Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының Елорда төрінде қойған «Анамның ақ көйлегі» драмасы көрермендер көзайымына айналды.
«Өңірлердің Астанаға сыйы» бағдарламасы бойынша Астанадағы Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жерлестеріміз татар драматургы Шариф Хусайыновтың «Анамның ақ көйлегі» атты туындысын елордалықтардың назарына ұсынды. Шығарманың қоюшы режиссері –Мұхитжан Изимов, қоюшы суретшісі – Мұрат Мақсұтұлы. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры бұл пьесаны репертуар қорына 2009 жылы енгізген болатын.
– Астанаға актерлерді театр басшысы Марал Жақыпова бастап барды. Әрине, Елорда төрінде қойылым қоюға бара жатқанда, халық қалай қабылдайды екен деп аздап жүрексінгеніміз де рас. Ал, астаналық көрермен қойылымды зейін қоя тамашалап, өте жақсы қабылдады. Тіпті, спектакль аяқталған соң жиналған қауым қол шапалақтап, актерлерді сахнадан жібермей, ұзақ уақыт тұрып алды. Қойылымды тамашалауға келген зиялы қауым өкілдері оң пікірлер айтып, ризашылықтарын білдірді. Осы бағдарлама алдағы уақытта да жалғасын тапса игі еді, – дейді Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі Фархадбек Қанафин. Қашанда залды көрерменге лық толтыратын бұл спектакльдің басты рөлін, яғни, ананың бейнесін Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жібек Бағысова сәтті ойнап шықты. Сонымен қатар, Мақсұттың образын Төлеубек Көңбай, Айманды – Айна Жүнісова, Исламды – Жарас Қалдаров, Майраны – Гүлмира Жакилина, Ынсапты – Қайрат Мырзаболатовтар да шынайы сахналай алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.