Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлтын сүйген жүрекпен - АРҚА АЖАРЫ

Ұлтын сүйген жүрекпен

Бір мектеп ілгері, бір мектеп кейін деген сияқты, ұстаздардың бәріне бір өлшеммен қарауымызға болмайды. Әсіресе, мектеп басшыларына тоқталатын болсақ, әртүрлі деңгейдегі директорларды да көз көріп жүр. Бірінің өз ұлтына жаны ашып тұрады, бірі мектептің ішкі жұмысына мығым. Бойына біткен толайым қасиеттерімен осының екеуін де бірдей дөңгелетіп алып кеткен басшылар бар. Олар кез-келген мәселені әріден ойлап, осының ұлтыма бір пайдасы тисе екен деп жүреді. Ал енді, жасыратыны жоқ, бұл жағынан шыбық басын әзер сындыратын, өз көлеңкесінен өзі қорқатын атқа мінерлерді де білеміз. Олар әрине, өз ұлтына деген мұндай салқын қабақпен сол туған халқы үшін жарытып ештеңе тындыра алмасы анық.

Әрине, біз үшін мұндайда қазағым деп жүрегі ауыратын, осы жолда қолынан келгенше пәтуәлі бір іс тындыруға құлықты азаматтар қымбат. Жуырда көрікті  Бурабай өңіріне жолымыз түскенде, аудан орталығындағы «Мирас» көп бейімді қазақ орта мектебінің директоры Жомарт Қайырымденовтың бойынан бүгінгі таңда ұлтымызға аса қажет болып отырған сондай қасиеттерді аңғарып, көңіліміз көтеріліп қалды.
Жақсы азаматпен сыр-сұхбат құру да бір ғанибет қой. Істің жөнін білетіні, білімдарлығы мен ой-өрісінің кеңдігі, өз жұмыс саласында айтарлықтай тәжірибесі бары көрініп тұр. Осы күні аудандағы тарап кетудің аз-ақ алдында тұрған Кіндікқарағай атты шағын ғана ауылда туып-өсіп, осындай деңгейге жеткен маман. Сәтін салып, алдымен, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында біраз жыл жақсы іс-тәжірибеден өткен. Былайша айтқанда, ысылып, төселген. Директордың орынбасарлығына дейін көтеріліп, осы қызметте абырой-беделімен танылған. 2008 жылы қолынан іс келетіні ескеріліп, Щучинск қаласындағы жалғыз қазақ орта мектебіне басшы болып  тағайындалады. Содан бері алты жыл өтсе де, бұл қызметтің бар жауапкершілігін сол кездегідей әлі де жете  түсінумен келеді.  Оны екеуара әңгімемізден де жақсы аңғардық. Әрі өткенді сыйлай білген, соны бір бүйіріне түйген адамнан тек жақсылық күткен абзал.   
–Бұл білім ордасының басты қасиеті аудан орталығындағы маңдайға басқан жалғыз қазақ мектеп-интернаты ретінде ертеден осы төңіректегі бүкіл қазақ ауылдарының балаларының басын қосып, соларға тәлімді тәрбие, сапалы білім  беруінде жатыр. Сол кезде мұнда Таңсық Жұрынова сияқты есімі бүкіл республикамызға мәлім   ұлағатты ұстаздар еңбек етсе, бертіннің өзінде  Қайыр Әбдірахманов, Тоқтар Баймағамбетов, Амантай Сейітқасымовтай ондаған ел азаматтары түлеп ұшқан. 1993 жылдан бастап мектеп қайта құрылып, интернаты сақталып қалғанымен, ол бұрынғыдай тәрбиеленушілерін ауыл мен қаланың екеуінен де қабылдай бермейтін болды. Қаланың балалары үйлерінен келіп оқиды, ал, аудандағы Атамекен, Қаражар, Мезгілсор, Үлгіалған, тағы басқа шағын ауылдардың балалары осы интернаттың қамқорлығында. Осы ауданда Златаполье деген әжептәуір елді мекен бар. Әлі күнге қазақша мектебі жоқ. Ондағы балалар да біздің интернатта, – деген Жомарт ініміздің сөзі жаңағы өзімізше  көкейімізге түйіп  жатқан ойымыздың бір айғағы.
Иә, осылай мектеп директорының ортаға салған ой-пікірлерінен аудандағы мемлекеттік тілге, білім саласына қатысты жалпы ахуалды да аңғарып, білуімізге болатындай. Мұндағы мектептердің басым денінің тізгінін  өзіміздің ұлттың азаматтары ұстап отырғанымен, түрлі деңгейдегі  мәжілістерде қазақ тілінің әлі бағы жанбай тұрғандығы, қазақша бір-екі ауыз сөз айтылмайтындығы, көп басшылардың қазақ бола тұра, өз тілінің қадіріне жете бермейтіндігі әрине, жан ауыртарлық жағдай. Ал, осы Щучинск қаласындағы орыс мектептеріне келсек, қазақ сыныптарын ашу жағы әлі баяу. Көбіне  басшыларында орын жетіспейді деген сылтау басым.  Биыл әйтеуір, №3 орта мектепте қазақ тілінде даярлық тобы мен бірінші сыныптың ашылғанының өзі  дәтке қуат. Кейде осындай мәселелерге көңілі толмайтын Жомарт бауырымыздың бұрынғы Бурабай орман шаруашылығы техникумы, қазіргі аграрлық колледжде ана бір кезде ашылған қазақ топтарының  саны қайтадан азая түскендігіне көңілінің дал болуын да  жан-тәніңмен жақсы  ұғынасың.
–Мен осыны айтып отырғанда, басқа ұлтты жек көрмеймін. Қайта біздің өзіміз өз тілімізде сөйлемей жатқан жағдайда, олардың біразы, әсіресе, жастардың  мемлекеттік тілге  немқұрайлы қарамайтынына риза боламын. Кемшілік олардан емес, өзімізден ғой, – деп ақтарған жан сыры да түсінікті. Туған тіліміздің тұғырын шатқаяқтатып тұрған көбіне-көп осы мәселедегі өзіміздің босбелбеулігіміз. Жалпы, қазақ сыныптары, қазақ мектептерінің әлі де аздығы, олқылықтың тақа орнына келмей жатқандығы неден туындайды? Кей білім ошақтары  жоғарыда аңғартқанымыздай, бұл мәселемен жете айналыспайды. Олар әртүрлі сылтаулармен балаларды қабылдай қоймаған соң, жоғары жаққа мұндай сұраныс жоқ сияқты көрінеді.
–Биыл біздің мектепке бірінші қазақ сыныбына 86 бала келді. Бұл жағынан бірде-бір ата-ананың бетін қайтарған жоқпыз. Осы балаларды қазір  төрт сыныпқа бөліп оқытып жатырмыз. Даярлық тобында 70 бүлдіршін тағы бар. Осыдан кейін орын жетпейді деп айтса, бізді айтуға болатын шығар. Бірақ, ертеңіміз үшін бәріне бақылмыз. Ал, енді, көрші мектептерге тым болмаса, біздің бір сыныбымызды алып, оқытыңыздаршы десем, орын жоқ деп маңайлатпайды, – деп  және бір  көкейдегі түйткілін ортаға салады Жомарт. Мұның бәрін ұлтжанды азаматтың өз халқына деген сүйіспеншілігі, нағыз мәрттігі  деп ұқтық. Әрқайсымыз десек,  ол енді қиын мәселе. Алайда, тым құрыса, бірсыпырамыздың бойымызда өз ұлтымызға деген осындай жанашырлық бой көрсетіп жатса,  сөз жоқ, тіліміз де, діліміз  де қазіргіден әжептәуір  алға басар еді. 
Ұлттық мүдде, ел дегенде осындай намысты ойлармен алысумен болатын текті азаматтың тағы да өзі басқаратын мектебіне тоқталсақ,  еңбегі адал, әр жылы жемісті. 292 орындық мектеп бұл күнде шәкірттерге лық толы. Оның бір емес, бірнеше жыл қатарынан оқу-тәрбие жұмыстарына тарлық етіп отырғандығы да шындық. Ауданда жаңа қазақ мектебін салу туралы әңгіме қозғалғанда да, қиғаш кеткен тұстар болған. Елдің үлкендері әу баста бұрынғы аудан әкімі  жаңа мектептің қала шетіндегі  қазіргі орны туралы ұсыныс жасағанда, үнсіз келіскен деген әңгіме бар. Соның зардабын енді салына қалса, қолайсыз жерде тұрған мектепке қиындықпен қатынайтын кейінгі ұрпақ көргелі отыр.
Жомарттың өзі тарих пәнінің маманы. Содан да болар, халқымыздың өткен-кеткен қилы тағдырына да жетік. Осындай-осындай көңіл шерін қозғап қойып, ендігі әңгімесін мектептің  өз тыныс-тіршілігіне әкеліп тірейді. Биыл бұл білім ордасын 44 бала бітірген. Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа көрсеткіштің 84,6 балдан айналуына қарағанда, олар сүйікті мектебіне кір келтірмеген. Оны басшы өз ұжымының ұлағатты істерімен байланыстырады. Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Жанаргүл Қожахметова, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған Айман Қанабаева, шәкірттері халықаралық пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінген Зәуреш Шәкиева, Айгүл Жылқайдарова, қазақша күрестен «Ақмола барысы» Нұрлан Жамаловты тәрбиелеген Бекім Жапар, тағы басқа да ұстаздар ұжымның  алтын діңгегі дейді.
Мектеп алдында арнайы жасалған стендте екі оқушының үлкейтілген  суреті  тұр. Олар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алты  мемлекеттің  оқушылары қатысқан халықаралық олимпиадада бірінші орынды жеңіп алған Айдана Шәймерденова мен Ахмет Яссауи атындағы республикалық конкурстың жеңімпазы Мәден Лашын. Мектепке кіріп бара жатып, ол суреттерге қарап өтпейтін үлкен-кіші жоқ. Біз де қызығушылық танытып жатырмыз. Тауып кеткен шешім екен дейміз іштей. Расында, балалар осы арқылы жақсы оқудың  не екенін біледі, суреттегі қатарластарына қарап, өз ойлары мен  бойларын түзейді.
Осында болған аз ғана уақытта артық-ауыс жылтырақсыз, өз жұмыстарын ғана білген салиқалы ұжымды көріп, көңіліміз тоғайғанын да айта кетуіміз керек. Қарапайымдылық,  түсіністік бар жерде, шәкірт те осыдан үлгі алып өседі. Жомарт Жамбылұлы Қайырымденовтай абзал азаматтың жетекшілігімен жас ұрпақты нағыз елін сүйер ұлан болуға баулып жатқан бұл ұлттық мектептің  алда да айы оңынан туа береріне  сеніміміз мол.

Қ.КӘКЕНОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар