Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тағдыр - АРҚА АЖАРЫ

Тағдыр

Шамаң келсе ауырма. Аурудың азабын тартудан асқан қиямет-қайым жоқ шығар. Иә, Ербол да дәл солай ойлайды. Тепсе темір үзетін шағында ол төсек тартып жатқанына налиды. Өзін-өзі жұбата ма, әлде анасын сары  уайымға салғысы келмей ме, әйтеуір «бәрі жақсы болады» дейді. Ал, баласының шыбын жанының шырқырап қиналғанын көру әрбір ата-анаға оңай емес. Ұйқысыз-күлкісіз қаншама күн мен түн өтті. Уыс-уыс дәрі, сағат сайын салынатын уколдардан да әбден мезі болды. 

Бүгін ана мен бала ұзақ әңгімелесті. Бір-біріне сырларын ақтарғандай. Ана мен баланың махаббаты таза, пәк күйінде сақталыпты.  Өзі де ақкөңіл, жылы жүзді, сабырлы азамат. Бүгін де дәл сол қалпынан еш айныған емес. Тек көзінен мұңның табы, сөзінен реніштің күйі аңғарылады. Тағдырының жазуына қапаланады. Бірақ, жігері жасымаған, қайраты қажымаған.
–Апа, бала күнімде мен қиянқы едім ғой,  –дейді Ербол.
–Әрине, есімде құлыным, – дейді анасы, – бала кезіңде бүлдіргіш едің ғой.
–Ауылды сағындым, үйге барғым келеді.
–Денсаулығың жақсарған соң әрине, барамыз. Қазір ем-дом алуың керек.
–Ауылдың бір жұтым саф алтындай таза ауасымен тыныстасам ғой, шіркін.
Ербол осыны айтып, ауыр күрсініп алды. Ол небәрі 25 жаста ғана еді.  Аурумен қанша күрескенімен, тағдырдың жазуына еш төтеп бере алмады.
 Баласының ауыр қазасынан кейін ана бір байламға келді. Ұлының бүйрегін көмекке зәру бір сырқатқа сыйлады. Бірақ, ақшаға сатқан жоқ. Ананың махаббаты шексіз ғой. Ол тағы бір адамға бақыт, бақыт дегенің не, өмір сыйлады.
Бұл күнде медицина даму үстінде. Медицина саласында да тосын жаңалықтар, тың құбылыстар баршылық. Бүгінде бүйрек, бауыр, жүрек ауыстыру ретінде донорлық көмекке мыңдаған адам мұқтаж. Жалпы, «донор» сөзі латын тілінен аударғанда «тарту, сыйлау» деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, донорлық көмек – адам өмірін сақтап қалудың дәлелі болып саналады.
Бүгінде адам ағзасын ауыстыруға қажеттілік арта түсуде. Өмір сүру белгісінен айырылған адамның немесе мәйіттің жүрегін, бүйрегін немесе бауырын туған-туысқандарының келісімімен жаны қиналған басқа бір сырқатқа ауыстыру біздің отандық медицинада да даму үстінде. Бұл тәжірибе шетелдік медицинада әлдеқашан жүзеге асқан.
Жуырда облыс орталығына жұмыс сапарымен республикалық трансплантация жөніндегі үйлестіру орталығы директорының орынбасары Жұмат Бапаев келіп, «Қазақстандағы трансплантология, оның даму бағыты мен деңгейі» атты тақырыпта дәрігерлермен кеңінен әңгіме өрбітті. Ол әр облыста трансплантация жөніндегі үйлестіру орталықтарын құру арқылы ағзалық донорлық пен трансплантацияны ұйымдастыратын мамандарды көптеп жұмысқа тартып, халықпен тығыз байланыс ісін жолға қою керек дейді. Өйткені, бүгінгі таңда бүйрек, бауыр, жүректі ауыстыруға мыңдаған адам мұқтаж көрінеді. Ал, донор табу өте қиын. Себебі, қаза тапқан, я болмаса әл үстінде жатқан сырқаттардың туыстары ағзалық мүше беруге келіспеулері мүмкін. Сондықтан, ол адам мүшесін сыйға тартудың маңыздылығын айтып, тұрғындарды донор болуға шақырады.
Донорлық көмек туралы көбі білмеуі мүмкін. Ол үшін тұрғындар арасында транспланталогия жөнінде кеңінен әңгіме өрбітудің де маңызы зор. Жалпы, Ислам дінінде адам мүшесін біреуге сыйға тарту рұқсат етіле ме? Осы сауалдарды имамдарға да қойған болатынбыз.
–Бұл мәселе төңірегінде ғалымдар екі түрлі көзқарас ұстануда. Адамның тағдырына ешқашан бейжай қарауға болмайды. Сондықтан, көмекке мұқтаж адамды қолдау қажет. Бірақ, біздің ата дінімізде адам мүшесін саудалауға болмайды. Адамның тағдырын тәрк етіп, дене мүшесін сатуды бизнес көзіне айналдыру Ислам дініне жат қылық, – дейді Науан хазірет атындағы орталық мешіттің наиб имамы Серік Халықов.
Ертеректе  сырқаттар күрделі ота жасату үшін шет елдерге барып, ем-дом алуды қол жетпес арманға балаушы еді. Қазір отандық медицина дамып, шетелдің білікті дәрігерлері де біздің мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеуде. Қазақстанда трансплантациялық ота жасау даму үстінде. 2012 жылы шетелде ем-дом қабылдауы тиіс 99 науқасқа отандық клиникаларда ота жасалған. Жүрекке ота жасату үшін бұрын науқастар дамыған елдерге барса, қазіргі таңда елімізде де мұндай мүмкіндіктер бар. Мамандардың айтуынша, мемлекет донорлық бүйрек ауыстыруға әжептәуір шығындалады. Мұндай донорлық мүше ауыстырудың құны 1739057 теңге тұрады. Біздің облыста да трансплантациялық ота жасау кезегінде тұрғандар аз емес көрінеді. Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Қайыр Әбдірахманов бізге облыс бойынша бүйрек, бауырға трансплантациялық ота 3 балаға қажет екенін айтты. Соның бірі Жалғас Жарылғас. Жалғас қазір 7 жаста. Ол Зеренді ауданына қарасты Қанай би ауылының 1 сыныбында оқиды. Дәрігерлер оған бауыр фиброангиамотозы диагнозын қойып, бауырды алмастыру қажет деп шешкен. Жалғастың анасы Әлия Жарылғасова мемлекеттік квотаны тосып  отырғандарын айтты. Бірақ, ол квота қай уақытта берілетіні белгісіз. Тіптен 8-10 жылға дейін тосулары мүмкін. Өйткені, бауырды алмастыруға келісімін беретін донор табылмай отыр. Ал, әке-шешесі Жалғасқа донор бола алмайды. Анасының денсаулығы, әкесінің қан тобы сәйкес келмейді екен. Бауыр еті баласының жағдайына алаңдаған ананың көкірегі шемен-шерге толы. Ол қайырымды жандардың табылатынына зор үміт артады. Баласының сауығып кетуін бірінші Алладан, екінші адамнан тілейді. Донорлық көмек ізгілік пен қамқорлықтың бір түрі. Сондықтан, қоғамда мейірімді де ізгі ниетті, қамқор жандардың барына біздер де сенеміз.
 Донор болуға келісімдерін беретіндердің дені науқастардың ата-анасы, бауырлары, туыс-туғандары болып табылады. Алайда, дәрігер мамандар олардан гөрі мәйіттен ағзалық мүшені алуды құптайды. Өйткені, сау адамның ертеңгі күні мүгедек болып қалуы да мүмкін. Бұл орайда, күнкөріс қамымен дене мүшесінің саудаға салатын еріктілерден де сақ болу керек. Сондай-ақ, ғаламтордан да көрініс беріп қалатынындай, ондайлардың көбейе түспесіне ешкім кепіл бола алмайды. Жаны үшін ақшаға ағзалық мүшені сатып алатындар да табылады. Сондықтан, донорлық бизнес көзіне айналмауы тиіс.

P.S Аспанда аймен таласып, жымыңдасқан жұлдыз көп. Сол жұлдыздың ішінде біреуі ерекшеленіп-ақ тұр. Аспан аясында өзгеше жымың  қағып, алыстан мен мұндалап тұрғандай. Мен сол жұлдызды Ерболға ұқсаттым…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар