Облыс әкімі Сергей Кулагин Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы №19 орта мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығының ашылу салтанатына қатысты.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Гүлнәр Досаева, бірқатар облыстық басқармалардың басшылары, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және ата-аналар қатысты. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығы «Дара» қайырымдылық қорының қаржыландыруымен, облыстық, қалалық әкімдіктер мен облыстық білім басқармасының қолдауымен ашылды. Бұл «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз! Біз инклюзивті қоғамды қолдаймыз!» атты жоба шеңберінде жүзеге асырылды. Аталмыш жоба Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатына сәйкес инклюзивті қоғамды дамыту мақсатында жарымжан балалардың мүмкіндігін кеңейту бағытында жұмыс істеуде. Жобаның бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры болып табылады. Салтанатты шара барысында облыс әкімі сөз алып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
–Қазіргі таңда балалар үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі балалар мамандардың жіті бақылауында болып, психологиялық-педагогикалық көмек алады. Әрбір бүлдіршін бақытты болуға лайық. Сондықтан сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін, – дей келе облыс әкімі Сергей Кулагин жаңа ашылған орталыққа 5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, ол «Дара» қайырымдылық қорына зор ризашылығын білдірді. Өз кезегінде қор құрылтайшысы Гүлнәр Досаева да сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып өтті. Мұндай орталық бұған дейін Астана, Қарағанды қалаларында ашылған көрінеді. Мекеменің толық іске қосылуы үшін 30 миллионнан астам теңге жұмсалған. Орталықты материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, педагогтарды арнайы тәжірибеден өткізу, реабилитациялық құралдармен жабдықтауды қор өз жауапкершілігіне алып отыр. Әдістемелік оқулықтар мен педагогтардың төрт айлық жалақысы да аталмыш қордың есебінен қаржыландырылады. Жиын барысында қор құрылтайшысы жүріп-тұру мүшелерінің функциялары бұзылған балаларды тасымалдау үшін орталықты инватаксимен қамтамасыз ететіндерін айтып, көңілге қуаныш ұялатты. Орталықтың ішін аралап көрген облыс әкімі сол жерде облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасароваға әрбір аудан орталықтарында коррекциялық сыныптар ашып, бұл мәселені назарда ұстауға нұсқау берді.
Жиын барысында ата-аналар да қуанышты сәттің куәсі болып, өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді. Ата-аналардың бірі Құндыз Әбілмәжінова үш жастағы ұлы Нұрәліні аптасына екі рет психологиялық-педагогикалық түзету орталығына әкелу мүмкіндігі туып отырғанын айтты. Тәжірибелі мамандардың көмегімен баласының сауығып кетуіне сеніммен қарайды.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету орталығының меңгерушісі Светлана Лобурь Көкшетау қаласы бойынша 150 бала логопед маманның көмегіне зәру екенін, оның тек 45-іне ғана нақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Енді жыл сайын психологиялық-педагогикалық түзету орталығында мүмкіндігі шектеулі 100 балаға тегін, сапалы, кешенді қызмет көрсетіледі. Мекемеде педагог-психолог пен әлеуметтік педагог, логопед, дефектолог, коррекциялық кабинеттер жұмыс істейді. Бүлдіршіндер үшін арнайы ойын бөлмесі де бар. Кабинеттер заманауи оңалту құралдарымен, Монтессори материалдарымен жабдықталған.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.