенов. Ал, биыл Астананың дүкен сөрелеріне жеткізген ұлттық сусынымыздың мөлшері бұл көрсеткіштен асып түсіп отыр. Әлі де болса оның деңгейін анағұрлым ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар.
Бір айта кететін жәйт, қаланың басты сауда орындарының сөрелерінде қырғыздың, Жаңарқа мен Алматы маңайының қымыздары иін тіресіп-ақ тұр. Бірақ, келушілер Целиноград ауданының «Ақтық» деп аталатын қымызын көп алады. Себебі, оның дәмі ерекше. Бір ішіп көрген адам осы сусынды аңсап тұрады. Бұл өнімді баптайтын мамандар агрофирмада баршылық. Қорғалжыннан осы жұмысқа арнайы шақыртылған Рымкүл Үнішева (суретте) қымыздың қорын  жасауды, күбінің ысталуын жеке өзі бақылап отырады.
– Биелерді біз сәуір айынан бастап қалың қар түскенге дейін сауамыз, – дейді ферма меңгерушісі Төлеген Жүсіпов. –  Биелер құлындай бастасымен бұл жұмыс ерекше назарда болады.
Шаруашылықтың механикалық күбісі бір мезгілде 60-80 литр сүтті пісуге есептелген екен. Бір жарым сағат бойы тоқпен жұмыс істейтін күбіде пісілген  өнім 
1 литрлік арнайы құтыларға құйылады. Күн сайын «Газель» автокөлігімен Жексен Рақымжанов алдын-ала келісім бойынша бабына келген сусынды бас қаланың  супер-маркеттеріне жеткізіп тұрады.
Әсіресе, арақ-шарапсыз өтетін той иелерінен «Ақтықтың» қымызына сұраныс көп екен. Тіпті, облыс орталығы Көкшетау қаласынан хабарласып, тапсырыс беріп жатқандар қатары да аз емес. Қазақтан той артылған ба?!.  Шілдехана, құдалық, түрлі ас беру шараларында жұрт  бұл қымызды жақсы атап  жатады.
Жалпы, қазақтың ұлттық сусыны бол-ғандықтан, қымыздың өзін  ірі өндіріс саласына айналдыратын кез жетті.  Бірақ, бие сүтіне бөлінетін мемлекеттік субсидияға көңіл  көншімейді. Бар болғаны 1 литріне 90 теңгеден ғана келеді. Жылқы сиыр емес. Оның сағат сайын сауылатынын, сүтті көп бермейтінін ескеріп,  қаржы көлемін көбейту керек-ақ.
Ойлағандай қамқорлық болса, емдік қасиеті зор өнім халқымызға  денсаулық сыйлап, елдің  ғұмырын ұзартуға септігін тигізер еді. Осы кәсіпке ден қойып жүрген азаматтарға тиісті көмек-қолдау көрсете алсақ, қымыздың мол өндірілетіні сөзсіз. Ал, бұл осы күні бие саууды  батыл қолға алған «Ақтық» агрофирмасы сияқты шаруашылықтардың көбейе түсуіне де жол ашар еді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар