Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әркімнің тағдыры өз қолында - АРҚА АЖАРЫ

Әркімнің тағдыры өз қолында

Адам атаулының  тыныс-тіршілігі мен тағдыр талайы әр түрлі екен. Біреу сан қилы шытырман жолдардан, соқпақтардан өтіп барып қана бақыттың бал-шәрбатын сезінеді, енді бірі үлде мен бүлдеге оранып, басына қонған бағын өз қолымен сорлатып, гүл өмірін күлге айналдырып, бастарын тауға да, тасқа да ұрып, бейшаралықтың күйін кешіп жүр.

Енді біреулері жоғарыда аталған екеуіне жатпайтын, өзінің қолындағы барын қанағат еткен бақытты жандар. Иә, адам біткеннің тағдыры бірдей емес.
Таңертең есік алдына таза ауамен тыныстауға шыққан кезде, қоқыс салғыш темір жәшіктің маңында тұрған екеудің әңгімесіне құлақ түруге тура келді. 
– Бүгінгі күніміз берекелі  болды-ау.
– Иә, бұл кешегі өткен мерекенің «берекесі» де. Қолымыздағы пакеттерді толтырдық, енді осыны бір-екі күн тіске басармыз, ә?
– Адам баласы қызық, бір күндік мейрам үшін осыншама ас та төк дайындалады. Ысырап етеді, – деп әлгі екі әйел темір жәшіктен алыстап бара жатты. Өзіміздің қаракөздеріміз екен. Қайда баратындарын көрейін деп, соңдарынан еріп едім, сақалау келгені секемденіп, екіншісіне ымдап, иегімен мені нұсқады. Мен оларды байқамағансып тоқтап қалып, телефоныма үңілдім, біреумен сөйлесіп жатқандай сыңай таныттым. Сөйттім де, олардың артынан қарап тұрдым. Екеуі көп қабатты үйлердің арасымен кетіп бара жатты.
Мектеп бітіріп, арнайы мамандық алып, өз күнімді өзім көрем деп тырысып, алға ұмтылып жүрген азаматтарды көргенде сүйсінесің, қуанасың. Ал, қолындағы барынан айырылып, көше кезіп, бүгін маған қай жерден қандай дәм бұйырады екен деп тентіреп, қоқыс маңын жағалаған тепсе темір үзетін азаматтарды көргенде ішіңді ашу-ыза кернейді, бір жағынан аяушылық сезім де туындайды.
Қазіргі таңда қаншама тағдырлар осындай күйге банктардан несие алудың салдарынан ұшырап жатыр. Солардың бірі – Жарқын есімді жігіт.
– Осыдан төрт жыл бұрын үй сатып алу үшін банктен сегіз жылға несие алғанмын. Ай  сайын  65 мың теңгеден төлеп тұруым қажет еді. Адам деген темір емес қой. Ұзақ уақыт сырқаттанып қалдым. Келіншегім екі жылдан бері бала күтімімен үйде отыр.  Өзімнің қатты сырқаттанғаныма бір жарым жылдай болып қалды. Банктен үйге күніне екі-үш рет хабарласатын. Несиенің пайызы күн сайын өсіп жатты. Сот арқылы үйіңді тартып аламыз деп қорқытты, –деп ашынады ол. Түңілген сәтінде оны «осы үйді алмай-ақ қойсам да қайтер еді?»– деген ойлар жиі мазалаған көрінеді. Содан бастап Жарқын сырқатына қарамастан, ішімдікке салынған көрінеді. Тіпті, оны алқам-салқам киінген бір маскүнемнің қасында отырғанын көрдім. Жаным ашыды. Адамның азғанын көру саған да оңай соқпайды екен. Ол дүниеге келгенде «баламның болашағы жарқын болсыншы, ешнәрсеге мойымасыншы, мақсатына жететін азамат болсыншы» деп те ата-анасы есімін Жарқын қойған шығар.
Жарқынның келіншегін баласымен ата-анасы төркініне алып кетті. Өйткені, кешегі сот отырысында үйі банктің меншігіне өтті. Жарқында енді отбасы да, үй де, жұмыс та жоқ. Бәрінен айырылған соң, қаладағы туысқандарының үйінде түнеп жүрді. Сондайда бір-екі рет жеңгесінің «мына бір ауру інің үйімнен шықпай қойды, қашан кетеді» деп,  ағасына айқайлап жатқанын естіп қалды. Содан бері ол ағасының үйіне баруды мүлде доғарды. Қыстың қақаған аяздарында кейбір үйдің босағасында, болмаса ауладағы жылу құбырларында ұйықтайтынды  шығарды. 
Қазір ол бұдан әрі шегінер жер жоқ екенін біліп, өз-өзін зорлап ішімдік ішуді қойды, бірақ күн сайын денсаулығы нашарлап, сырқаты сыр беріп келеді. Өзі қаншама тырысып бақса да, денсаулығының салдарынан тапқан жұмыстарынан да айырылып қала береді. Өңі қуарған, жүзі де солыңқы.
Жақында Ұлттық Банктің төрағасы Қайрат Келімбетов бір сұхбатында:
– «Несиені алған адам оны қайтаруы тиіс» деген еш дауға түспейтін, міндетті нәрсе. Себебі, тұтынушы несие алған кезде өзінің несие алуға деген талабын білдірді, несиені алуға өзі тапсырыс берді, демек, бұл банк пен азаматтың арасындағы азаматтық қарым-қатынас. Қазіргі күні несиесін қайтара алмай отырғандар арашаны Ұлттық Банктен сұрап келеді. Бірақ, бұл арада Ұлттық Банк банктерге несиені кешіруге міндеттей алмайды. Өйткені, мұның өзі әділетсіздік. Біреулері алған несиесін төлейді, ал, екіншілерінің қарызы кешіріледі делік, сонда ол не болады? Рас, кейбіреулер түрлі себептермен өз несиесін төлеуге қабілетсіз болып қалады. Сондықтан, оларға қарызын төлеу уақытын ұзарту және басқа қандай да бір жеңілдіктер жасауға біз банктерге ұсынысымызды жеткіздік. Банктерге әр несие алушының өзіндік тарихына үңіліп, жағдайын дұрыстап талдап, мәселені жіті қарастыруын ұсынып отырмыз, – дегені бар. 
Шынымен де, несиені алуын алып, бірақ, уақыт өте белгілі бір себептермен төлеуге жағдайы болмай қалғанда, қатты қиналатын жұртшылық жеңілдіктер іздестіре бастайды. Бір банктің несиесін екінші банктен несие алу арқылы жауып, одан сайын қарызға белшесінен батады. Ал, ертең не болары тек Алла тағалаға ғана аян. 
Тағы біреулер осы несиенің арқасында күн көріп, тапқан-таянғанын банкке төлеп жатыр.
– Денсаулығың болмаса, ешкімге керек емес екенсің ғой, тіпті туған бауырым да іздемейді, мүмкін жеңгем жібермейтін шығар, – деп Жарқын да не істерін білмей сандалып, ауылға, өзі туған қара шаңыраққа кетуді ойластырып жүр…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар